• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 25 Сәуір, 2022

Дегдар

1451 рет
көрсетілді

«Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар» деп Әлихан Бөкейхан болашаққа ұлы сенім артады. Әлихан бастаған Алаш арыстарының көбі оптимист болғанға ұқсайды. Ұлтына қызмет еткен тұлғалардың дені сондай ұлы сенімнің иесі дер едік.

Саналы адам сенгенде, әйтеуір бола­шақ әкеп бере салады деп бос қиял мен арманға иек артпайды. Ұлы мұрат жолындағы ақ, адал ісі мен еткен еңбегін медет тұтып, қалдырған мұрасын негіз етсе керек келешекке. Ақиқатты таныған жан жолының дұрыс, бұрыстығына көз жеткізіп барып болашаққа сенім артпай ма? Қалдырған еңбектеріне қарап, «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз» деген Алаш қайраткерлері қандай оптимист еді деген ойға қаласың. Жазған-сызған публицистикалық шығар­маларын там-тұмдап оқыған сайын бертініректе олардай оптимистік бағытта қалам тербеген көсемсөз шеберлерін түгендей бастайсың. Санаға бірден Камал Смайыловтың публицистік шығармалары сап етеді. Студенттік кезде оқыған «Елім саған айтам, Елбасы, сен тыңда» кітабындағы Шерхан Мұр­­таза екеуінің осы «Егемен Қазақстан» бетінде жазысқан хаттары, оның тууына түрткі болған себептер еске түседі.

Мұқағали «қуат алып жырына бәз даладан» демекші, Ка­мал кө­семсөзі қазақтың ілкі мұра­ты­нан тамыр тартатыны бірден бай­­қалады. Ұлттың тағдырын жы­­­лап та, қамығып та, күйініп те, күйреп те, түйреп те, күліп оты­­­­рып та жеткізуге болады. Қа­лам ұстаған тұлғаның сөз саптау машығы әртүрлі десек те, осы­­лардың арасында ең биігі ал­да­ғы уақытқа сеніммен қарап, оқыр­манды жігерлендіре отырып, ойын неғұрлым күлкімен жеткізу дер едік. Адам дүниені алдына алып, биіктен көз жібергенде ғана күле қарауы мүмкін жалғанға. Кө­біне оптимистік көзқараста жаза­тын белгілі публицист Камал Смайыловтың көсемсөздері де ой мен сананы сергітіп, көңілге қанат бітіреді. Ең бастысы, сенім ұялатады. Дегдар талант, білімдар публицистің ондай қасиетін ол тура­­лы жазғандар да, қатарластары ашық мәлімдейді. Иә, болашаққа сеніммен қарау екінің бірінің қолынан келмейтін алып күш-жігер мен асқақ рухтың ғана емес, көл-көсір білім мен білікті талап етеді. Мосыны ұстап тұратын ошақтың үш бұтындай осы үш қасиеттің үшеуі де көрінеді Камал жазбаларынан.

 

