Қазақ даласының әр қиырындағы қызықты һәм таңғаларлық оқиғалар мен адамдарды, халықтың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, әні мен күйін зерттеген шетелдік ғалымдар мен өнертанушылар аз болған жоқ. Оған зерттеушілердің ұлт тарихына куә болған түрлі жазбалары дәлел. Мұндай еңбектер қазір де жазылып, басылып шығуда. Мәселен, жуырда ғана елордада британдық жазушы-саяхатшы Ник Фильдиңнің «Ұлы дала саяхатшылары: папа елшілерінен бастап, Ресей революциясына дейін» атты кітабының қазақ-орыс тілдеріне аудармасы таныстырылды. Автор өз жұмысын Қазақстан астанасына арнайы келіп ұсынды.
Бұл жинақта Батыс саяхатшыларының қазақ жерін зерттеу тарихы баяндалған. Еуропа мен Азияның түйіскен тұсында орналасқан қазіргі Қазақстанның аумағы әрдайым зерттеушілердің, көпестер мен саяхатшылардың назарын аударғанын білеміз. Көшпенділердің салқар даласы мен шөлі бойымен өткен Жібек жолын солтүстікке бағыттауға тырысқан алғашқы британдық саудагерлер Энтони Дженкинсон мен Джонас Хэнуэй еді.
Н.Фильдиң кітабында олардың қызықты оқиғаларын баяндап, Адель Оммер де Гелл, Люси Аткинсон және Мари де Уйфальви-Бурдон сияқты қазақ жерін зерттеген көрнекті саяхатшы әйелдер туралы да ой толғайды. Автор жинақ мазмұнына тоқтала келе: «Ұлы дала саяхатшылары» кітабы, бәлкім, соңғы мың жыл ішінде Ұлы Дала еліне саяхат жасаған тұлғалар туралы ағылшын тіліндегі тұңғыш тарихи шығарма болар. Туынды ұлы Шыңғыс хан мен оның ұлдарына жіберілген эмиссарлардан басталады. Көшпелі қоғамда ресми сақталған жазба деректер аз болды деп ойлаймын, сондықтан шетелдік саяхатшылардың жазбалары аса маңызды. Жазбалардың арқасында Қазақстанның тарихы жайлы тың деректерге қол жеткізуіміз мүмкін», дейді.
Тұсаукесер барысында Н.Фильдиң саяхат жасау кезінде зерттеушілердің ең қызықты әңгімелерін баяндап, ерекше фотосуреттерін көрсетті. Айта кетейік, кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасы Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің қолдауымен жарық көріп, 2020 жылы Лондондағы Корольдік географиялық қоғамда таныстырылған болатын. Ал Алматы облысының әкімдігі Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің бастамасымен қазақ-орыс тілдеріндегі жаңа басылымдарды былтыр аударып, жариялады.
Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов жинақтың Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай таныстырылғанын атап өтті.
Тұсаукесерге Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, QazaqGeography басқарма төрағасы Орман Нұрбаев, Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Кэти Лич, шетелдік дипломатиялық корпустың өкілдері, қазақстандық тарихшы-ғалымдар, этнографтар мен өлкетанушылар қатысты.
Н.Фильдиңнің кітабы Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жыл бұрын емес, бірнеше жүз жыл бұрын орнағанын дәлелдейді. Жалпы, саяхатшы бұған дейін «Ұлы даланың оңтүстігіне қарай: Томас пен Люси Аткинсонның 1847-52 жылдары Шығыс Қазақстан бойынша саяхаттары» атты тұңғыш кітабын жарыққа шығарды. Ол XIX ғасырдың ортасында Қазақстан аумағы бойынша саяхаттаған Томас пен Люси Аткинсонның Виктория дәуіріндегі зерттеушілерге арналған. Ник Фильдиң сондай-ақ Siberian Steppes блогын жүргізеді, әрі Жоңғар Алатауының шалғай тауларына атпен экспедициялар жасап жүр. Еске салсақ, 2016 жылдың жазында ол Томас пен Люси Аткинсонның он ұрпағын Шығыс Қазақстанға ата-бабалары алғаш рет 160 жыл бұрын барған жерлермен таныстыру үшін ертіп келген еді.