• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қаржы 22 Сәуір, 2022

Доллар арзандады, тауар неге арзандамайды?

306 рет
көрсетілді

Қазір доллар арзандады. Бірақ баға шарықтап барады. Теңгенің ревальвациясы да азық-түлік бағасының арзандауына ықпал ете алмай отыр. Осыған байланысты сарапшылардың пікірі әртүрлі. Тіпті «Үкімет теңгені қолдан қоректендіру арқылы экономикадағы нақты жағдайды бүркемелеп отыр» деген күдік те бар қоғамда.

Өндіргенімізден тасымалдағанымыз көп

«Қазақстан тұтынушылар лигасы» қауымдастығының жетекшісі Светлана Романовская наурыз айында көптеген өнім бағасы 30-40 пайызға қымбаттағанын, тіпті сауда үстемесі 15 пайыздан аспауға тиіс азық-түлік өнімдерінің де қымбаттағанын жеткізді. Жеңілдетілген несие бағдар­ла­масы да қымбатшылықты тоқтатуға қауқарлы болмады. Әйтпесе, Magnum Cash&Carry же­лісіне жылдың соңына дейін барлық 19 NWPT (өнім тізімдері) позициясының ба­ға­сын тұрақтандыру үшін 5,7 млрд тең­ге, «Тоймарт» желісіне 4,8 мың тонна 12 түр­лі өнімді арзандатылған бағамен са­тып алу-сату үшін 430,2 млн теңге бөлін­ген. Дүкен сөрелеріндегі азық-тү­лік­­тің басым көпшілігі импорт. Тіпті өзі­­міз­дің өнімдердің де қаптамасы Ресей­ден жетеді.

Ұлттық статистика бюросының де­рек­терінде азық-түлік өнімдерінің 22 пайызы, азық-түлік емес өнімдердің 60 пайызы импорт екені айтылған. Азық-түлік импортының 20 пайызы  Ресейдің үлесінде.

Наурыз айындағы инфляция деректерінде тауар номенклатурасы бойынша ақ қырыққабат – 49,6 па­йыз, түйіршіктелген қант – 34,3 па­йыз, пияз – 31,2 пайыз, сәбіз 15 пайызға қымбаттағаны айтылған. Сондай-ақ наурызда газ бағасы – 50 пайызға, бренд мұнайы – 38 пайызға, бидай – 30 пайызға, алтын 6 пайызға өсті. Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов та Қазақстандағы инфляция деңгейіне азық-түлік бағасы көбірек «үлес қосып» отырғанын айтып қалды.

Азық-түлік өнімдерін тұтынудағы импорт үлесі 22 пайыздан, азық-түлік емес тауарлар 60 пайыздан асады. Демек сырттан алып келген тауарға доллар ғана емес, логистикалық шығындар да әсер етеді. Формулаға салсақ, өнім бағасының 20 пайызы – логистикалық шығын, 30 пайызы – шетелдік валюта, өзгесі қосым­ша құн салығы және маркетингтік шығындар.

Нау­рызда доллар 485,5 теңгеден 472,8 тең­геге, сәуірдің бірінші аптасында 463,2 теңгеге дейін төмендеді. Бірақ бұл фактор да тауар бағасына әсер еткен жоқ. Алдағы бірер жылда әсер етуі де екіталай. Демек, импорттан ірге бөлмей жатып, азық-түлік ба­­ға­сын долларға тели беруге болмайды.

Сарапшылардың сөзіне ден қойсақ, доллардың қысқа мерзімге құлдырағаны немесе мұнайдың қысқа мерзімде өскені жағдайымызды жақсартпайды.

Экономист Сапарбай Жобаев пандемия кезінде мұнай бағасы 25 долларға дейін арзандап кеткенін еске түсірді. Де­мек, жоғалтқанымыздың орны әлі тол­­ған жоқ. 2021 жылды 5,7 млрд доллар көлеміндегі шығынмен жаптық. Өн­діргенімізден тасымалдағанымыз көп бол­ды. «Бюджет табысының 8 трлн теңгесі салықтан түсті. Ал шығынымыз – 15,5 трлн теңге. 5 трлн теңгені Ұлттық қордан алдық. Мұнай түсімі олигархтардың қал­тасында, одан қалғаны офшорға кетіп жа­тыр. Теңгеге де, ІЖӨ-ге дем беретін факторлар тым әлсіз», дейді С.Жобаев.

Сарапшы Мағбат Спанов та елдегі азық-түлік бағасы долларға ғана емес, логистикалық тізбектерге де тәуелді еке­нін айтады. Оның айтуынша, көрші Ресей санкциялар құрсауында тұр. Көлік-логис­тикалық жолдарымыздың бәрі Ресей ар­қы­лы өтеді. Демек, көрші елдегі санк­ция­­лардың салқыны біздің нарықты да қал­ты­ра­тып жатыр.