Тек пен тамыр

Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтың 1996 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде жа­зысқан көсемсөздердің тууына түрткі болған Камал Смайылдың «Қазақстан. ХХІ ғасыр» атты оптимистік көзқарастағы публи­цис­тикалық мақаласы. Тәуелсіз Қазақстанның қалай құрылғаны, кеткен кемшіліктер, жіберген қате­ліктер, жарға жығатын жаңсақ­тық­тары мен оны шешудің жолдары қоса ұсынылған, тіпті болашақ даму бағыттарын айқын­дап, ұлттық ілгерілеудің негізгі қағидаттарын меңзеген бір дәуірдің баяны іспеттес еңбектегі ойлар әлі күнге құндылығын жоймаған. Ондағы ойлар мен пікірлер, нақты тұжырымдар мен пайымдаулар, байыпты болашаққа жету жолына құрылған лайықты жоспарлар күні бүгінге маңызды, күні бүгінге өзекті. Тіпті алғашқы жауабының өзінде-ақ Шерағаң «оптимист, ақ көңіл, аңқылдақсың, Камал. Адам ой-азаптан азып-тозбас үшін осындай қасиет те керек шығар» деп бір кетсе, екінші хатында: «Оптимистігіңе тағы да таңғаламын», дейді. Ал үшінші хатында «Алғашқы мақалаңда сен Күннің көзінен шылым тұтатып тұрғандай асқақ едің», дейді. Мұнша асқақтық пен үлкен сенім қайдан бітті қаламгердің бойына деуге бола ма? Туабітті, жаратылысынан дер едік. Ұлт көшбасшысы Ә.Бөкейхан «ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» демей ме? Қасиетті Ұлытаудың тумасы Камал Смайылдың тұла бойында жұртым деген қан теуіп тұрғанға ұқсайды. Бір сұхбатында өзі «әкем Сейітжан Троицкіде медресе бітірген, орысша-қазақша бірдей сауатты, өз заманының сұңғыла адамы болды. Ұзақ жылдар бойы мектептерде ұстаздық етті. Көп шұ­қынып оқуым, білгенімді зер­де­леп-зейіндеп замандастарыма ұсынуым, бәлкім сол кісінің тия­нақты тәрбиесінен шығар» дейді.

«Қолға қалам алуыма себепкер әуелде газет-журналдарды түгін қоймай қопарып оқудан басталса, кейініректе өзімнің немере ағам Баубек Бұлқышев атымен тікелей байланысты. Баубектің атасы Байқоңыр мен менің атам Смайыл бір кісінің балалары болатын. Баубек аға өзі бір аса қияпатты, келбетті адам еді. Алматыдан ауыл­ға каникулға келгенде маған ойын­­шық әкеліп бергені, қызықтап әңгі­мелескені есімде қалыпты. Оның сол кезде де газеттерде мақа­лалары шығып тұратын. Осы кісіге еліктеп, бәлкім сондай болсам деген бір арман мені де жетелеп журналистикаға әкелді. Сөйтіп, менің бүкіл өмірім журналистикамен біте қайнасып кетті».

Сұхбатындағы осы сөздерді қаперге тұтсақ, қаламгердің ерік-жігері мен рухының беріктігі тегінен болып шығады. Өйткені от күйдіргендей Баубек Бұлқышевтың «Шығыс ұлына хат» немесе «Өмір мен өлім туралы» публицистикалық шығармаларындағы асқақ сезім мен ұлттық рух, ертеңге сенімді көп шығармадан кездестіре алмайсыз. Ұрыс даласында, жауған оқтың астында жатып асқақ сөйлеп, терең толғану тек арыстандай айбатты, жүрегінің түгі бар ерлердің ғана қолынан келеді. Олай болса, Баубектің інісі Камалдың оптимист болмауға хақысы да жоқ еді. Бойдағы қан теуіп тұр ғой. «Баубек Бұлқышев менің рухани ұстазым болды, көсемсөз жанрына келуіме, онда өмір бойы «тұрақтап» қа­луыма Б.Бұлқышевтың игі әсері болды. Жалпы, адам жас кезінде тез әсерленгіш болады, оның кейде адам болашағына түбегейлі бағдар сілтеуі де мүмкін» дегеніне түсінік беру артық.

 

