Көші-қон мәселесі – ел өркендеуіне елеулі әсер ететін фактордың бірі екені белгілі. «Ел іші даудан, сырты жаудан аман болсын» деген бабалар ұлағатында үлкен мән бар. Себебі, шекара асқан шетелдіктер елімізге ағылған сайын оларға қатысты мәселелер де күрделене түседі.
Көші-қон мәселесі қай кезде де өзекті. Осыдан 5-6 жыл бұрын елімізден 376 мың адам шыққанына қарамастан, Қазақстанға қайтадан 377 мың шетелдіктің кіргені туралы ақпарат тараған болатын. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген сөздің астарына үңілсек, шетелден келгендердің дені өз елінде нәпақа таба алмағандықтан басқа мемлекеттердің шекарасынан өтіп, табыс табуға тырысады.
Ғаламторды ашып, іздеу тетігін басып қалғанымызда, бірер жыл бұрын жүргізілген сауалнамалардың бірі көзімізге түсті. Керек дерекке көз жүгірткенімізде шетелдік мигранттардың жартысынан астамы Қазақстанда тіркеусіз жүретіндігін аңғардық. Осыдан-ақ Қазақстанды «өз еліндей» көріп жүргендерге бақылаудың әлсіз, олардан салыққа түсетін табысты есептеудің кей жағдайда мәнсіз екенін түсінгендейміз. Жалпы сырттан келген жұмысшылардың ішкі жағдайға айтарлықтай әсер ететіні екі бастан мәлім. Мәселен, оңтүстікке Өзбекстаннан ағылған жұмысшылар жалданбалы құрылысшы ретінде бағаны «құлатқан». Осылайша өзін өзі жұмыспен қамтып жүргендерге «маңғыт, аузыңа саңғыт» деп жүргендері белгілі. Олардың пысықтығына кіжінген ауылдардағы ағайындар ызаға булығып, екі қолға бір күрек таппай қалатын кездері де болады. Қысқасы, заңсыз көші-қоннан туындайтын мәселе де, төнер қауіп-қатер де аз емес.
Соңғы деректерге сенсек, заңсыз келетін көшіп-қонушыларды қайтару және қабылдау процесін реттеу үшін бүгінгі таңда Қазақстан 17 елмен байланыс орнатқан. Атап айтар болсақ, Германия, Швейцария, Чехия, Латвия, Литва, Ресей, Өзбекстан, Норвегия, Беларусь, Мажарстан, Бенилюкс елдері, Молдова, Польша, Қырғыз Республикасы және Тәжікстанмен азаматтарын кері қабылдап алу туралы 15 келісім құжатына қол қойылған.
«Бұдан бөлек, алыс шетел мемлекеттерімен тағы 27 келісім жасасу процесі пысықталып жатыр. Сондай-ақ 2020 жылғы 11 қаңтарда күшіне енген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес, елімізде 30 тәулікке дейін болатын шетелдіктердің барлық санаттары үшін тіркеу толығымен жойылды», дейді ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Сабыржан Сейітжанов.
Көші-қон қызметі комитетінің мәліметінше, өткен жылы Қазақстанға 1 миллион 323 мың 906 шетелдік келген. Олардың 90 пайызы ТМД елдерінің, соның ішінде Өзбекстан, Ресей, Қырғыз Республикасы, Беларусь, Тәжікстан азаматтары. Алыс шетелдерден ат басын бұрғандардың басым бөлігі Түркия, Германия, Қытай және Үндістан елдерінің азаматтары саналады.
Көші-қон мәселесінде заң бұзушылардың қарасы да азаяр емес. Деректерге көз жүгіртсек, 62,8 мың көші-қон заңнамасын бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оның 3,9 мыңы елден шығарылған. Олар Қазақстаннан бес жылға дейін «жер аударылды». Көші-қон заңнамасын бұзушылардың алдыңғы қатарында өзбек ағайындар тұр. Бұдан кейінгі тізімге Ресей, Тәжікстан және Қырғыз Республикасынан келгендер ілінген. Ал алыс шетелдерден көбінесе Қытай азаматтары заңға жүрдім-бардым қарайды.
Полиция полковнигі Қазақстан билігінің 73 мемлекетпен визасыз режім орнатқанын да алға тартты. Оның ішінде екіжақты негізде 19 елге, біржақты тәртіпте 54 елге мүмкіндік берілген. Тиісінше Ішкі істер министрлігі шетелдік азаматтардың Қазақстанда жүру мерзімін (визалар, уақытша тұруға рұқсат беру) ұзарту бойынша нақты жұмыстар атқарған. Е-Visa жобасы уақытында іске асырылды, оның шеңберінде шетелдіктер елшілікке жүгінбей-ақ іскерлік, туристік және емделу үшін электронды визаларды ала алады. Бұл шетелдіктерге электронды визаларды қосымша уақыт пен жол шығынсыз алуға мүмкіндік береді.