«Біз бұл жағдайды реттей алмаймыз. Үкі­меттен де кесімді шешім жоқ. Санк­­­циялар шектелмесе, жағдайдың бір­шама тұрақталғанын күтуіміз керек. Се­бебі Ресеймен сауда айналымы тым тереңдеп кеткен. Өзге елдермен сауда байланысын шектегендіктен, Ресей тауар­ларының біздің нарықты да жаулап алу қаупі жоғары. Мұндай жағдайда на­рықтың бағасын доллар ғана емес, рубль де реттейді», дейді сарапшы.

Оның пікіріне қарағанда, доллар арзандаса азық түлік те арзандайды деген түсінік нарықтың заңына қайшы. Бағаның нарық заңымен қалыптасуы үшін доллар да, теңге де, тіпті мұнай бағасы да кемі жар­ты жыл бойы тұрақты бағада болуы қажет. Бұл фактор теңгеге барынша жайлы климатты қалыптастырады. Бағаның қырық құбылып тұруын және бәсекеге ғана тәуелді болуын нарық заңы да құп көреді. Ал Қазақстан жағдайында баға мемлекеттік жолмен ғана тұрақталады немесе реттеледі. «Демек, бағаның кері шегінуі туралы айту қиын. Нарықтағы құбылмалылық та жоғары болып тұр. Доллар арзандаса, баға да арзандайды деген түсінікті ұмытып, тұтыну және азық-түлік нарығындағы үлесімізді кө­бейтуге ұмтылғанымыз жөн. Жуырда Үкі­метте алдағы бес-алты жылдың ішінде ха­лық жиі тұтынатын тауардың бес-алты түрін өзімізде шығару қажеттігі ашық айтылды. Бағаның тұрақтылығына жол ашатын басты фактор осы екенін Үкімет мойындады», дейді М.Спанов.

Сарапшы құрылыс және автокөлік нары­ғында қалыптасып отырған жағдайды да қа­перге салып өтті. Бағасы еселеп өсіп жат­­қан автокөліктердің қосалқы бөл­шек­тері Ресей транзиті арқылы шетелден келеді. Ал тұрғын үй нарығында қол­да­­нылатын құрылыс тауарларының 80 пайызы Ресей транзиті арқылы жетеді. Сондай-ақ Украина автокөлік пен құры­лыс тауарлары тізбегінде жетекші рөл атқа­рып келгені де енді белгілі болып жатыр. Айталық, автокөлік электроникасына арналған бөлшектердің 40 пайызы – украиналықтардың еншісінде. Ал қазіргі жағдайды Ресейге 2014 жылы салынған санкциялармен салыстыруға келмейді. Сарапшы айтып өткендей, ол кезде рубль құлдырағанымен, санкциялық шектеулер әлдеқайда жеңіл болған.

Басқа сарапшылар да доллардың нау­рыз айындағы жағдайы мен азық-түлік бағасының көрсеткіші нарық заңына сәйкес еместігін айтады. Наурыз айында доллар 485,5 теңгеден 472,8 теңгеге дейін, сәуірдің алғашқы аптасында 463 теңгеге дейін арзандаса да азық-түлік бағасында өзгеріс жоқ. Ал мұнай бағасы жақын арада төмендемейтіні белгілі. Бірақ биылғы бюджетте мұнай баррелі 90 доллар деп белгіленді. Демек, Үкіметке теңгеге қысым жасайтын фактор емес, импорттың қымбат болып қала бергені маңызды.

 

Жағдай экономистердің болжамынан алыстап барады

«Болашаққа болжамды экономистер емес, халықаралық саланың мамандары ғана дөп басып айта алуы мүмкін. Жағдай экономистердің болжамынан алыстап барады. Санкция бүгін салынып, үш айдан кейін қайтып алынса да зардабы ондаған жылдарға дейін созылатыны халықаралық тәжірибеден белгілі. Сарапшылар мамыр айының басында Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс тоқтайтынын айтып жатыр. Әлемдік экономика тараптар арасындағы келісімнің беталысына қарап қайта түзілуі мүмкін. Жаңа тәртіп және көзқарас қалыптасады. Демек, біздің ішкі нарықтағы атмосфера да сол келісімдердің нәтижесіне қарай айқындалады», деп атап өтті М.Спанов.

Инфляцияны жеделдететін, бағаны қымбаттататын фактор долларға, рубль мен теңгеге ғана тәуелді емес екені белгілі. Бұған әлемдік азық-түлік нарығындағы жағдай да ықпал етеді.

