Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев 2022 жылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге дайындық барысымен, сондай-ақ осы жылы мемлекеттік қолдау шаралары бойынша қандай саясат жүргізілетіні туралы баяндап берді. Оның айтуынша, биылғы жалпы егіс алаңы 23,1 млн гектарды құрайды.
«Жемшөп дақылдарының алқабы айтарлықтай ұлғайтылды, ол ағымдағы жылы 3,6 млн гектарды құрайды. Бұл мал азығын мол өндіруге және мұқтаж өңірлердің қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ картоп, күнбағыс, көкөніс, яғни әлеуметтік дақылдар алқабы ұлғайтылды. Агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдаудың жаңа тәсілдері, оның ішінде цифрлы технологияларды пайдалана отырып, ауыспалы егісті сақтауға қатаң тәсілдеме көзделген» деді министр.
Оның айтуынша, жұмыстарды жүргізуге дайындық кезінде ауа райы құбылыстары ескеріледі. Маңызды міндеттердің бірі – топырақта ылғал жинау және оны ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шараларды жүргізу. Өңірлерде шамамен 3,1 млн гектар алаңда қар тоқтату екі ізбен жүргізілді, бұл 2021 жылдың тиісті кезеңінің деңгейінен 2,5 есе артық.
«Мемлекет басшысының көктемгі егісті өткізуге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің дайындығын қайта тексеру қажеттілігі туралы тапсырмасынан кейін өңірлермен фермерлердің тікелей қатысуымен кеңес өтті. Әрине, проблемалар бар, ең алдымен, әлемдегі оқиғаларға байланысты. Сонымен қатар әкімдіктер мен фермерлер егіс науқанын өткізуге дайындығын растады. Оңтүстік өңірлерге барып, көктемгі егіс жұмыстарын өзім қарап шықтым. Егіс жұмыстарын жүргізуге, ауыл шаруашылық тауар өндірушілерді тұқыммен, агрохимиямен, техникамен қамтамасыз етуге, қаржыландыруға байланысты барлық мәселені үйлестіру мақсатында Республикалық жедел штаб құрылды, оның құрамына барлық мүдделі органдар мен ұйымдар, сондай-ақ облыстар әкімдерінің орынбасарлары енгізілді», деді ведомство басшысы.
Егіс науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарында 144 мыңнан астам трактор, 4,7 мың бірлік өнімділігі жоғары егіс кешендері, 77 мың тұқым сепкіш, 221 мың топырақ өңдеу құралдары бар.
«Бір мезгілде бірнеше технологиялық операцияны орындайтын қазіргі заманғы егіс кешендерін пайдалану дәнді дақылдар алаңдарының 70%-ына себуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Аталған техниканың дайындығы осы күнге шамамен 98%-ды құрайды. Жаппай егіс жұмыстарын жүргізу басталғанға дейін дайындық 100%-ға қамтамасыз етіледі. Биыл егіс жұмыстарын жүргізуге ақпан-маусым кезеңіне 400 мың тонна көлемінде дизель отыны бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мың тоннаға артық. Жеткізу, сақтау және сату бойынша облыс операторларының шығыстарын ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін орташа баға 200 теңге/литрді құрайды (АЖҚС-да баға 230-дан 260 теңге/литрге дейін). Бұл орташа алғанда 15%-ға арзан. Қазіргі уақытта бекітілген кестеге сәйкес аграршыларға отын жөнелтуді жүзеге асыруда», деді министр.
Бұған дейін БАҚ-та бірнеше рет хабарлағандай, Ресейден дәнді дақылдарды жеткізу проблемасы қалыптасты. Мұның себебі – Ресей тарапының дақылдарды экспорттауға тыйым салуы. Бұл тұқымдар бізге сортты жаңарту және ауыстыру үшін қажет екенін ескере отырып, мәселе Премьер-министрлердің орынбасарлары деңгейінде көтеріліп, нәтижесінде Ресей Федерациясының Үкіметі тұқымдарды әкетуге тыйым салуды алып тастады. Оны рұқсат беру тәртібіне ауыстыру туралы шешім қабылданды.
