• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Абай 28 Сәуір, 2022

Бай Абай, кедей Абай

3026 рет
көрсетілді

Жұрт та, мүлік те – бәрі құдайдың өзінікі, дейді Абай «жиырма сегізінші сөзінде». Соның әлқиссасында «Біреу бай болса, біреу кедей болса, біреу ауру, біреу сау болса, біреу есті, біреу есер болса, біреудің көңілі жақсылыққа мейілді, біреудің көңілі жаманшылыққа мейілді – бұлар неліктен десе біреу, сіздер айтасыздар: құдай тағаланың жаратуынан яки бұйрығынша болған іс деп. Жә, олай болса, біз құдай тағаланы айыбы жоқ, міні жоқ, өзі әділ деп иман келтіріп едік» деген.

Ал ақырында «жоқ, сен жақсылық, жамандықты жаратқан – құдай, бірақ қылдырған құдай емес, ауруды жаратқан – құдай, ауыртқан құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан – құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе – жоқ» деген ойға тоқтайды, тоқтамға шақырады.

Байлық пен дәулет өлшемі заманына, халықтың тұрмысына, құндылықтарға, сауда-саттық ісіне қарай өзгеріп отырады. Бүгінгінің бай кісісі деп бірнеше өнеркәсіп ошағының иесін, өлмес идея­дан туған күймес кәсібі бар, сан алуан маркалы көлігі бар, тіпті кейде дүние елдерінің шотындағы шүбәлі қаржысы бар кісілерді де атап жатады.

Ал Абай заманындағы қазақ үшін дәулет дегеніміз әуелі қолдағы мал еді. Оның өзін дала жұрты бір жұттық көріп, соның өзінде көбейтуге, шұбыртуға, жер қайыстырып, шөп майыстыруға ынталы еді. Қазір де ауылдағы ағайын жайылым мүмкіндігіне қарай жүздің үстінде, тіпті мыңның үстінде ірі-қара, ұсақ мал ұстап жатады. Соның бәрін қосқанда қаладағы бір адамның қос қабатты зәулім сарайына жетпес пұл болады. Міне, бүгінгі заманда байлық пен дәулет дегенге бір жүйелі өлшем жоқ. Әлем алпауыттарының өзі бір күнде бір мемлекеттің қорына пара-пар қаржы жоғалтып, келесі күні оны екі есе ұлғайтып жатады.

Хакім Абай осы бір өзгермелі, құ­был­­малы дүниенің құрдымынан кісі сақтауға ынтызар. Ақынның байлықты мал деп білмегені екібастан анық нәрсе. «Егерде мал керек болса — қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегiн сатқан қол­өнер­лi — қазақтың әулиесi сол» дегенде, бүгінгі біз кімді әулие санаймыз, кімге кіріптар болсақ соны пір тұттық па, кімде құзырет болса, соның қолайына жағайық дедік бе деп шошынасың. Абайдың «Егер менің ішімді жарып өрсең, жылауыңды тоқ­татып, шошыр едің» дегенде, бүгінде кім­нің ішін жарып көрсе, сол күйді ке­ше­ріңді білмейсің, кім ішін ақтарып көрсете қояр дейсің.

Елден алғаныңды елмен бөліс, жерден алғаныңды жер иесіне де бер деген кешегі сөзді ықтияр көре қойған қанша кісіміз бар еді енді? «Қусың» десе қуанатындар да кездеседі» деген де осы екен.

«Қулық, сұмдық, ұрлықпен

мал жиналмас,

Сұм нәпсiң үйiр болса,

тез тыйылмас.

Зиян шекпей қалмайсың ондай iстен,

Мал кетер, мазаң кетер,

ар бұйырмас»,

Абай осыны айтқанда мазалы бай­лық­­ты, арлы дәулетті айтқанын тағы ұғасың.

Тағы ұғасың да, «уайымсыз салғырт­тық деген нәрсе бар, ол Алланың, халық­тың, дәулеттiң, ғибраттың, ақылдың, ар­дың дұшпаны, бiрi бар жерде бiрi болмайды» деген ойдың талқысына түсесің.