Кемел көсемсөзші

Ол ең бірінші публицист. Жо­­ғарыда Шерхан Мұртазамен жазысқан хаттарын мысалға тарт­тық. Одан былайғы бірнеше көлемді мақа­лаларының кез кел­генін алып тал­дап жіберсе, ұлт­тың керегіне жарар алтын түй­мелер. Көсемсөз өне­рінде қа­лам­гердің қаузамаған тақыры­бы, айтпаған түйткілі аз. За­ма­нын­да Қазақстанның басынан ба­қайшағына дейін бір-ақ түсіп, қай­та жоғары өрмелеп, қай салада қандай қауіп бар, алдын алу үшін нендей қам-қарекетке барған дұрыс екенін жіліктеп көрсетіп отырған. Әсіресе, экономикадан бастап ұлттық мәселелердің өзе­­гіне бір сүңгіп шығады да, әлеу­меттің күнкөріс саласын бір қыды­рып ке­леді. Өндіріс, өнеркәсіп сала­сы­ның тетіктерін түгендеп шыға­ды. Бір кезде саяси дүниелерді жі­лік­теп, оң, терісін көрсетеді. Жал­пылай айтқанда Камал публи­цистикасында қамтылмаған тақы­рып, көтерілмеген мәселе, айтыл­ма­ған ақиқат жоқ десе жарасады. Көсемсөзші болғанда да, солар­дың арасындағы кемелі деу­ге хақы­лымыз. Ол экономист, статист, иде­о­лог, әлеуметтанушы, сая­сат­та­ну­шы, тарихшы, әдебиетші бо­лып кете береді. Басқаны былай қой­ғанда көсемсөздегі ең ауыр, күр­делі сала – ғылыми-танымдық пуб­­лицистика жанрында қалам тер­бе­ген аз қаламгердің бірі һәм біре­­гейі. «Екімыңыншы жылдар электроника заманы болады. элек­­тронды есептеу машиналары өмір­дің, жұмыстың, тұрмыстың барлық салаларына араласады. Ешбір өндіріс оларсыз күн көре алмайды. Электронды есептеу машиналары:

Адам баласы жинақтаған білім қорын сақтайды да, қажет болған мағлұматты дереу тауып береді;

Медицинада аурудың диагнозын тура да тез анықтайды;

Сабақ оқыту процесін мұға­лімдерсіз өздері жүргізеді;

Барлық транспорт жүйеле­ріндегі қозғалысты басқарып, үй­лес­тіріп, реттеп отырады;

Компьютерлер арқылы адаммен «тілдесіп», оның тапсырмаларын қа­был­дап, бұлжытпай орындайды» .

Біз мысал ретінде келтірген бұл жолдар қаламгердің ғылыми-танымдық мақалаларының жүзден бірінің жаңқадай жұқанасы ғана. Сымсыз телефон («Телефон қалай болады?» мақаласы) пайда болып, оның қалай іске асатыны туралы бөлшектеп жазғандары тіптен қызғылықты.

Ғұлама Әбіш Кекілбаевтың «бізді бодандық қалай сынаса, бостандық та солай сынайды» деген әулие сөзін біз кейіндері естідік. Оны тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында Камал да айтқан екен. «Қазақтар және әлемдiк деңгей» деген мақаласында «ендi тәуелсiздiк келдi. Еркiндiкпен бiрге жауапкершiлiк, үлкен мiндет түстi мойынға. Осы тұрғыдан ойла­сақ, не бар, не жоғын саралайтын кез келдi. Біз өзімізде сатуға арзан шикізатты көп өндіреміз де, нақты пайда-табысты көп беретін дайын өнімдерді аз шығарамыз. Бізде мың шаршы километрге 30 километр асфальт жол салынған. Бұл жағынан Қазақстан Моңғолиядан ғана алда екен. Қызылорда мен Жезқазғанның, Жезқазған мен Арқалықтың арасы жаңа темір жолмен қосылса, сонда Ресей мен Орталық Азия елдері бір-бірімен жақындай түсер еді. Сөйтіп, Қазақ­стан өзінің ұтымды орналасуынан көп пайда табуы ғажап емес», дейді. Мұндағы соңғы жолдардағы ойлар Камал айтқан кезден көп кейінірек, кешіректеу қолға алын­ғанын білеміз. Қазақстанның қай саласы ақсап тұрғанын және оны қалай шешсе оңдырақ боларын нақты мысалдармен, қолмен қойғандай көрсетіп кеткен. «Осы эко­номикалық реформаны, нарық­қа жолды бастаған Ресейге еріп, біз де қойып кеттік. Бес жыл бойы соларда не болса, ертең бізде де тап сол болатынын көріп, көзіміз жетіп келеді... «Өз топырағында, өз жерінде арзан жұмысшы күшіне айналу деген – неоколониализмнің ең бір жасырын да жексұрын түрінің бірі», деп Марат Қабанбай жазғандай, шетелдерге басқаруға берген кәсіпорындардың басшысы, өндіріс жүргізушілері арасында қазақтар біртіндеп азайып, ығысып бара жатыр... Өндіріс түзелмей ештеңе де оңалмайды. Ресейге еріп бұрыс жолмен кеткенімізді мойындауымыз керек» деген жолдар «мен қауіп еткеннен айтамын» деп ұран салып тұрғанын байқаймыз.

