• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Әдебиет 12 Сәуір, 2022

Зар мен тар

3691 рет
көрсетілді

Шығыс өлең үлгісінде қасида жанрының қазығын қағушы, негізін қалаушы, әйгілі «Сапарнама» кітабының авторы Нәсір Қысырау он бірінші ғасырда өмір сүріп, шығармашылық ғұмырында он бір мың бәйіт жазып, артында соның жүзге жуығы ғана қалған, хакім атанған ғұлама, шайыр.

Хакім, Памир халықтары пір тұтатын Нәсір Қысыраудың бәйіт­терінде Тараз шаһары жайлы да айтылған, оны ғалым Ис­лам Жеме­нейден оқыдық. «Са­парнама» кіта­бының 1933 жылы Е.Э.Бертельс аудар­ған нұсқасынан Нәсірдің жеті жылға созылған ұзақ сапарында Таразға соққаны, келгені, көргені жайлы мәлімет кездеспеді. Сирия, Мысыр, Арабия, Йеменді аралаған.

Алайда шайырдың бір бәйі­тінде:

«Тузи менен хәздиді

теңгер­мекті армандап,

Зарлай бердің

Тараздың тарындай сен»

деген екі жол бар екен.

Осы жолдардағы Тараз қаласы, ондағы тар (музыкалық аспап) аспабының зары жайлы сөзі ойландырады. Тараздың тарындай зарланған ақынға айтқан сөзі болса керек. Тар деген музыкалық аспапты Тараздан әм кезіктірген жоқпыз. Біздің ұлттық аспаптарымыздың да санатынан емес. Бірақ бұл ас­­пап өзге түркі халықтарында, оның ішінде әзербайжан халқында сақталған екен. Біз домбыраны қа­лай қасиет тұтсақ, бауырлас әзер­бай­жан халқы да тарды солай қастерлейді.

Низами Гәнжәуидің «Ескендір­нама» дастанында осы тар жайлы мынадай тамаша шумақ бар:

Müğənni, tək bircə gecə də çal tar,

Məni bu dar yolda əzabdan qurtar!

Bəlkə, genişlənsin, açılsın yolum,

Köçüm, bu daşlıqdan asudə olum...

Қазақшасы былайша болмақ:

Ей, әнші, бір-ақ түнге шал тар,

Бұл тар жолда азаптан құтқар,

Бәлкім, кеңіп, ашылар жолым...

Тарды «тарт» деп емес, әдейі Низамидегі «шалу» сөзін қолданып отырмыз. «Шалу» бізде күй шалу мағынасында әлі де қолданылады ғой. Кейін әзербайжанның тағы бір ақыны, саяси репрессия құрбаны Микайл Мүшфиқ те осы тар жайлы жазған екен.

Ей, таршы, шал, ойна,

Көңіліме сал, ойна, дейді.

Ең, ғажабы, тар түбірінің парсы тілінде мағынасы жоқ екен. Тар – түркі тілдеріндегі тарау, та­рам, тармақ, тарқату, тарақ сөз­дерінің түбірі. Тар – ішек, қыл деген мағына береді. Тар түбі­рі парсы тілінде өзге де сан есім­дермен бірігіп, жаңа сөз тудырады. Мысалы, дутар – екі ішекті аспап, сетар – үш ішекті аспап, чортар – төрт ішекті аспап. Тіпті гитара сөзінің өзі Еуропаға Тұран мен Иран арқылы барған. Гитараның да түбірінде түркі сөзі тұр.

Нәсір Қысыраудың заманы – Тараз шаһарының алтын заманы, күллі Шығыс шайырларына жыр болған заман. Сондықтан да Нәсір Тараз шайырлары, ойшылдары, сұлулары, жүйріктері, батырлары, шеберханалары, базарлары жайлы ғана емес, ондағы таңғажайып музыканың өркендеу кезеңі жайлы анық білген, оқыған, өзге де саяхатшылардан, керуеншілерден естіген болып отыр.

Шайырдың Тараздағы тар тартып, күй шалып отырған әлдебір сылқым сұлу, салқам жігіт турасындағы қиялының өзі бізге қанат бітіреді. Ал тардың үні – жүректі езердей...