Кәсіптің көзін іздеуші жан көп. Оның көзі жалықпас еңбекте, талмас білекте деп білетіні аз. Тез баюдың төте жолын таба қойғысы келеді. Ал жұтамас өнер іздеуге жалығуға бейіл. Мұны да Абай «Пендеде бiр iс бар – жалығу деген. Ол – тағдырда адаммен бiрге жаратылған нәрсе, оны өзi тапқан емес. Оған егер бiр iлiксе, адам баласы құтылмағы қиын» деп нақтылайды.

Абайға салсақ, өзгеден озу үшін озық білік, опырылмас ождан керек, «тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғы­лым, ар, мінез деген нәрсемен оздым ғой демектің бәрі бекер».

Оған тағы бір сөзін қосыңыз: «Ерін­шек­­тік – күллі дүниедегі өнердің дұш­­­паны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұят­сыз­­дық, кедейлік – бәрі осыдан шығады».

Абай бай ма, кедей болды ма? Бұл да байлық пен кедейлікті қалай түсі­нуге қатысты екен. Байлықты мал мен мү­лік десек, Абай – кедей. Қолында малы бол­мағанынан емес, оны мұрат тұтпа­ғанынан, асыл көрмегенінен. Байлықты өнер, ғылым, ар, мінез деп Абайша сара­ласақ, Абай – бай. Қорында малы болға­нынан емес, мал мен мүлікті өнерге, ғы­лымға, бала оқытуға, басқаға шарапатын тигізуге жұмсағанынан.

Осында бір нақты сауал туады, оны игілікке жұмсай алардай, Абайда және оның айналасындағы адамдарда қанша мал болды? Біздің қолымызға 1900 жыл­ғы Семей өңіріне қатысты есеп-қисап кітабы түсті. Оны Еуразия кітап көрме-жәрмеңкесіне Семейде­гі Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасы алып келген екен. Кітапты қарап отырып, қы­зықты мәліметтердің кең қорына ұшы­растық. Сондағы мәліметтер мен өзге де деректерді салыстыра отырып, Құнанбай әулеті және Абай, оның ұрпақ­тарының мал-мүлік есебі жайлы дерек­терді бөліскенді жөн көрдік.

1915 жылы жарық көрген «Сельско-хозяйственный обзоръ Семпа­ла­тинской области за 1914 годъ» деген кітаптың маңдайына «Печатается по рас­по­ряженію г. Губернатора Семипа­латинской об­ласти» деп бір қойып­ты. Статистика бө­лімінің меңгерушісі Е.Тимофеев деген кісі алғысөзін жазып, әр алуан жайдан хабар беріп, адамдық ісін қылыпты. Мәтінін сол замандағы орыс тілінің тәртібіне сай, өзгеріссіз ұсындық: «Въ виду того что Статистическій Отделъ началъ функціонировать лишь съ мая месяца отчетнаго года, трудно было сразу подыскать достаточное число подходящихъ добровольныхъ корреспондентовъ. Всего было разослано Отделомъ 9000 летнихъ опорсныхъ книжекъ. Изъ нихъ заполненными поступило обратно въ Отделъ 390, которыя и положены въ основу «Обзора... Первый опытъ въ Семипалатинской области собиранія сведеній черезъ добровольныхъ корреспондентовъ сказался на полнотъ и качествъ матеріаловъ. Некоторыя сто­роны хозайства были очерчены весь­ма слабо корреспондентами и эти мате­ріалы не могли быть использованы Отделомъ вполне».

Бұл «Обзордағы» мәліметтер мен де­ректер 1914 жылдың қорытындысы бо­йынша деп көрсетілсе де, жан саны мен мал-мүліктің дерегі 1900 жылы алын­ған мәліметтер негізінде жазылғаны қосымша айтылады.