Сарапшы Ерлан Ибрагим теңгенің құлдырап барып, дәл қазіргідей «есін жиып» алған кезі есте жоқ екенін айтады. Доллар бағамы да дәл қазіргідей деңгейде кері шегінген жоқ. «Рубль АҚШ валютасымен салыстырғанда 10 пайыз­ға құн­сызданса, ішкі нарықтағы баға 1 пайызға өседі. Ал доллар мен теңге дәлізінде теңге 10 пайызға құнсызданса, баға 1,5 немесе 1,7 пайызға өседі. 1 па­­йызы – доллар есебінен, 0,7 пайызы рубль есебінен құнсызданды. Біз қазір қо­сарланған валютаның қыспағында тұрмыз. Қытайдан контейнерді тасымалдау құны 3 мың доллардан 13 мың дол­ларға дейін өсті. Металдардың, мұ­най­дың және газдың қымбаттауы өндіріл­­ген өнімдердің өзіндік құнының өсуіне әкелді. Тыңайтқыштардың қымбаттауы, өндіріс тізбегінің бұзылуы қазірдің өзін­де ауыл шаруашылығы шикізаты мен азық-түлік құнына әсер етіп жатыр. Бұл «өз жері­мізде өссе де жеміс-жидек неге қым­­бат?» дейтіндерге жауап», дейді Е.Ибрагим.

Экономикадағы қарапайым заңды­лық – айналымдағы ақша массасы мен тауарлардың арасында белгілі бір дәре­же­де тепе-теңдік сақталмаса, ақша мас­сасы ұлғайып кететін болса, тауар қым­бат­тайды. Сарапшының айтуынша, біз­де­гі жағдай мүлдем бөлек. Эконо­ми­ка­лық өсім аз, өндіріс әлсіз. Біздің ішкі эко­номикалық проб­­лемалар сыртқы фак­тор­лардан да күрделі. Орындалуға тиіс, шешілуге тиіс жайттар дер кезінде орын­дал­маған­дықтан жағдай бақылаудан шы­ғып, интервенцияның жалына жармасудан өзге жол қалмады. Осының бәрін Үкімет пен Ұлттық банк сыртқы фактормен байланыстырғысы келетінін көп сарапшы құп көре қоймайды.

Ұлттық банктің сайтында елдегі айна­лым­дағы ақша массасы 26 трлн 800 млрд теңге екені айтылған. 2015-2018 жылдары 1 жылдың ішінде 3,5 трлн теңге басып шығарған кездер де болған. Мұндай жағ­дай­да Үкімет ба­ға­ны реттегісі келсе де реттей алмайды.

 

Субсидия жолымен реттеу нарық заңына қайшы

Біздегі қымбатшылықтың ақша мас­сасы мен тауар арасында үйлесім­ді­лік жоқ. Осыны айтқан сарапшы ақшаның көптігінен тауардың қым­бат­тап жатқанын жеткізді. «Біз­дегі қымбатшылыққа доллар мен рубль­дің үлесі 1,5-1,7 пайыз еке­нін жоға­ры­да айттық. Экономика теңге мен доллардың ғана емес, көлеңкелі эко­­но­миканың да қыспағында тұр. 2021 жыл мен 2022 жылдың осы мерзі­мін­де елден қанша ақша кеткенін біл­мейміз. Ин­весторлар қаржыны Қазақ­стан­да та­уып, өзге елде жаратуға басымдық береді. Шикізат экспорты, импортқа тәуелділік деңгейі экономикада таңбаланып қалады. Елден шығарылған қаржы көлемі 100 млрд доллар екендігі айтылып жатыр. Бұл қар­жыны елге қайтаруды ойлаған Үкімет оны қай бағытқа инвестициялау қажет­тігін де қаперге алуға тиіс. Қыс­қасы, әзірге қазақ теңгесіне дем беріп тұр­ған фактордың шығар-шықпас жаны бар. 2021 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 27 млрд дол­лардан асқаны біздің өзге мем­лекет­терге тауараралық тәуел­ді­лігімізді көр­сетеді. Осының бәрі эконо­ми­калық дағда­рыс­тың туындауына алып келді», дейді Е.Ибрагим.

Сондай-ақ сарапшы теңге мен доллар дәлізі екі жолмен реттелетінін де айтып өтті. Бірі – әкімшілік, екін­ші­сі – нарық заңы. Әкімшілік жолды таңдасақ, 1 доллар – 450-460 теңге, нарықтық жағдайда – 500-600 теңгенің айналасында болуы мүмкін. «На­рық­тық экономикасы қалып­тас­паған біздің ел үшін нарықтық тәсіл тиімсіз. Сондықтан екінші жолға ба­сым­дық беру арқылы инфляцияны шектеуге, базалық мөлшерлемеге мүм­кіндік беріледі. 2021 жылды 10 па­йыз­дық инфляциямен жап­тық. Ал наурыздағы көрсеткіш 12 па­йыз­ды көрсетіп тұр. Мұндай жағдайда доллар 100 теңгеге дейін арзандаса да қымбат бағадан құтыла алмаймыз. Қым­бат­шылықты доллардың қанатына тели беру Үкімет пен Ұлттық банктің экономика алдындағы жауапкершілігін өзінен алыстатып жібереді», деп түйіндеді Е.Ибрагим.

 

АЛМАТЫ