• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Спорт 19 Сәуір, 2022

Батырды еске алды

440 рет
көрсетілді

Павлодарда дзюдодан КСРО спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Батырбек Сейсенбаевты еске алуға арналған республикалық ашық турнир аяқталды. Аталған жарыста еліміздің барлық аймағынан келген балуандардан бөлек, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанның спортшылары да бақ сынады. Барлығы 370 дзюдошы татамиге шықты.

Батырбек Сейсенбаевтың есімі жан­күйер­лерге жақсы таныс. Не­бәрі 54 жыл ғұмыр кешкен азамат Павлодар өңірінде осы күрес түрінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Бір ғана мысал, 1996 жылы Атлантада өткен Олимпия ойындарына Қазақстанның жеті дзюдошысы қатысса, соның төртеуі дәл осы Сейсенбаевтың шәкірттері еді. Олар – КСРО чемпионы және сол жарыстың екі дүркін жүлдегері Сергей Әшімов, Азияның үш дүркін чемпионы, Азия ойындарының қола жүлдегері Сергей Шәкімов, Азия ойындары мен құрлық біріншілігінің күміс жүлдегері Серік Әлімжанов және Азия чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Ахат Әшіров. Бұл жерде біз төртжылдықтың басты додасында өнер көрсеткен апайтөстердің ғана есімдерін атадық. Одан бөлек, Батырбектен тәлім-тәрибе алған спортшылардың қалың шоғыры көптеген республикалық және халықаралық додада атой салғанын айта кеткен абзал.

Таяуда қазақ спортының шежірешісі Қыдырбек Рысбектің «Қазақтың 90 бап­кері» атты құнды кітабы жарық көрді. Қарымды қаламгер сол жерде бапкер Батырбекті былай деп суреттеген екен: «Батырбек ағаның көңілі қазақтың байтақ даласындай еді. Соған сай рухы Алатаудай асқақ болатын. Ұлтым дегенде жанын жұлып беруге әзір азаматтың бірі әрі бірегейі де Батырбек Сейсенбаев еді. Иә, қазақта бапкер көп, сол қалың қолдай самсаған жаттықтырушылардың ішінде айқасқа жүйрігінің бірі әрі орны бөлек, ордалы ұлың осы Батырбек. Иықты шалқақ тастап, жарқылдай күліп, жанартаудай жалындап жүретін есіл ағатайдың мына жалғаннан озғанына да 23 жылдың жүзі болыпты. Жер жүзі жүйрігін сайлап, намысын қайрап баратын дүрмекті сынға мұқым қазақтан жалғыз өзін қосып жіберсең, сол аламанның етегіне оратылмай, төріне озатын, Алаштың ары мен ақылына, тегеуріні мен орақ тіліне сын келтірмей жосылатын жойдасыз батырың әрі көшелі шешенің осы Батырбек еді-ау!».

Жарыстың өзіне келер болсақ, Пав­лодарда төселген татамиде атақтары алысқа жайылған бірнеше белді балуан өнер көрсетті. Мәселен, 73 кило салмақта белдескен әйгілі Есет Қуанов­тың қарқынына ешкім шыдай алған жоқ. Финалда ол талдықорғандық Дархан Қойбағарды қапы қалдырды. Бір айта кетерлігі, самбодан әлем чем­пионы және сол жарыстың екі дүркін жүлдегері, Әлем суперкубогы мен кубогының бірнеше дүркін иегері, жабық кешендегі Азия ойындарының жеңімпазы деген атағы бар Ақтөбе облы­сының өкілі кейінгі кездері дзюдо­шылардың додасында да елеулі табыстарға қол жеткізіп жүр.

81 кило салмақта Қазақстан ұлттық құрама командасының мүшесі, бірқатар халықаралық турнирдің жүлдегері Бекәділ Шаймерденов Павлодарда шашасына шаң жұқтырмады. Жамбыл облысының өрені шешуші сайыста еліміздің тағы бір танымал балуаны нұрсұлтандық Мәди Амангелдіден айласын асырды. Аса ауыр салмақта кіл мықтылар айқасты. Финалда Шығыс Қазақстан облысынан келген қос алып – Әділ Оразбаев пен Ерасыл Қажыбаев бас жүлдені өзара сарапқа салды. Нәтижесінде, алтын Әділге бұйырса, Ерасыл күміспен күптелді. Ал талдықорғандық Мәди Еділбаев пен ақтөбелік Еламан Ерғалиев қола медальдарды мойындарына ілді.

Өзге салмақ дәрежелерінде мына дзюдошылар дара шықты: 60 кило – Нұрдәулет Аманқосов (Қызылорда), 66 кило – Болат Біләл (Түркістан), 90 кило – Қуаныш Ратаев (ШҚО) және 100 кило – Нұрлыхан Шархан (Қызылорда). Сол секілді күміс пен қола медальдың да денін қазақ балуандары олжалады. Шет­елден келген бір ғана спортшының жеңіс тұғырына көтерілуге күш-жігері жетті. Ол – 90 кило салмақта екінші орын алған Ресей дзюдошысы Назар Меньщиков.