Соның «Чингисская волость» адм. аулъ №1» деген бөлімінде 30 адамның тізі­мі беріледі. Шыңғыс болысында­ғы Қара­шоқы, Сарыөлең, Ащықұдық, Мың­қазан, Қаражал, Қаражартас, Қарабиік, Қара­құдық, Жидебай, Бал­ғабай, Жаңғызтал, Бақтышоқы, Құ­лыншақ, Жаманбақсы, Қосқұдық, Қыр­құдық, Тоқтамыс мола, Қоныспай мола, Борсықпай мола, Жалпақтөбе секілді қыстауларды (зимовка) мекен еткен адамдардың әлеуметтік жағдайы туралы мәліметтер молынан берілген. Рет саны бойынша 13-ші Ибрай Кунамбай деген кісінің аты-жөні, мал-мүлкінің жайы көрсетілген. Оның қыстауы – Жидебай.

Жидебайды қоныс еткен Ибрай Кунам­бай деген кісі Абай Құнанбайұлы­ның өзі екені ешқандай мәселе тудыра қой­маса керек. Оның үстіне, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, профессор Серікқазы Қорабайдың ма­қа­ласындағы мынадай пікір ойымызды ше­гелей түседі: «Ұлы ақынның азан шақырып қойған есімі ‒ Ибраһим. Бірақ бүкіл Алаш жұртына және дүние жүзіне Абай деген атпен белгілі. Зерттеушілер мұны әжесі Зеренің Ибраһим деген араб сөзіне тілі келмегендіктен Абай атапты-мыс деп түсіндіреді. Бұл дәлел бола алмайды. Ауызекі айтуға Ибраһим есімі соншалықты қиын емес. Қазақы түсінікпен Ыбырайым, Ыбырай деп те атауға болатын еді ғой. Біздің бала кезі­мізде ауыл ақсақалдары Абай туралы сөз бола қалса: «Қажының Ыбырайы немесе Құнанбайдың Ыбырайы» десетін».

Міне, осы Құнанбайдың Ыбырайы немесе «Обзорда» көрсетілген Ибрай Ку­нам­­байыңыз – бір кісі: Абай Құнан­байұлы.

Статистика бөлімінің меңгерушісі атап өткендей, мәлімет жинаушы ерік­тілердің аздығы және көбінің тәжі­рибесіздігі Құнанбай есімін Кунамбай деп қате жазуы әбден мүмкін.

Сонымен «Обзорда» Абай Құнан­бай­ұлының (Ибрай Кунамбай) он үш киіз үйі бар делінеді. Мұхтар Әуезовтің «Абай өмірбаянының төртінші нұсқа­сы» ма­қаласында «Еркежанды Абай өле-өлгенше жақсы көрумен кеткен. Мұны алған соң өзге екі әйелінен, әсі­ресе соң­ғы кезде көңілі қалған Әйге­рімнен алыс­тап кетеді. Ділдә ерте қартайып, бала­ларының анасы бол­ған қалпында жай ғана сыйлас досы боп қалады. Ендігі әйелі өзге екеуі емес, жалғыз Еркежан болғанға ұқсай­ды. Қыс болса, олардың қыстауы да Жи­де­байдан алыс болады. Абай үнемі осы Оспан үйінде, үлкен ауылда орнығып тұрып қалады. Абайдың үлкен әйелі – Алшынбай аулының қызы Ділдә. Екіншісі – тоқал алған Әйгерім. Алғашқы әйелінен: Ақылбай, Әбдірахман, Мағауия деген балалары, Райхан, Күлбадан деген қыздары болған. Екінші әйелі – Әйгерімнен туған балалары: Турағұл (Тұраш), Мекәйіл, Ізкәйіл және кіші қызы Кенже» деген дерек бар. «Обзордағы» мәліметтер 1900 жылы жазылып алынғанын ескерсек, осы он үш киіз үйде кімдер тұрғаны анық болады. Абай осы жылдары үлкен ауылда, Оспан үйінде тұрады. Үлкен балалары отау құрып, оңаша кеткен шақ.