С.Сейітжановтың мәлімдеуінше, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ІІМ-нің көші-қон саласындағы 20 функциясы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзыретіне өткен. Бұған дейін бұл мәселелермен 2 ведомство қатар айналысып келген еді. Бұл бұрынғылар айтқандай «Бөлшектеп ал да, билей бер» «қағидатын» жүзеге асыру үшін берілген мүмкіндік емес. Ведомстволар жұмысты жүйелі түрде жүзеге асыруы үшін жасалған ыңғайлы қадам.
«Ендігәрі көші-қон процестерінің мониторингі ұдайы назарда болады. Осылайша шетелдіктердің келуі, кетуі, олардың ел аумағында көшуі, қызметін жүзеге асыру мәселелері тұрақты түрде талданады. Сондай-ақ көші-қон процестерін реттеу және мониторинг жүргізу саласындағы іс-шаралар жүйесі жаңа форматта әзірленеді. Көші-қон процестерін реттеудің үлгілік қағидалары да талапқа сай жүзеге асырылмақ. Одан бөлек, босқындармен жұмыс проблемасы да күн тәртібінен түспек емес. Пана іздеген адамға босқын мәртебесін беру, ұзарту, айыру және тоқтату туралы куәлік беру көзделіп отыр. Бұл мәселелердің барлығын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүзеге асырады. Сондай-ақ министрлік еңбекші көшіп келушіге рұқсат беру жұмысын да қадағалайды. Ал шетелдіктердің жұмыс істеуіне рұқсаттардың барлық басқа түрлерін жергілікті атқарушы органдар береді, оларды беру тәртібін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айқындайды. Осылайша енді жүйелі жұмыстардың арқасында бірнеше ұқсас проблема бір мемлекеттік орган арқылы шешімін таппақ. Тиімділік дегеніңіз осы», дейді полиция полковнигі мәселенің мәнісіне терең үңіліп.
Жалпы, 2021 жылы еңбекші көшіп келушілерге 484607 рұқсат ресімделіп, ел бюджетіне 7 млрд 502 млн теңге түскен. Сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін 1 750 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды. Әрине, бюджетке кірістің кіргені жақсы. Алайда жұмыс берушілердің әлі күнге заңсыздыққа жол беріп жүргені ойландырмай қоймайды.
Қазақстанның сартап дала, жусанды қыры мен ескілі-жаңа шаһарларын тұрақты мекен еткен шетелдіктердің саны да жыл өткен сайын арта түсуде. «Соңғы деректерге көз жүгіртсек, қазіргі уақытта елде 138 мыңнан астам шетелдік азамат тұрақты тұрады. Олардың 22 312-сі Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алған болса, 19 198 қандасымыз ресми түрде Қазақстан азаматы атанған. Ал 1 808 шетелдік Президент Жарлығына сәйкес Қазақстан азаматы атанып, құжаттарын ресімдеген екен. Сондай-ақ 17 179 адамға қатысты Қазақстан азаматтығынан айырылу тіркелді, оның ішінде 1 142 адам қос азаматтық фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған», дейді С.Сейітжанов.
Еліміз бойынша ішкі көші-қон процестеріне жыл сайын миллиондаған адам қатысады. Ішкі көші-қон мониторингі облысішілік көші-қонның шамамен 75 пайызына және облысаралық көші-қонның 25 пайызына тиесілі екені белгілі болып отыр.
Заңсыз көші-қон қай елдің болмасын дамуына кері әсер ететіні мәлім. 2005 жылы Францияда болған жанжал, 1998 жылы Индонезияда антииммигранттық қайшылықтардан туындаған мәселе салдарынан Сухарто режімінің құлағанын әлем жұрты көрді. Жалпы, мигранттардың қатысуымен болатын әлеуметтік қайшылықтар мемлекеттік билікке және халықтың қауіпсіздігіне айтарлықтай кері әсер ететіні дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома іспетті. Экономикалық даму процесінде заңсыз мигранттардың артуы жұмыспен қамту мәселесінде айтарлықтай қиындықтар туғызатыны да рас.
Тағы бір деректерге көз жүгіртсек, табысы тәуір мемлекеттерде көшіп-қонушыларға жұмыс күшінің 18,5 пайызы тиесілі екен. Қайбір жылдары жаһанда көшіп-қонушылардың жұмыспен қамтылуға мүмкіндігі мол екендігі айтылған. Келушілердің 70 пайыздан астамы экономикалық белсенді болса, жергілікті халықтың арасында бұл көрсеткіштің 60%-дан төмені екені белгілі болған. Соңғы жылдары төрткүл дүниедегі еңбек мигранттарының саны өспесе, кеміген емес. Демек, әлемде бар миграция проблемасын біздің ел де сырт айналып кете алмайды. Сондықтан еңбек мигранттары мәселесіне келгенде құзыретті қатар бөлісіп алған ведомстволармен бірге жергілікті атқарушы биліктер де сауысқандай сақ болғаны жөн. Олай болмаған жағдайда заңсыздықтың, криминалдық топтардың әрекеттерінің тыйыла қоюы екіталай. Әлемдегі тәжірибенің өзі соны байқатып отыр.