Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында республикалық бюджетке өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Бұл мәселе жөнінде Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Тимур Жақсылықов баяндама жасады.
«Заң жобасында Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшерін 4,03 трлн теңгеге дейін ұлғайту қарастырылған. Қаражат Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін қосымша қаржыландыруды шеңберінде республикалық бюджеттің теңгерімін қамтамасыз етуге бағытталады. Ұлттық қордың нысаналы көрсеткіштері фискалдық шектеулер шегінде сақталады», деді Т.Жақсылықов.
Заң жобасын талқылағаннан кейін депутаттар құжатты мақұлдады. Бұдан кейін «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Бұл мәселе жөнінде Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Тимур Жақсылықов, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин баяндама жасады.
«Жыл басынан бері ел экономикасының өсуінің оң серпіні байқалған. Ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны қаңтар-ақпан айларда 3,5 пайызға жетті. Мұнайдың орташа бағасы барреліне 98 долларды құрады. Бұл ретте Дүниежүзілік қаржы ұйымдарының болжамына сәйкес 2022 жылы мұнай бағасы 74 доллар мен 105 доллар аралығында болмақ. Осыған байланысты, макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 90 доллар деңгейінде айқындалды», деді Т.Жақсылықов.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрінің келтірген деректеріне сүйенсек, S&P Global Ratings агенттігі 2022 жылы әлемдік экономиканың өсуі 4,2 пайыздан 3,6 пайызға дейін төмендейді деп болжаған. Осыларды ескере келе, министрлік ел экономикасының өсуі 3,9 пайыздан 2,1 пайызға дейін төмендейді деп есептейді. Номиналды ішкі жалпы өнім 91,5 трлн теңге көлемінде бағаланған.
«Өңдеуші өнеркәсіптегі болжамды көрсеткіштер әлемде протекционизмнің күшеюіне және тарифтердің өсуіне байланысты металлургиядағы өндіріске шектеу қою салдарынан 3,5 пайыздан 2,9 пайызға дейін төмендетілді. Құрылыста өсім бұрын мақұлданған деңгейде сақталады (3,8 пайыз).
Ақпарат пен байланыста ақпараттық қызметтерге сұраныстың төмендеуі салдарынан болжам 8,3 пайыздан 5 пайызға дейін төмендетілді. Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 72,2 млрд долларға дейін өседі. Импорт 40,2 млрд долларды құрайды. Инфляция 8-10 пайыз аралығында болмақ», деді Т.Жақсылықов.
Биыл республикалық бюджеттің кірісі 10,2 трлн теңгеге жетпек. Бұл бекітілген жоспардан 955 млрд теңгеге жоғары. Кірістің ұлғаюы мұнай бағасының өзгеруіне байланысты. Сондай-ақ долларға теңге бағамы өзгергендіктен, баж мөлшерлемесі де артады. Бұдан бөлек, макроэкономикалық көрсеткіштердің өсуі есебінен корпоративтік табыс салығы да көбеймек.
«Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 4,03 трлн теңгеге дейін немесе 1 630 млрд теңгеге ұлғайтылады. Қаражат Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыруға бағытталады. 2022 жылы бюджет тапшылығын 2,978 трлн теңге немесе ішкі жалпы өнімге қатысты 3,3 пайыз деңгейінде айқындау ұсынылады.
2022 жылы мұнай емес тапшылықтың деңгейі бағалау бойынша ішкі жалпы өнімге қатысты 10,2 пайызды құрайды. Республикалық бюджеттің шығыстарын 2,7 трлн теңгеге ұлғайтып, 18,8 трлн теңге көлемінде айқындау ұсынылады», деді Т.Жақсылықов.
Бұдан кейін мінберге көтерілген Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев заң жобасын жан-жақты түсіндірді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын және мемлекеттің басқа да шұғыл міндеттемелерін іске асыруға бағытталғанын жеткізді.
«Бұл бағыттар бойынша бюджет шығыстары 2,7 трлн теңгеге артып отыр. Бюджет шығыстары былай ұлғайтылды. Бюджеттің өз кірістері 1,1 трлн теңге, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт 1,6 трлн теңгеге жетпек. Бұл ретте Ұлттық қордың түсімдері мен шығыстарының теңгерімі жыл соңында оң болады деп болжанған.
Кірістер мен шығыстардың қайта қаралуын ескере отырып, 2022 жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлері былай қалыптасты. Бюджет түсімдері 2,7 трлн теңгеге ұлғайып, 15,8 трлн теңгені құрайды. Ішкі жалпы өнімге шаққандағы тапшылық 3,3 пайыз деңгейінде сақталды. Республикалық бюджеттің шығыстары 2,7 трлн теңгеге өсіп, 18,8 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр.
Президенттің тапсырмаларын іске асыруға 1,8 трлн теңге бағыттау ұсынылып отыр. Бұл күштік құрылымдар мен төтенше жағдайлар органдарын жауынгерлік әзірлеуге және жарақтандыруға жұмсалады. Өңірлер мен бизнесті қолдауға, халықтың табысын арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономиканы диверсификациялауға арналған», деді Е.Жамаубаев.
Ведомство басшысының айтуынша, бюджетті нақтылау нәтижесінде нақты сектор мен өңірлерді қолдау күшейтілді. Бұны бюджет шығыстарының құрылымы көрсетіп отыр. Яғни шығыстар өсімінің басым бөлігі экономиканың нақты секторын қолдауға көзделген. Бұған 1,3 трлн теңге жұмсалады. Тиісінше, шығыстардың жалпы көлеміндегі осы бағыттың үлесі 5 пайызға ұлғайды.