«Обзорда» көрсетілген осы он үш киіз үйде елу адам тұрса, оның ішінде еңбекке жарамды он екісі ер адам, он екісі әйел затынан екен. Оның төртеуі – жалшылар, малшылар. Осы тұста ерекше айта кетер бір мәселе бар. Абай­дың төрт қызметшісі бар деп көрсетілсе, соның бәрі 20 жылға жуық уақыт осы үйде жүріпті. Абайдың жай­лылығы осында. Соның бірі – кезінде Құнанбай әулетінде, Оспан үйінде отын­шы-сушы қызметінде жүріп, кейін Абайға қызмет қылған Шәукімбай болар. Шәкәрімнің суретін сақтаған Шәу­кімбай Бақтыбайұлы да сол.

Абайға тиесілі жылқы – 593 бас, құлын – 167, сиыр – 51, бұзау – 24, түйе – 51, ботасы – 7, қой – 1417, ешкі – 19.

Жалпы, Абайға осы мал кейіннен біткені жайлы мәлімет жеткілікті. Со­ның бірі – Мұхтар Омарханұлының жоға­рыдағы мақаласы: «Осы екі арада Абай өмірінде болған үлкен өзгеріс – 96-жылы Оспанның үйіндегі (бұл Құнанбайдың үлкен үйі) Еркежан деген келінін алады. Оспан өлгенде артында қалың дәулет пен үш әйелі қалған. Бірақ еш біреуінен бала жоқ. Оспанның үш қатынын Тәңірберді, Абай, Ысқақ сияқты үш ағасы алып, ­ауылдары, көп мал мүліктерін де ке­лін­дері отырған орындарға қарай бөлісіп ала­ды. Көп сыбаға үлкен келін мен Абай­ға тиісті болады». Бірақ Абай Оспан­нан қалған мол дәулетті әділдікпен ағайын­ға бөліп бергенін байқаймыз: «Осыдан кейін, Оспан өлгеніне 5 жыл толғанда, 1895 жылы Абай Еркежанды алады. Еркежанмен қоса Оспанның, Құнан­байдың үйіндегі мол байлықтың бәрін Абай өзі түгел баспайды. Оспанның өзге екі қатынын алған екі туысқаны Тәкежан, Ысқаққа тең қылып мал мен қыстау, қо­ныс енші бөліп береді».

Оспанның қанша дәулеті болды және ол қайдан келді? Абайды зерттеуші Асан Омаров «Абай бай болған ба?» атты ма­қаласында мынадай қызықты дерек келтіреді: «Сол сияқты Оразбай, Тәке­жандар шашаусыз үнемшілдік, асқан малсақтықпенен, Жиренше, Дүтбайлар ел дауы, жүгініске көп араласып, билік айтуменен, ал Құнанбай­дың Оспаны Қоянды жәрмеңкесі арқы­лы «сауданың тегін» табу жөніменен байыған. Мысалы: «...Осы ретпен істе­ген саудадан Оспан тез арада көп мал құрап байып алады, – деп жазады Әрхам Ысқақов. – Жылқы мың жарым, түйесі үш жүздей, қойы екі-үш мыңдай болды».

Оспанның да орынды іспен тап­қан дәулетін Абайдың да асқан әділет­тілікпен тең бөлгені көрінеді. Жоғарыда айтылған малдың үштен, тіпті төрттен бірі ғана Абай­да қалады. Оған Абайдың өз енші­сіндегі малды қосыңыз.

Абай өз заманындағы өзге де ақын-жазу­шылар, атап айтқанда орыс қалам­герлері секілді кітабын шығарып, қалам­ақы алып көрген емес. Қайта, Абай өзі қаламақы төлеп отырды. Абайды қазақ арасына қолжазба күйінде таратқан, қазір де бірден-бір сенімді дереккөзі болып саналатын Мүрсейіт Бікіұлы Абайдың әдеби хатшысы болған екен. Бұл жа­йында Мұхтар Әуезов: «Бұл ретте Абай сөздерінің шашылмауына, жоғалмауына мезгілімен тізіліп, жазылып, елге тарап отыруына көп еңбек еткен молдалар бар. Олар Кішкене молда, Самарбай, сонан соң әсіресе Мүрсейіт. Баспаға шыққанынша жыл бойы әлденеше рет Абай жинағын көшіріп отырып, Мүрсейіт бір кітапты бір қойға сатушы еді» дейді. Тағы бір сөзінде былай дейді: «қазақ ортасында Абайдың шығармаларын сүйіп, сүйсініп оқып, ұзатылар кезінде Мүр­сейіт, Самарбай, Дайырбай сияқты көшірушілерге жаздырып алып, өзде­рінің жасау сандығына салып алып кеткен бір топ қыздарды білеміз».

