• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әдебиет 22 Сәуір, 2022

Қасірет жыры

1547 рет
көрсетілді

Қазақ прозасында шоқтығы биік туынды – «Қараой». Көрнекті жазушы Тәкен Әлімқұловтың аты аталып, есімі еске түскенде басқа көптеген шығармасынан ерекшеленіп, бірден осы «Қараой» санамда жаңғырып шыға келеді. Содан келіп оны қайталап оқуға ынтығасың, асығасың. Әдеби шығарманың бір құдіреті өзіне ынтықтырып, баурай білуінде. «Қараой» да солай, өзіне тартады да тұрады. Оның сыры неде екен, а? Әңгімеде ерлігімен, өр тұлғасымен, рухты жырларымен, бөлек болмысымен дараланған Махамбеттің соңғы күні көркем шындықпен суреттелгеніне дау жоқ.

Махамбет – қазақ үшін мәң­гілік тақырып («Қараойда» ав­тор Махамбеттің есімін жаз­ған­да «қ» әрпін қолданған, сон­дық­тан біз де солай жаздық). Осы­ған жан тебіренісімен кі­ріп, ақын Мақамбет пен батыр Мақамбеттің, әке-отағасы Ма­қам­беттің ішкі әлеміне бойлай енген жазушының «Қараой»-ы әдебиетіміздегі осы тақырыпта жазылғандардан бәсі жоғары. Жазушының тұрлаусыз тағды­рымен бетпе-бет жалғыз қалған, өмір ызғарының өтінде өзі ғана емес отбасы да қалтыраған жаралы ақын арманының, өзегін өртер өкініші мен бірде байыз тапқан, бірде алақұйын көңіл күйін өрнекті тілімен шебер кес­телеген. Күзгі Қараойдың көңіл ауанына сай кейде ішін бере әдемі көрінетін, кейде сыртын бере сүреңсіз кескінін ескі қоңыр шәлідей жайып салатын көрінісін астастыра суреттейді.

Қараой өңірі – қасиетті мекен. Ақынның жауларынан бой тасалап келген, қысылтаяңда пана тұтқан жері. Бірақ бұл мекен Мақамбетке пана болмады.

«Таң көктемнің таңындай толықсып атты. Күз таңының мұншалық сұлулығын бұрын көрген емес-ті. Күн де көктемнің күніндей айдарланып, сансыз алтын найзасын шашағымен шашырата шықты. Қазіргі сәтте шашақты найзадан айырылған күн күйеудің жыртысқа түскен сал орамалындай пәршектенген кіреуке бұлттардың арасынан сығалап қарайды. Асқа тіккен алтын жамбыға да ұқсап кетеді...» Осындай әсем көріністі Қараойда қан төгілді. Қазақ үшін қасиетті қан. Бірақ бұған Қараойды кінәлауға бола ма? Жоқ, әрине.

Әңгімеде Мақамбеттің әл­де­бір жамандықты іші сезіп тыны­шының кетуі, алаңкөңілде күй кешуі, кейде сабырға келіп, өзін-өзі ұстауы, жан әлемін жақсы, ізгі үмітке толтыруға тырысуы, қысқасы аумалы көңіл күйі та­биғатты суреттеу арқылы бе­ріл­гендей. «Мақамбет басқа ға­лам­нан келгендей, Қараойды жаңа көргендей сезінеді. Баяғы балдай балалық, сағынышты шақ қалған ойпаң – көзіне оттай ыстық та, жаудай жат та. Ынтыға есейген, торыға тоқыраған, дерттен қайта ашынған ақын Қараойды бірде қайта құтайған құтқа баласа, бірде елі ауып кеткен сары жұрттың төрінде төңкеріліп жат­­қан қара шаңыраққа ұқса­та­ды. Көзі көміліп қалған бұ­лақ, бастау­­лар тілі байланған ше­жіредей ыммен сыр шертсе, сансыз жылдың дауылына, жауынына шыдаған тамырлы өсімдіктер көзі тірі куәдай сыбдырлайды».

Әңгімеде жаудан іштен шық­қан сатқынның аса қатерлі, жа­қыныңның, сенгеніңнің дұш­паныңның өзіңе сілтер қолшоқ­пары болғаны қорлық екені бүк­песіз баяндалады. «Мақамбет Ықы­ластың кешіккенінен қо­балжулы екенін енді-енді анық сезіне бастағандай. Кейінгі келгенінде: «Мақа, сізді қалың ел қорғаштауда. Келер жолы сенімді кісілерді ерте келмекпін»  деген. Бұған иланған Мақамбет жансыз жолаушының артынан сүйсіне қарап тұрғанда, оның күдірейген жауырынынан күдік алып қалып еді. «Мына сұңғыла мырс-мырс күліп бара жатқан жоқ па?» деп сазарған». Мақамбеттің бойындағы сенім мен күмәннің айқасы, күдігі басым болса да сенімінен сырт айналмай, екіұдай күй кешуі осылай қарапайым суреттеліп келеді де, ары қарай былай баян­­далады: «Осы жасқа шейін Ма­қам­беттің сенген жаны көп те, сенімін ақтағаны аз. Көзіне шөп салғандарын ойына алғысы да келмейді. Әсіресе Мақамбеттің басына Баймағамбет сұлтанның мың сом тіккені туралы құбы­жық лақап таралғалы бері өзге­рім­паздықты ойлауға жүрексінеді. Көлеңкесінен қорыққан қоянға ұқсағысы және келмейді. Тәуе­келдің жел қайығын кімнің сын­дырары мәлімсіз. Исатайы келмес­ке кеткесін-ақ тағдыры ауытқуға ұшырағанын Мақамбет пайымдайды». Бұл – Исатайы мерт болып, жалғыздық қапасына қамалғалы көп өткен, арқа сүйер ешкімі қалмаған, әділетсіз соқыр күш Қараойға тықсырып әкелген Мақамбеттің сатқындықтан аз жапа шекпегенінен сыр суырт­пақтағаны.

