• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Сәуір, 2022

Батыс Қазақстан облыстарында «Бекіре» акциясы басталды

1586 рет
көрсетілді

1 сәуір мен 31 мамыр аралығында Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында «Бекіре-2022» кең ауқымды балық қорғау акциясы өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахияновтың айтуынша, биыл негізгі күшті Каспий теңізінің жағалауы мен акваториясында, Атырау облысындағы Жайық пен Қиғаш өзендерінің сағалық айдындарына шоғырландыру жоспарланып отыр.

«Акцияның мақсаты – бағалы бекіре тұқымдас балық түрлерінің уылдырық шашу орындарына қоныс аударуын қамтамасыз ету. Екі айлық акция кезінде Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары құқық қорғау, табиғат қорғау органдарының және ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, табиғат заңнамасының сақталуын қадағалайды. Батыс өңірдегі үш облыста 1 632 қызметкер, оның ішінде Атырау облысында – 874, Батыс Қазақстанда – 248, Маңғыстау облысында 510 қызметкер жұмыс істейді. Олар 92 қайық және шағын жүзу құралдарымен, 285 автокөлікпен қамтамасыз етілді», дейді Аян Бахиянов.

Оның мәліметіне сүйенсек, Жайық өзенінің жағалауында 19 бейнебақылау камерасы орнатылған. Ал шекарашылар радиолокациялық стасаның үш жиынтығын пайдаланады. Биыл «Атырау – РФ шекарасы», «Атырау – Орал» бағытындағы жолдарға стационарлық бекет қойылады.