Мүрсейіт Бікіұлының, Айдарлы қыс­тауында тұрған шағында, 12 жылқысы, 2 құлыны, 4 сиыры, 3 бұзауы, 4 түйесі, 161 бас қойы, 25 ешкісі болған. Бір кісіге бұл да аз мал емес.

Абайдың өлеңдері қазақ арасында сонша құнды, бағалы болса да, Абай содан қандай да бір табыс көруді құпта­маған сыңайлы. Абайдың дүние мен мал-мүлікке қатысты көзқарасы белгілі, оның үстіне еншіге қалған, Оспаннан тиген малы бар, жадағай тұрмыс кешпес­ке, жазуға ғұмыр арнауға соның өзі де аз дәулет болмаса керек. Дүние кезуге бейілсіз, замандас дүние қаламгерлері секілді сән мен салтанатқа, аста-төк тұр­мысқа, құмар ойындарына тағы да құлық­сыз Абайға көп дүниенің расында қажеті де жоқ еді. Абай дүние мен малды, дәулетті маңайындағылар секілді күш-қайрат, билік, құзырет пен құдірет санатында көрмеген. Мұхтар Әуезов­тің мына бір сөзі көп жайды аңғарта­ды: «Абайдың әрдайым сенімді, белді би қып ерткен кісілері осы Жиренше мен Оразбай еді. Ол екеуі Абайдың ығында жүріп, елеу­сіз халден белгілі адам қалпына жет­кен­де, малданып, әлденіп күшейген күн­де­рінде Абайға ең алдымен қас болып шығады. Сол жылдардың алдында бұрын ондайлық бай болмаған екеуі мейлін­ше байып алады. Әрқайсысында мың-мыңнан жылқы болған. Оразбай бертінде жылқы санын үш мыңға да жеткізген. Ал Абайдың өз басында ешбір уақытта ондай байлық болған емес. Қайта өмірінде талай рет «шағын дәулет», «шолақ дәулет» дейтін күйлерге жақын қалып жүрген. Мынау екеуі өздері байып, әлденіп алған соң, Абайға қарсы жаулықты тобынан бұ­рын бастайды». Абайдың бұдан да жырақ, аулақ тұрғанын аңдаймыз. Өзі­нен артылар, өзгеден артпас шағын дәу­лет шашаусыз кісіге нақ емес пе?!.

Мәселен, орыстың ұлы жазушы­сы граф Лев Толстойға атадан қалған мұра 1,47 ғұшыр жер, 330 қарауындағы кісі, 4 мың күміс рубль болған екен. Одан бөлек «Соғыс және бейбітшіліктің» бір баспатабағына 500 рубль, «Анна Каре­нина» үшін 20 мың рубль, «Воскре­сениеге» – 22 мың рубль қаламақы алған.

Пушкиннің артында 140 мың рубль қарызы қалғанын есептемеген­де, «Руслан мен Людмила» үшін – 1 500, «Борис Годунов» – 10 мың, «Евге­ний Онегин» үшін 12 мың рубль қалам­ақы есептелген. Ал қарызын ақынның қаза­сынан кейін патшасы жауып бер­ді. Патшасыз Абай өзіне тиянақты болғанға ұқсайды.

Толстой да, Пушкин де осы ақшасын ысырапсыз жұмсап, шашып алды.

