• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Таным 22 Сәуір, 2022

Жұмсақ жаза

228 рет
көрсетілді

Шамамен 1993 жылдың ақпанының орта тұсы. Сегіз адам – қарауыл бастығы – аға лейтенант, ауысымдарды жүзеге асырушы сержант және араларында мен бар алты сақшы болып «Ангарды» қарауылдауға аттандық.

Қарауылдағы қызметіміз өз дәрежесінде жүріп жатқан. Қыр­сыққанда мына бәленің киліге кеткенін көрмейсіз бе? Қап! «Ангарға» келе жатқан жолда зар қақсадық. «Жігіттер, ұйықтап қалмайық, ұйықтап қалмайық!» Бәріміздің ұжым­дық қаупіміз қаны бөлек Елисеевте (тегі өзгертілді). «Әй, осы құр­­тады-ау». Көптен бері қа­рауыл­ға жіберілмей жүрген. Бү­гін қайдан қосыла қалғанын? Та­мақсаулау еді. Мұндай адам ұйқыға тез алдырады ғой негізі. Басында командир мұның есімін «Ан­гарға» баратындар қатарында атағанда ішім қылп ете қалған, жанымдағы серігім бетін тыр­житқан. Көзі тұздай болып көлікке мініп жатқанда да ұна­маған. Ұнатпағанда не іс­тейсің? Негізі неден, кімнен секемденсең сол жақтан бір «п­ә­лекет» бас көтеретіні бар.

Елисеев менің алдымдағы 2-ауысымда. Оны 3-ауысым­дағы мен ауыстырып отырамын. Күндізгі 13.00 жақындап қалған. Мені сержант постқа жеткізіп салып, әлгі Елисеевті алып қайтуы керек. Дәл осы кезде дивизияның штабынан тексеруші келе қалғаны бар емес пе? Анау-мынау емес, мүйізі қарағайдай генерал-майор. Ол кезде, дәлі­регі 1992-93 жылдары Қа­зақстанда бұрынғы Кеңес Одағы тұсында өзге республикалардан келіп қызмет еткен әскери қызметкерлерден өз тарихи отандарына әлі қайта қоймағандар көптеп кездесетін. Мынау солардың бірі. Мұндай шендегілер тексеруге сирек ке­летін. Тек­серуші «ойбай, мен бара жатырмын» деп алдын ала айтпасы белгілі. Жаңа «УАЗ»-бен сарт ете қалсын. Тек­серушілер посттардағы сақ­шы­ларды ауыс­тыратын мезгілді жақс­ы білетіндіктен, уақытын со­ған орайластырып келеді. Бі­рін­ші мен баратын 2-постқа бет алдық. Қалың жауған қарға түскен жалғыз аяқ жолмен жүріп келеміз. Күн төбеде шақырайып тұр. Аяз жоқ. Бейнебір көктемнің күніндей. Шинелінің етегі қар бетін сызған генерал қасқайып алдымызда. Біз оған зорға ілесіп келеміз. Бәріміздің уайымымыз қалың: «1-постан қауіп жоқ. Тек, 2 посттағы әлгі Елисеев ұйық­тап қалмаса жарар еді», «Күн қызуы темір мұ­на­раны ысытып, әлгі маужырап...»

Енді бір төбешікті айналсақ күзет мұнарасы көрінуі тиіс. Біз ашық алаңға шыққанда қарауыл «Тоқта! Келе жатқан кім?..» деп, және де осы іс­петтес басқа да әмірін беруге тиіс-тін. Әмір бе­­рілмесе, қа­рауыл ұйықтап жат­­қаны. Уайы­мымыз айнымай келді. Қа­рауыл тым-тырыс. Мәс­­са­ған. Бәріміз сүмірейдік те қалдық.

Биік мұнараның есігі айқара ашық тұр. Елисеевтің төбесі де көрінбейді. Мұнараның екі жақтауына сақшы жарықтық екі шылғауын әдемілеп жа­йып қойған.