«Қазір рұқсат беру тәртібі әзірленді, жақын арада бекітіледі. Ресейден әкелінетін тұқымдар солтүстік өңірлерге дер кезінде, көктемгі дала жұмыстары басталғанға дейін шаруаларға жеткізіледі. Тұқым шаруашылығын қолдауға ағымдағы жылы жергілікті бюджеттерде 11,8 млрд теңге көзделген. Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша, биыл шамамен 670 мың тонна енгізу жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 43,7 мың тоннаға артық. Бүгінгі таңда тыңайтқыштарды жеткізуге келісімшарт 290 мың тонна көлемінде жасалды. Барлық өңірде минералды тыңайтқыштарды жөнелту басталды, аграршыларға шамамен 149 мың тонна тыңайтқыш, оның ішінде оңтүстік өңірлерге 51,3 мың тонна тыңайтқыш тиелді. Қоймалардағы қорлар, соның ішінде импорттық тыңайтқыштар қалыптасты», деді министр.
Фермерлер тыңайтқыштардың, оның ішінде отандық тыңайтқыштардың қымбаттығы мәселесін көтерді. Үкімет тиісті жұмыс жүргізді, минералдық тыңайтқыштардың ірі өндірушісі – ҚазАзот компаниясы өндірілетін аммиак селитрасының құнын тоннасына 200 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылданып, 16 наурызда күшіне енді.
«Бүгінгі таңда аграршылармен жаңа құн бойынша келісімшарттар жасалуда. Бұл ретте әкімдіктер тарапынан субсидиялауға 27 млрд теңге қарастырылғанын атап өту қажет. Яғни сатып алынған тыңайтқыштар құнының 50%-ын мемлекет өтейді. Пестицидтерге келетін болсақ, олардың бағасы да өсті. 2020 жылға қарай пестицидтердің бағасы екі есе қымбаттады. Егер көктемде бағаның өсуі 70% болса, былтыр күзде бағалар 2 есе өсті. 2022 жылға арналған пестицидтерді субсидиялау бағдарламасына 29,7 млрд теңге көзделген. Бұл егіс алаңын 100% өңдеуді қамтамасыз етуге және сол арқылы қолайлы фитосанитариялық жағдайды сақтауға мүмкіндік береді», деді Е.Қарашөкеев.
Биыл көктемгі дала жұмыстарына 220 млрд теңге бөлінеді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ желісі бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына кредит беруге 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит бөлінді. Бюджеттік кредиттеудің жалпы сомасын 140 млрд теңгеге дейін жеткізу мәселесі пысықталуда.
«Бұл ретте қосымша 70 млрд теңге бойынша кредиттеу нормативі ұлғайтылады, бұл туралы фермерлердің өздері сұрады. Осы екінші 70 млрд теңге келгенде, норматив 23 мың теңгеден 54 мың теңгеге дейін көтерілетін болады. Форвардтық сатып алу шеңберінде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ 83,1 млрд теңгеден астам сомаға 466 өтінім түсті. 67,1 млрд теңге сомасына 292 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қаржыландырылды. Негізі, форвардтық сатып алуды қаржыландыру көлемі былтырғы 40 млрд теңгеден биыл 80 млрд теңгеге дейін көтерілді. Яғни көктемгі дала жұмыстарына былтыр 110 млрд теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 220 млрд теңгені құрайды», деді министр.
Өткен жылдан бастап министрлік АӨК субсидиялау тетігін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізді. Қолданыстағы субсидиялау жүйесін реформалаудың бірнеше нұсқасы дайындалды, олар жұмыс тобының отырыстарында бірнеше рет талқыланды. Алайда агроөнеркәсіп кешенінің дамуының тұрақтылығын сақтау мақсатында биылғы геоахуалды ескере отырып, субсидиялаудың жаңа тетігін енгізу мерзімі 2023 жылғы 1 қаңтарға ауыстырылды.
«Сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын алу кезінде ашықтықты қамтамасыз ету үшін бірыңғай мемлекеттік ақпараттық субсидиялау жүйесі әзірленді. Ол фермерлер үшін тегін болады және барлық негізгі мемлекеттік дерекқорлармен біріктіріледі. Жүйенің барлық іс-қимылдары автоматтандырылады. Бұл субсидияларды бөлу және беру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді», деді ведомство басшысы.
Жүйе Ақмола облысында пилоттық тестілеуден өтті, қазіргі кезде жүйені пысықтау бойынша жұмыстар аяқталуда.