«Обзорда» Абаймен бірге Шәкәрім Құдайбердіұлының да мал-мүлкі жайлы мәлімет бар. Қонысын Жылқайдар қыстауы деп көрсетеді. Шәкәрімнің қо­лында 1900 жылы: жылқы – 106, құлын – 25, сиыр – 6, бұзау – 3, түйе – 8, бота – 2, қой – 385, ешкі – 33, 1 қойшысы, 2 киіз үйі болған екен.

Дәулет деп дабыра қылуға болмас, кедейлік деп көзге түртерге келмес, ғұмы­рын ілім мен әдебиетке сарп еткен, саяқ, саламатты ғұмыр кешкен, тақуалығы басым жанның бары осы. Бұл да бір нығмет.

Абайдың тете інісі, заманында Батыс-Сібір генерал-губернаторы Ба­рон Тау­бенің қолынан мінсіз қызметі үшін алтындаған қыны бар қылыш алған Ысқақ Құнанбайұлының (Кәкітайдың әкесі) қайтыс боларынан бір жыл бұрын мал-мүлкі есептелген екен: 65 жылқы, 15 сиыр, 11 түйе, 606 ұсақ малы болған.

Ағасы Тәңірберді Құнанбайұлы (Тәкежан) Күйгенқыстауды қоныс етіп, қолында 471 жылқы, 12 сиыр, 21 түйе, 805 қой ұстаған.

Тағы бір інісі, Құнанбайдың үшін­ші әйелі Айғыздан туған Смағұл Құнан­байұлының Сарқатындағы қонысында тір­кел­ген малы: 78 жылқы, 25 сиыр, 8 түйе, 130 қой, 24 ешкі.

Ал Абайдың өз кіндігінен тараған балаларының тұрмысы қандай болды? «Обзорда» небәрі отыз төрт жыл ғұмыр кешкен, мәліметтер қатталған 1900 жылы отыз жаста болған Мағауия Абайұлының өз басына жетер малы бол­ғаны жазылған. Онда Магауя Ибрагимъ деген атпен көр­се­тілген Мағауияның Ақшоқыны жай­лағаны, айдауында 195 жылқысы, 25 сиыры, 22 түйесі, 1249 қойы, 27 ешкісі бол­ғаны жайлы мәлімет бар.

Тышқан бұлағын жайлаған Ақылбай Абайұлы – Акылбай Ибрагимъ, Арал­төбені қоныс қылған Турағұл Абайұлы – Тураулъ Ибрагимъ деген есімдермен жазылған. Ақылбайдың 204 жылқысы, 14 сиыры, 15 түйесі, 578 қойы бар болса, Турағұлдың жүз жылқысы, үш сиыры, он түйесі, 572 қойы болған.

Мекәйіл (16 жаста) мен Ізкәйіл (5 жас­та) бұл жылы (1900) тым жас болған соң, әрі әке қолында тұрғаннан кейін, олардың тұрмысы мен еншісі жайлы жеке мәлімет жоқ. Мекәйілдің қалыңдық іздеуі, отауын бөлек тігуі, енші алуы осы жылдан кейін болса керек. Ақылбайдың:

«Ішік кидім бұлғыннан

құндыз жаға,

Жас дәуренді өткіздім бермей баға.

«Ақылжан» деп тұрушы ед (і)

талай қыздар,

Сұмдық шықты дейтұғын

«Ақыл аға».

Бір ән тауып Әлекең бер деген соң,

Матайды алыc бірталай

жер деген соң,

Он минутта ойыма осы ән түсті,

Қапаш-құпаш қолымды

сермеген соң»

деген әні осы Мекәйілге қалыңдық іздеп, Дәмежанды айттырып барған жолы туған екен. Мекәйілдің алғашқы еншісі – осы, Ақылбай ағасының әні болса керек.

Абай немересі, Ақылбайдың тұң­ғы­шы Әлімқұл Ақылбайұлының бұл жылы жиырма бірге енді шыққан жас желең, жігіт шағы екен. Әлімқұлдың осы тұста 44 жылқысы, 5 сиыры, 2 түйесі, 92 қойы болыпты. Байтөбетті мекен етіпті.