«Нәтижесінде, аталған салаға арналған шығыстар 3,4 трлн теңге немесе жалпы шығыстардың 17,9 пайыз мөлшерінде жоспарланып отыр. Осындай ынталандыру орта мерзімде елдің дамуына мультипликативтік әсер етеді. Әлеуметтік блоктың шығыстары 581 млрд теңгеге ұлғайтылды. 8,6 трлн теңге немесе бюджеттің жалпы шығыстарының 46 пайыз деңгейінде жоспарланған.
Қосымша қаражат әлеуметтік төлемдерді индекстеуге, медициналық көмек көрсетуге, «Қоғамдық жұмыстар» және «Күміс жас» жобалары арқылы еңбек нарығын дамытуға, «Бірінші жұмыс орны» мен «Түлектерге арналған жастар практикасы» шеңберінде жастарды қолдауға бағытталады.
Күштік құрылым шығыстары 446 млрд теңгеге өсіп, 2,2 трлн теңге сомасында жоспарланған. Жалпы, көзделген шығыстардың 30 пайызға жуығы нысаналы трансферттермен өңірлерге беріледі. Олардың жалпы сомасы 818 млрд теңгені құрайды. Соның ішінде дамуға арналған трансферттер – 475 млрд теңге. Нақтылауды ескере отырып, өңірлерге республикалық бюджеттен жалпы шығыстардың 5,5 трлн теңгеден астамы немесе 29,3 пайызы бағытталады», деді Е.Жамаубаев.
Ал Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкиннің мәліметтеріне сүйенсек, биылғы геосаяси жағдайдың ушығуы тауар нарығындағы бағаның құбылуына жол ашып отыр. Осындай сын-қатерлердің салдарынан әлемдік экономика күткеннен де баяу дамып келеді.
«Тауар жеткізу проблемаларының күрделенуі жаһандық инфляциялық жағдайды нашарлатып, әлемдегі шикізат тауарлары мен азық-түлік бағасының өсуіне алып келді. Осыған байланысты Халықаралық валюта қоры инфляция болжамын қайта қарап, оның айтарлықтай жоғары деңгейі бұрын болжағанға қарағанда ұзақ уақыт сақталады деп пайымдайды», деді В. Тутушкин.
Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасының орынбасары Қазақстанда инфляция өсуі мүмкін екенін айтып отыр. Мәселен, биыл наурызда Қазақстанда инфляция 12 пайызға жетіп, 2016 жылғы қыркүйектен бергі ең жоғары мәнге жетті.
«Азық-түлік тауарлары инфляцияға ең көп үлес қосқан, мұндағы баға өсімі 15,4 пайызға дейін жеделдеген. Наурызда біз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірден қымбаттап кеткенін байқадық. Бұл Ресейден импорттауға тыйым салу аясында бірқатар азық-түлік тауарының тапшылығына байланысты. Соның әсерінен наурыздың екінші аптасында азық-түлік тауарлары бағасы 5,6 пайызға өсті. Осыдан кейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының апта ішіндегі өсімі наурыздың соңғы аптасында 1,3 пайыз, сәуірдің бірінші және екінші аптасында қатарынан 0,9 пайыз деңгейінде сақталып, біртіндеп тұрақтана бастады», деді Ұлттық банк өкілі.
Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бөлінетін қаржы Мемлекет басшысының тапсырмаларын және Жолдауды жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті.
«Қоғамдағы ең өзекті деген мәселелердің шешілуіне біраз қаржы қарастырылып отыр. Халықтың табысын арттыру, жаппай жұмыспен қамту, әлеуметтік төлемдерді индекстеу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты назарда. Бір ғана мысал, өңірлердегі ауыз су, жол, тұрғын үй сияқты қордаланған мәселелерді шешуге ғана 476 млрд теңге бөлінеді. Бұл тақырыпты жуырда ғана талқылаған болатынбыз. Сонымен қатар еліміз үшін үлкен сынақ болған қаңтар оқиғасының салдарын жою мәселесі де қамтылды. Президентіміз 11 қаңтарда Мәжілісте сөйлеген сөзінде күштік құрылымдардың іс-әрекетіне қатысты тиісті қорытынды жасауды тапсырды. Соған сәйкес олардың жауынгерлік әзірлігі мен жабдықталуын арттыруға қосымша қаржы бөлінеді. Бұл қаражаттың нәтижелі әрі тиімді жұмсалуын қадағалау – біздің, яғни депутаттардың басты міндеті. Бүгін бірқатар депутат тарапынан Үкіметке біраз сын-ескертпелер айтылды. Министрлер соны назарға алып, тиісті қорытынды жасауы қажет», деді Палата Төрағасы.
Сонымен қатар жалпы отырыста Мәжіліс деутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгеріске келісімін берді.
«Сенаттың түзетулері балаға зиян келтіретін, тыйым салынған немесе өзге түрде таратылуы шектелген ақпаратты орналастыруға жол берген интернет ресурстар мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау тетігін өзгертуге бағытталған. Сенат депутаттары бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органға балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша сараптама жүргізу тәртібін айқындау жөнінде құзырет беруді, сондай-ақ интернет-ресурстарға қол жеткізуді тоқтата тұруға негіз ретінде кибербуллинг фактілерін заңнамалық түрде айқындауды ұсынды. Бұл ретте заң жобасынан уәкілетті органның тыйым салынған ақпаратқа қол жеткізуді шектеу тәртібін айқындау жөніндегі құзыреті алып тасталды. Тұтастай алғанда, Сенат ұсынған өзгерістер мен толықтырулар Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамасы мен мазмұнын өзгертпейді», деді құжат жөнінде баяндама жасаған депутат Жәмилә Нұрманбетова.
Жалпы отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын жұмысқа алды.