Батыстың бірқатар бұқаралық ақпарат құралы Украина сарбаздарының Киев ауданын толық азат еткенін хабарлады. Ресей сарбаздары Украинаның солтүстік бөлігінен жаппай кетіп жатыр. Түркия қоршауда қалған Мариуполь қаласынан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін кемелерін ұсынды. Бүгінгі мақаламызда демалыс күндері Украинадағы ахуалдың қалай өзгергені туралы айтпақпыз.
Украина қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр Facebook желісінде Киев облысы ресейлік әскерлерден толығымен азат етілгенін мәлімдеді. «Ирпень, Буча, Гостомель және бүкіл Киев облысы басқыншыдан азат етілді», деп жазды А.Маляр. Дегенмен бұл туралы президент Зеленскийдің әкімшілігі ресми хабарлаған жоқ.
Әйтсе де, әлеуметтік желілерде Ирпень, Буча, Гостомель қалалары көшелерінен видеолар жариялана бастады. Онда Украина сарбаздары соғыс өрті шарпыған өңірлерді аралап жүр. Бұдан бөлек, Чернобыльдегі атом электр стансасында Украина туы қайта көтерілді.
Сондай-ақ Украина тарапы Изюм қаласынан айырылып қалғанын мәлімдеді. Ресей шаһарды басып алғаны туралы 24 наурызда хабарлаған еді. Бұл қалада кескілескен ұрыс жүріп жатқанын бірқатар бұқаралық ақпарат құралы жариялаған болатын.
Азат етілген аймақтардан таратылған кадрлар жан шошытады. Өліп жатқан бейбіт тұрғындардың мүрдесі әр жерден кездеседі. BBC арнасы Киевтің батысындағы Житомир бағытындағы жолда өлгендердің көп екенін хабарлады. Мәселен, 200 метр қашықтықта журналистер 13 адамның мүрдесіне кезіккен.
«Көліктің жанында әбден күйген қалдықтар жатыр. Солардың бірі ер адам екенін анықтау қиынға соғады. Оның саусағында неке жүзігі бар. Көліктің ішінде (дәлірек айтқанда, көліктің қалған қаңқасында) әйелдің жанып кеткен денесі жатыр. Оның аузы ашық. Ол ақырғы сәтке дейін айқайлаған секілді», деп жазады оқиға орнына барған BBC журналистері.
Қаза болғандар – Иовенко отбасы. Максим мен Ксения 7 наурызда Киев маңындағы әскери қақтығыстан қашып бара жатқанда ресейліктер оларды атып тастаған. Бұл сәт Украина сарбаздары ұшырған дронның видеосына жазылып қалған көрінеді. Иовенко отбасы мінген көлікте олардың алты жасар ұлы мен қарт анасы да болған екен. Ресей сарбаздары оларды тұтқынға алып, кейін босатқан. Құдай сақтап, бала мен қария аман қалған. Бүгінде олар қауіпсіз аймаққа жеткізілген.
Түркия Ресей әскерлері қоршауға алған украиналықтарды Мариупольден эвакуациялау үшін кеме беруді ұсынды. Қазіргі таңда қалада қиян-кескі ұрыс жүріп жатыр. Шаһар қоршауға алына бастағалы ондағы тұрғындардың көпшілігі шығып үлгерген еді. Бірақ бүгінде қалада 150 мыңға жуық тұрғын қалған. Қаладағы гуманитарлық апатты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
New York Times газетінің хабарлауынша, АҚШ әкімшілігі НАТО одақтастарымен келіссөз жүргізіп, Украинаға Кеңес Одағынан қалған танктерді беру мәселесін талқылап жатыр. Бұл туралы басылымға Ақүйдің ресми өкілі хабарлаған. Газет келтірген мәліметтерге сүйенсек, танктер жақын арада беріледі. Бірақ нақты қашан, қанша көлемде екені жөнінде ресми өкіл ештеңе айтпаған. Жалпы, Польшада 500-ден астам модернизацияланған және жаңартылмаған Т-72 танкі бар. BBC арнасының пайымдауынша, сөз Польша туралы болуы мүмкін.
Украина президенті Володимир Зеленский америкалық Fox News телеарнасына сұхбат берді. Сұхбат барысында Зеленский бірқатар маңызды мәселе туралы сөз қозғады. Атап айтқанда, Украина өз территориясын саудаламайтынын, аумақтық тұтастық пен егемендік мәселесі талқыланбайтынын мәлімдеді.
«Шындықтың жеңісі – Украина мен украиндықтардың жеңісі. Мәселе соғыстың қашан аяқталатынында. Бұл терең сұрақ. Бұл ауыр сұрақ. Украин халқы жеңістен басқа еш нәтижені қабылдамайды», деді Зеленский.
Сондай-ақ ол НАТО туралы сөз қозғап, Украина ұйымға кіре қалғанда одақ әлдеқайда күшейетінін атап өтті. Бұдан бөлек, Зеленский АҚШ-тан тағы да зымырандар мен ұшақтар сұрады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссариаты Украинада 3 257 бейбіт тұрғынның қаза тауып немесе жарақат алғанын хабарлады. БҰҰ келтірген деректерге сәйкес 1 267 адам бақиға аттанған. Украинаның Донецк және Луганск облыстарының бақылауындағы аумақта 358 адам өмірмен қоштасып, 772 адам жараланған.