Ұлт қайраткері

1962-1964 жылдары Ка­мал Смайылов республика ком­со­молының идеология жөнін­дегі хатшысы қызметін атқарғаны айтылады. Жоғарыда бұл кісінің білмейтін саласы аз болғандықтан, ұлт мүд­­десіне келгенде араласпаған са­ласы жоқ дедік. Сол кездің өзінде әдебиет әлеміне енді келген қазақтың талантты ақын-жа­зушыларының жазғандарын насихаттау мақсатында алғысөзін өзі жазып, әдеби жинақ шығартқан екен. Шығармалары жинаққа енген жастардың арасында қазақ әдебиетін өрге сүйреген Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов, Оспанхан Әубәкіров сынды ақындармен қатар, классик жазушыларға ай­налған Шерхан Мұртаза мен Мұхтар Мағауин бар. Бұл кісілер болашақты осылай танып, бағам­да­ған. Ал «Қазақфильм» киностудиясын, Кинематография жө­н­індегі мемлекеттік комитетті басқарып тұрғандағы ерен еңбегі мен тәуекелі кімді де болса бейжай қалдырмайды. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген сөзді еске салады. К.Смайылов келгенше Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» киносценарийі киностудия мұрағатында қалып келген көрінеді. Киностудия тізгінін алған жаңа басшының көзі бірден соған түседі. Ол кезде кино түсіру үшін де Мәскеудің рұқсаты керек екен ғой. «Қыз Жібекті» көрген бойда автордың рұқсатынсыз-ақ Мәскеуден фильм түсіруді бекіттіріп әкеледі. Түсіре бастағанда тағы бір мәселе туындап, Мәскеуге маңдай тіреуге тура келеді. Оны өзі былай еске алады. «Қыз Жібек» фильмін түсіре бастағанда алғаш жобалағанындай, бір серияға сыймайтыны айқын болды. Ол кезде бар мәселе Мәскеуде шешіледі. Одақтық комитетке көрсеттік. Олар: «нағыз ұлттық фильм екен, бірақ екінші серия бере алмаймыз, сол көлемде, сол қаржымен шығарыңдар», деді. Сұлтан Қожықов екеуміз мойнымыз салбырап, Қазақстанның сол астанадағы өкілдігіне келдік. Сонда сіз бар екенсіз, кіріп жағдайымызды айттық. Сіз дереу тікелей телефонмен одақтық кинематография комитетінің төрағасы Романовпен сөйлестіңіз. Ертеңіне мәселе бірден шешілді, қаржы да бөлінді. «Қыз Жібек» фильмі екі сериялы болып шығатын болды», дейді. Мұндағы сіз деп отырғаны – Дінмұхамед Қонаев. Фильмнің сценарийін жазушы – Ғабит Мүсірепов, режиссері – Сұлтан Қожықов, композиторы – Нұрғиса Тілендиев, редакторы – Асқар Сүлейменов, суретшісі – Гулфайрус Исмайылова, ақын Қадыр Мырзалиев болған соң тегін туынды шықпасы тағы анық қой. Казақ киносының жауһары саналатын «Қыз Жібек» ұлт өнері мен мәдениетінің үлкен табы­сы деуге тұрарлық үздік дү­ние. Кезінде қазақ киносын әлемге танытты деушілер де бар. К.Смайылов киностудияның директоры кезінде жалғыз «Қыз Жібек» қана емес, «Қилы кезең», «Қан мен тер», «Алты жасар Алпамыс», «Атаманның ақыры» фильмдерi түсiріліпті. Бұлардан тыс «Атамекен», «Тақиялы перiш­те», «Көксерек», «Қараш-қараш оқиғасы» сияқты ұлттық көркем фильмдердiң түсірілуіне бастамашы болған. Телевизия саласында жүргенiнде «Айтыс», «Терме», «Тамаша» секiлдi ұлттың рухын көтерер бағдарламалар эфирден түспеуін жолға қойған.