Бізді бастап келген гене­рал биік мұнараның дәл тү­бі­не келіп тоқтады. Сұқ сау­сағын ерніне тигізіп бізге дымдарыңды шығармаңдар деді. Бәріміз де­мімізді ішімізге тартып тұр­мыз. Генерал сатымен биік мұ­на­раға дымын білдірмей, аяғын мысықша басып шықты. Елисеевтен еш хабар жоқ. Генерал мұнараның есігінен қарап тұрып мырс етті. Оның неге мырс еткенін кейін білдім. Генерал Елисеевтің автоматын алып қайтадан жымын білдірмей төмен түсті де, әдеттегі рәсімсіз менің мұ­нараға шығып, қарауылдық қызметімді жалғастыр, ұйқы­дағы сарбазды оятып жі­бер деді. Мен Елисеев оянсын деп сатыны аяғыммен дүр­сілдете басып мұнараға шық­тым. Оянар емес. Мынаны қараңыз. Генерал мырс ететіндей бар екен. Қару­ла­сы­мыз Елисеев автоматын мұнара бұрышына сүйеген, қалың тұлыпты келістіре жайып ұйқыға бас қойған. Бәрінен де күлкі шақыратыны постқа тамақ алып кету рұқсат етілмесе де Елисеев ебін тауып бөлке нан мен тамақ істеуге арналған тоңмайдан молынан ала шығып, оны былшылдатып соғып жатып ұйықтап кеткен. Оң қолында тоң май жағылған, жартылай желінген бір тілім нан бар. Шамасы бөлке нанның соңғы кесіндісі. Тамағы тойған соң маужырап ұйқының аранына түскені анық.

Елисеевті ояттым. Ол орнынан атып тұрды да, сасқалақтап не істеп, не қойғанын білмей қалды. Төменде тұрған гене­ралды көргенде есінен айы­рылғандай болды. Аздап есін жинады. Қарауылда тұрып ұйықтап қалудың жазасын жақсы білетін Елисеевте өң-түс қалмаған.

Бәрі келесі постқа қарай кетті. Елисеев байғұстың автоматы қарауыл бастығына тапсырылған, шинелінің бел­дігі алынып қойылған. Тұт­қынға түскен жау сарбазындай топтың соңында аяғын ілбіп басып барады. Менің жаным ашып кетті.

Елисеевті алда 10 күн гаупт­вахта күтіп тұр. Бұл талқы­ланбайды. Ең жаманы біздің комбаттың белгілейтін жазасы. Батальоннан қарауылда біреу ұйықтап қалса, 10 километрге «марш бросок» болады. Оған тек сарбаздар ғана емес батальонның офицерлерінің барлығы тү­гел қатысады. Біздің комбат – подполковник Юрий Викторовичтің «марш бросогы» анау-мынау тозақты жолда қалдырады. Сарбазға тиесілі барлық асай-мүсейіңді арқалатып жүгірткенде көре­сің көр азапты. Ал ұйық­тап қалған адам сол кезде шәниіп гауптвахтада жатады. Содан оны бүкіл батальон жазғырады, сыртынан боқтап-бұралайды. Кейін казармада кездескенде «әңгіме» тіптен басқаша өрбиді. Бұл – комбаттың жазасының ша­рық­тау шегі.

Бірақ бұдан кейінгі жағдай мүлде біз күткендей болмады. Елисеев гауптвахтаға жіберілген жоқ. Біздің комбат та ескі әдеті – «марш бросогын» жаза ретінде қолданбады. Бұл біз күтпеген жақсылық еді. Қалайша?

Әлгі генерал мәселені тө­тесінен қойған: «Сарбаздарға жағдай жасалмаған. Қарын­дары аш болатыны сондай, постқа нан ұрлап апарып жеу­ге мәжбүр. Қарауылға шы­ғар алдында сарбаздардың тыны­ғуына жағдай жасал­маған».

Біз қарауылдан қайтқан күні ертесіне алаңда үлкен жиын болып, генерал көтерген мәселелер түгел шешімін табатын болды. Шынында көп өтпей қарауылға баратын сар­баздар үшін тамақ жағы жақ­сарды, молайды, күзетке шығу алдында тынығуға жағ­дай жа­салды, басқа да игі іс­тер ат­қарылды. Сол кезде Елисеевке кейіннен алғыс айт­қан­дардың бірі ретінде осы оқи­ғаны үнемі есіме алып жүремін.

Комбат бірде Елисеевке қарап тұрып: «Сен сөзбен емес, нақты іс-қимылыңмен мә­­селені шешкен батыр жауын­герсің», дегені бар. Шын мәнінде айтты ма, ке­кетіп айтты ма, ол жағын біл­медім.