• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Сәуір, 2022

Криминогендік ахуалға күнделікті мониторинг жүргізіледі

276 рет
көрсетілді

Ішкі істер министрлігінде өткен алқа отырысында ведомстводағы бюрократияны жүйелі түрде жою, ақпараттандыру және оңтайландыру мәселелері кеңінен сөз болды.

Жиында баяндама жасап, ішкі істер органдарының 1-тоқсандағы жұмыс қорытындысымен таныстырған Ішкі істер министрінің орынбасарлары қылмыс деңгейінің төмендегенін айтты. Баяндамашылардың мәліметінше, елде қылмыс саны 7,3 пайызға азайған. Алайда Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов статистикаға сүйенбеуге, елдегі жедел жағдайды нақты сауықтыру үшін жұмыс істеуге шақырды.

Қазіргі таңда ІІМ-де Big Data құрал­дарын пайдалану арқылы ақпарат­тық жүйе әзірленуде. Бұл жүйе крими­ногендік ахуалдың күнделікті мони­торингін жүзеге асыруға, оны талдап, ең бастысы, барлық процестерді жедел әрі тиімді басқаруға мүмкіндік бере­ді. «Ақпаратты жинау және өңдеу ав­томаттандырылады, шектен тыс бю­рократизм жойылады, әкімшілік және сотқа дейінгі іс жүргізу оңтайлан­дырылады», деп атап өтті министр.

Министр апробацияланған жүйе Шымкент қаласында жол қозға­лысы ережелерін бұзушылардың ТОП-100-ін автоматты түрде қалай қалып­тастырғанын мысалға келтірді. Мәселен, жергілікті жүргізушілердің бірі жарты жыл ішінде жылдамдық режімін 178 рет бұзып, төлейтін айып­пұл көлемі 4,5 млн теңгеге жеткен. Жалпы, жыл басынан бері жол ереже­сін бұзған шымкенттіктерге 2,2 млрд теңгеге айыппұл салынған.

Талдау жұмыстары еліміздегі әрбір үшінші жол ережесін бұзу дерегі Шым­кент тас жолдарында тірке­летінін көрсетіп берген. Мегаполистің жүр­гізушілері жол қозғалысы ережелерін ашық түрде елемейді. Соның салдарынан үш айдың ішінде жол-көлік оқиғаларынан 9 адам қаза болған. Бұл сан басқа өңірлермен салыстырғанда ең жоғары көрсеткіш болып табылады.

Осыған байланысты ІІМ басшысы Шымкент қаласы Полиция депар­таментінің басшылығына тиісті шаралар қабылдап, осы бағытта нақты жұмыстар жүргізуді тапсырды. Бұдан бөлек министр департамент басшыларына автоматты талдау деректерін ескере отырып, жолдарда тәртіп орнатуды және жүргізушілердің мәдениетін арттыруды тапсырды.

Сонымен қатар ведомство басшысы сыбайлас жемқорлыққа қар­сы қызметпен бірлесіп, сыбайлас жем­қорлық көріністеріне жол бермеу бойынша шаралар қабылдауды және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуді тапсырды.

Алқа отырысында құқық бұзу­шы­лықтардың және жол-көлік оқиға­ларының алдын алуға мүмкіндік беретін «Қорғау» арнайы қосымшасы таныстырылды. Қосымша полиция қызметкерлерінің жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзғандармен жұмыс істеуі үшін әзірленген.

Министр Марат Ахметжанов ауыл тұрғындары үшін бірден-бір табыс көзі болып табылатын мал ұрлығы мәселесіне де жеке тоқталып, Әлихан Бөкейханның «Қазақтың кең даласы малды асырайды, ал мал елді асырайды» деген сөзін қаперге салды. Жиында ведомство басшысы Қызылорда облысының тәртіп сақшыларын сынға алып, полицияның әрекетсіздігі салдарынан мал ұрыларының бостандықта еркін жүргенін жеткізді. Жыл басынан бері Сыр өңірінде 49 мал ұрлығы тіркелсе, ұрланған 178 бастың жартысы ғана иелеріне қайтарылған.

Министр жергілікті атқарушы органдармен үйлесімді іс-қимыл жасау, мал жаю ережелерінің сақталуын, әсіресе жиі ұрланатын иесіз жүрген малдарды қарау, жайылымдарды қа­да­ғалауды ұйымдастыру қажеттігін атап өтті. Саланы бюрократиясыздандыру, ақпараттандыру және оңтай­лан­ды­­ру мәселелері ІІМ жүйесін же­тіл­ді­ру және қылмыстың жасалу және өсу себеп­терін анықтау арқылы жүргі­зілмек.

«Полицейлер қағаздағы есеп үшін емес, адамдар үшін жұмыс істеуі керек. Полиция департаменттерінің бас­­шы­ларына артық есеп беруді тоқ­та­тып, кеңестер санын азайтуды, қыз­мет­керлерге қойылған міндеттер­ді тиімді орындауға ықпал ететін оң­тайлы жағдайлар жасауды тапсы­рамын. Полицейлер құқық бұзушы­лықты анықтап қана қоймай, тиісті қыз­мет­терден сұрау жасауы керек, бұл – ортақ жауапкершілік», деді ІІМ басшысы.

Кеңейтілген алқа мәжілісінде Мем­лекет басшысының балаларды қыл­мыстық қолсұғушылықтан қорғаудың тиімділігін арттыру, интернет алаяқтық пен есірткі қылмысына қарсы күресті күшейту, көші-қон жүйесін бақылауға алу туралы тапсырмаларының жүзеге асырылу барысы қаралды.

Жеке құрам арасындағы сыбайлас жемқорлықты жою, кадр сая­сатын жетілдіру мәселелері де талқы­ланды. Министр ең бастысы қағаздағы көр­сеткішке емес, халық игілігі үшін еңбек етуді қаперден шығармау қа­жеттігін ескертті.