 

«Мыңнан біреу...»

Орталық Азия елдері арасында тұңғыш мультфильм Қазақ­станда және ол тікелей Камал Смайыловтың қолдауымен дүние­ге келгенін екінің бірі білмес. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінің түсірілу тарихын естігенде таңғалдым. Бұл туралы қазақтың тұңғыш мультипликаторы, кинорежиссер Әмен Қайдаровтың сөзін алға тартамыз: «1966 жылы «Қазақфильм» киностудиясына журналист Камал Смайылов басшы болып келгенде мен Бүкілодақтық Мемлекеттік кинематография институтын енді ғана бітірген жас маман едім. Қазақ мәдениетінде жоқ өнер саласы – мультипликацияның іргетасын қалауды армандап жүргенімді жаңа басшыға айтқанымда ол мәселені табан астында шешіп, үлкен өнердің тууына бастамашы болды. Әрине, «Қазақфильм» киностудиясына ұялаған қарлығаш Камалдың талай сәтті еңбектерінің бірі ғана еді».

Біз сөзімізді Қазақстанның ха­лық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың пікірімен түйіндейміз: «Ұлттық мүдде мен ресми саясат атымен қабыспайтын кереғар жағдайда мәдениет майданында басшылық еткендердің айдарларынан жел есе қоймайтындығы айтпаса да түсінікті. Алайда соған қарамастан, ұлттық руханиятқа қалтқысыз қызмет ете алған азаматтар ол кезде аз болмады. Олар екі оттың ортасында жүріп, қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, өз халқына пайда тигізіп бақты. Бұл оңай шаруа емес еді. Мен сондай жанкешті еңбектің иегерлері қатарына Камал Сейітжанұлы Смайыловты жатқызар едім.

Ресми билікпен арадағы шытырмандар әлгіндей болғанда, өнердің өз ішіндегі шырғалаңдары да оңай тимейтін. Таңқылардың таланттарды көре алмай жасап бағатын айла-шарғыларын былай қойғанда, әр таудың арқары болып қалған атақтылардың өздерінің тарттырар тауқыметі аз болмайтын. Жер бетіне өздері сыйғанымен, шаңырақтай-шаңы­рақтай мүйіздері сыймай, қаралай қақтығысып, шатақ салатын. Ондай ортада ұйымдастырушы болып, ортақ істі алға бастыру қиынның қиыны еді.

Бір қызығы, Камал Смайылов соның бәрін ләззат санамаса, азап санамайтын сыңайлы. Осы ғұмырында екі бірдей журнал шығарыпты. Киностудия басқа­рыпты. Кинематографияға бір емес, екі рет бастық болыпты. Телевизия мен радиокомитетті де екі рет басқарыпты. Үкіметтің осындай қиын саланы үйлестіретін бөліміне екі рет, Орталық Комитеттегі бөлімге үш рет барыпты.

Бұл тек мәртебе қуғандыққа ұқсамайды. Өзі сүйетін іске шек­сіз берілгендік шығар. Бір кезде өзі бастап берген істің ен­дігі тағдырына да қабырғасы қайысқандық шығар. Мыңның біреуі емес, мыңнан бі­реу… Жа­рат­қанның айрықша мейі­рімі түскен нысаналы перзенті…»