Мақамбет жауының алдында мәймөңкелемейді, аласармайды. Сөйтпесе ол Мақамбет бола ма? «Мақамбетті сұлтанның орда­сына шақырғанда, Бай­мағам­беттің ойы сағы сынған, тауы шағылған ақынды сарайға бұлбұлша сайратып қоймақ-ты». Құдай-ау, Ма­қамбеттің сағы сынушы ма еді. Тауы шағылған адам Байма­ғамбетке қарсы: «Ежелгі дұшпан ел болмас, етектен кесіп жең бол­мас» деп, кесіп айта ма? Енді оның дұшпаны не істемек керек? Қанатын қайырдым, тәубесіне түсірдім дегені өзіне қырандай шүйлігіп тұр. Сан айла­лы сұлтанға дұшпанын тұқыр­тудың амалын табу қиын болып па? Сатқындық машинасын іске қосса, жетіп жатыр емес пе? Мақамбеттің жанынан жансыз-сатқын табу, не тәйір? Сатқын қиындықсыз табылды, ол – «Қараойға бекінген Ма­қам­беттің қара шаңырағын бейіл­дес елмен астарластырушы – Ықылас». Мақамбеттің жақыны.

Ешқашан көңілін жығып көрмеген Ықыласқа Мақамбет аса сене қоймайды. Өйткені «Кімнің тарысы піссе, соның тауығы болатындар Мақамбетке қияметтік дос бола алмақ емес. Ықыластың дастарқандық қомағайлығы енді қобалжу туғызғандай». Қайта оралып соғуға тиіс Ықыластың кешігіп жатқанына күдіктенген Мақамбет барар жер, басар тауы қалмаса да бір амалын тауып отырған жерінен жылыс­тап кетуіне болар еді «Ықылас адал боп шықса, ертең оның бетіне қалай қарамақ. «Қатындай қашты!» деген қара қаңқудан немен құтылмақ», деген ойы етектен басқан.

Жазушы ақынның басына қатер төніп келе жатқанын әңгіме басталғаннан-ақ сездіреді. «Мақамбет бүркіттей түйіліп, аспанға қарайды. Кіреуке бұлт қоюлана түскен. Бағанағы алтын жамбы жездей ғана жылтырайды. Қараойды айнала қоңыр көлеңке қонып, тұнжыраған мұңды әдіптеп тұр».

Өзді-өзімен оңаша ой семір­тіп, жан дүниесі аласапыран күй күшкен ақынға, Қараойға туысқан, жанашыр кейіптегі Ықылас бастаған, араларында Жаңаберген би бар көр соқыр, қорқақ, пенделіктің батпағына белшеден батқан топ салып-ұрып келеді. Мақамбет қанша жерден секемдесе де оларды бауырларым, мүдделестерім деп қабылдады. «Жұмбақ жолаушылар аттарын шідерлеп отқа қоя бергенде, «Е, тәйірі, бауырларым екен ғой!» деді Мақамбет.

Көрсоқыр әрі қорқақ топ батырды қарусыздандырып алды. «Ел ағалары ұшып-қонбай, жата-жастана кеңесер болар. Шекпеніңді сыпыр, белдігіңді шеш. Қанжарыңмен үрейімізді алма». Бұл Жаңаберген бидің сөзі. Мақамбет айтқанын риясыз пейілмен орындады. Одан әрі үнқатысу былай өрбіді: «Жаңабергеннің қызыл күрең жүзі шамалы қуқыл тартты. Тісін аршамен шұқып жатып:

– Мақамбет қарағым, сонымен, не істемек ләзім? – деді. Мақамбет кәрі жыны қызып, саңқылдады.

– Дұғадан, батадан Баймағам­бет сұлтанның аузы-басы қисай­майды. Тасаттық азаттық әкел­мейді. Қару жию керек. Еркек кіндікті атқа қондыру керек. Сіз-ақ бастаңыз. Мен – қоштайын. Жаңаберген Ықыластың бетіне қарады. Ықылас саусағын сыртылдатып:

– Еркек кіндікті Жайықтан өткізе алсақ... – дей бергенде, Мақамбет қайта саңқылдады.

– Серкесі болсаң, өтеді. Ал егер, сасық текедей бақылдап, көт­кеншектесең, құрдымға кім түседі?» Мақамбеттің осы сөзі Ықыласқа бәлені бастауға сәтті сылтау-желеу болды. «Е, анаңды...» деген Ықылас малдас құрып отырған Мақамбетке бас салды. Басқалары да жабыла кетті. Мұның соңы...

«Мақамбет тілге келмей кетті. ...Қараойдың қойнауында қаралы үй жапа-жалғыз қала берді». «Әуес күйеуін құшақтап, қыздай сыңсыды. Нұрсұлтан етпеттеп еңіреді». «Сол түні ай тұтылған...». Қараой оқиғасы осылай аяқталды. Аяқталды дегеннен гөрі Мақамбеттің халқымен мәңгілік бірге жасар өмірі осылай басталды. Оқиға қасірет жырының өзегіне айналды.

Тәкен Әлімқұлов «Қараой» арқылы көзі қарақты қазақты Мақамбеттің биік рухының, өршіл болмысының сырын ұғуға меңзеп кетті. Бұл сырдың өн бо­йында ұлтымыздың ұлы арманы жатқанын түсінер ұрпағымыз болғай.