Литва үкіметі бұдан былай Ресейден газ сатып алмайтынын хабарлады. Аталған елдің мұндай шешімге келуіне Кремльдің жанармай ақысын рубльмен төлеуді талап етуі мен Украинаға басып кіруі себеп болған. Литваның энергетика министрлігі сәуір айынан бастап Ресейден газ импорты толығымен тоқтатылғанын мәлімдеді. Енді қажетті көгілдір отын Клайпеда теңізі терминалы арқылы сұйытылған күйде жеткізілмек.
«Біз «Газпромнан» газ сатып алатын Еуропалық одақ елдерінің арасынан алғашқы болып осындай қадамға барып отырмыз. Бұл – көп жылғы мақсатты энергетикалық саясаттың және дер кезінде қабылданған инфрақұрылымдық шешімдердің нәтижесі», деді Литваның энергетика министрі Дайниус Крейвис.
Сарапшылардың айтуынша, ресми Вильнюстің Ресейден газ алудан бас тартуына таңғалудың қажеті жоқ. Өйткені Литва мұндай қадамға баруға ертеден кірісіп кеткен. Мәселен, 2014 жылы Клайпеда теңізі терминалы ашылған еді. Жобаның жалпы құны 101 млн еуроға жетті. Сондай-ақ бұдан бөлек норвегиялық Hoeg LNG компаниясына жыл сайын 56 млн еуро төлеп отыр. Бұл қаражат Independence кемесінің өтемі ретінде беріледі. Осы Independence арқылы Вильнюске сұйытылған газ жеткізіледі. Былтыр Литва газдың үштен біріне жуығын «Газпромнан» сатып алған. Дегенмен бұл кейінгі кезде Ресейден келетін көгілдір отынға тәуелділікті айтарлықтай төмендетті. Енді міне, «Газпромнан» мүлдем бас тартып отыр.
АҚШ сауда министрлігі Ресей мен Беларусьтегі аэроғарыш, теңіз, электронды салаларға қатысы бар 120 компанияға санкция салды. Ақ үйдің коммуникациялар жөніндегі директоры Кейт Бедингфилд жаңа шектеулер Ресейдің қорғаныс, ғарыш және теңіз секторларын әлсіретуге бағытталғанын атап өтті. Ақүй тарапы санкция салынған компанияларды экономикалық және стратегиялық тұрғыда Ресей үшін маңызды деп есептейді.
«АҚШ үкіметінің анықтамасына сәйкес бұл ұйымдардың әрекеті ұлттық қауіпсіздік немесе сыртқы саясат мүдделеріне қайшы келеді», делінген сауда министрлігінің құжатында.
Украинада ЮНЕСКО мәдени мұра деп таныған 53 нысан қираған. Бұл туралы France Presse агенттігіне ұйым өкілі мәлімдеді. Ұйым спутниктен түсірілген суреттерді, Украина билігінің деректерін үздіксіз тексеріп отырған көрінеді. Алайда ЮНЕСКО өкілдері қираған мәдени мұралар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін айтады. Ресей Украина жеріне басып кіргелі бері Киев, Харьков және Чернигов облыстарында 29 ғибадат орны, 16 тарихи ғимарат, төрт ескерткіш пен төрт мұражай бүлінген немесе толықтай қираған.
Ресей басып алған Украинаның бірнеше қаласында қарсылық акциялары өтті. Киев билігі ресейлік сарбаздар бейбіт тұрғындарға оқ атқанын айтып айыптады. Әсіресе Энергодар қаласында сарбаздар бейбіт шерушілерге оқ жаудырған. Соның салдарынан 4 адам қаза тапқан. Жалпы, Ресей әскерлері наурыз айы басталғанда Еуропадағы ең ірі атом электр стансасы орналасқан Энергодар қаласын бақылауға алған еді. Содан бері онда қарсылық акциялары бірнеше рет өтті.
Сонымен қатар Ресейде де соғысқа қарсы шерулер өтті. Елдің 17 қаласында болған наразылық акциялары кезінде полиция 200-ге жуық демонстрантты ұстаған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, Санкт-Петербургтегі наразылық акциясын түсіріп жатқан екі журналистің жұмысына курсанттар кедергі келтірген.
The Guardian басылымы Украинадағы жан шошытарлық тағы бір оқиға туралы жазды. Газет келтірген мәліметтерге сүйенсек, Ресей сарбаздары өз күштерін қайта топтастыру кезінде балаларды қалқан ретінде пайдаланып, әскери техниканың алдына отырғызып қойған. Мұндай деректерді Киев және Чернигов қалаларының маңын мекендеген тұрғындар айтқан.
«Балаларды қалқан ретінде пайдалану оқиғалары Сумы, Киев, Чернигов, Запорожье облыстарында тіркелген», дейді Украинаның адам құқықтары жөніндегі омбудсмені Людмила Денисова.