2022 жылғы 4 сәуірде сағат 10:00-де «Өскемен-Рахман қайнары» учаскесінде (435 және 437 километр) көлемі 360 текше метр қар көшкіні өздігінен шығып кетті, деп хабарлайды Egemen.kz ШҚО ТЖД-ға сілтеме жасап.
«Қар массасы жолды толығымен жауып тастады. Жарақат алғандар жоқ. Қазіргі уақытта автожолда автокөліктің барлық түрлеріне шектеу енгізілді. Оқиға орнында «Қазавтожол» ЖШС техникасы жұмыс істеуде», деп хабарлады ТЖД.
«Қазселденқорғау» ШҚО филиалының мамандары ағымдағы қысқы кезеңде профилактикалық түсірулер шеңберінде 128 490 текше метрге жуық қар түсірген жұмыстарға қарамастан, облыста қар көшкіні қаупі сақталуда.
Естеріңізге сала кетейік, облыста 497 көшкін қаупі бар ошақтар бар, олардың 336-сы құрылыстарға, автожолдарға және адамдардың өміріне қауіп төндіреді.
Қазселденқорғау және ШҚО ТЖД мамандары көшкін қаупі бар ошақтардан өту кезінде тұрғындарға өте мұқият болу, олардың жанында тоқтамау, сондай-ақ дауылды ескерту кезінде тауға бармау қажеттігі туралы ескертеді.
Әзірге облыста дауылды ескерту 7 сәуірге дейін созылды.
Төтенше жағдай кезінде «112» нөмірі бойынша хабарласуға болады.