• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 29 Сәуір, 2022

Рухани тұтастық бәрінен биік, бәрінен жоғары

551 рет
көрсетілді

Кезінде дүниені кезген, қазақ топырағында өніп, неше құрлық асып, сол кездегі өркениеттің өріне шыққан елдер қабылдап үлгерген Мұстафа Шоқайдың Түркістан идеясы туралы енді-енді айтыла бастады бізде.

Түркістан идеясы жер бетін­дегі түркі халықтарының бірлі­гін көксеген тамам Тұран топы­ра­ғының ұлы мәдениетінен бастау алар еді. Оның ішінде түр­кі жұрт­тарының өнері мен әде­бие­ті, білімі мен өркениеті, әні мен жыры, салты мен дәстүрі, азат­тық аңсаған асыл мұраты бар. Осының бәрі жинала келе жалғыз-ақ Түркістан идеясы деген ұлы мәдениетті құрады. Және бұл ұғым сол замандағы ал­дыңғы қатарлы Франция, Гер­мания, Түркия, Ұлыбритания сияқты елдерден қолдау тапты. Себебі Түркістан идеясының түбі басқыншылық емес, азат­тық пен ізгілікті көксейтін ұлы құн­ды­­лық­тардан тамыр тартатын. Ел мен елді, халық пен ұлысты, жұрт пен ұлтты байланыстыратын адамзаттың асыл мұраттарының тұнбасы ұлы мәдениет, түгін тарт­са майы шығатын тұтастық идея­сы татулық пен ізгілікке жетелемегенде ше?

Халық пен халықты достастыратын сол ұлттардың қаны мен жанынан, ақылы мен арынан қайнап шығатын ұлттық сезім­дерінен туатын төл мә­де­ние­ті дегіміз келеді. Саясат пен экономика емес! Біртұтас қоғам қалыптастыратын жалғыз күш ортақ мәдениет екендігін тарих та дәлелдейді, оқымыстылар да айтады. Өйткені жер бетіндегі ұлт­тардың бір-бірінен салт-дәстүрі басқа болғанымен, адамзат баласының жан дүниесі ұқсас, рухы туыс. Оған мысал, Ахмет Байтұрсынұлының Крыловтан аударған қырық мысалы, Абайдың Пушкин мен Лермонтовтан аудар­ған өлеңдері. Бұлардың өзі кезінде Олжас Сүлейменовтен оқы­ған бір сөзді еске түсіреді. Та­рих­ты оқытқанда бірінші орынға дүниежүзілік соғыстарды шығара бермеу керектігін айтады Олжас аға. Оны келесі орынға түсіріп, халықтардың мә­дени, рухани байланысын бірін­ші орынға шығарса, адамзат қоғамы сонда түзеле бастайды деген сыңайда ойы бар. Дүниені алатайдай бүлдіріп, соғыс тудыратын да сая­си көзқа­растар екенін көзі ашық ел жақсы біледі.

Дүниені тұтастыратын руханият де­генді алысқа бармай-ақ, өзімізден бас­тап айтамыз десек те, халықтардың рухы мен жанындағы туыстық пен ортақ мәдениет ойды ұзаққа жетелейді. Кезінде қазақтың 1000 әні мен күйін жинақтаған Александр Затаевич Алаш дала­сын жаяу-жалпы кезіп өткен де­се­ді білетіндер. Бірінен бірі өте­тін ұлт­­тық музыкалық мұрамызды жи­нақ­­тап қана қоймай, зерттеп, зерделеп, нотаға түсіргені қай қазақты болсын бейжай қалдырмаса керек. 1920 жылға дейін Затаевич халқымыздың ән-күйлеріне қызығушылық танытып, тек кездесіп қалғандарын ғана қа­­ғаз­ға түсіріп жүргені айтылады. Со­ның өзінде Орынборда жүріп көп­теген қа­зақ музыкасын жинақтап, хатқа жазып үлгерген. Бастапқы ізденіс­тері тө­ңі­ре­гінде ол: «Мен ниет білдір­ген­дер­дің өз орындауларындағы және әдейі немесе кездейсоқ табылған музы­ка­­лық дүниелерді жазып жүрдім», дей­ді екен. Алдынан шыққанын ғана түр­тіп алып, қағазға көшіріп жүргенде 1920 жылы Орынбор қаласында қазақ да­ла­сының даңғайыр ұлы, суырып салма ақын, әнші Иса Байзақовты кез­дестіреді. Исаның бойындағы асып-тасқан өнер, әншілігімен қоса ақындық қасиеті Александрды әсірелеп айтқанда көктен Иса Пайғамбар түскендей әсерге қалдырады. Орыс тәрбиесін көрген, орысша оқыған адам сахарадан келген қазақ мәдениетінің өкіліне есі кете құлағанын жасырып қала алмаған. Даланың біртуар ұлынан ол бірнеше ән мен халық әуендерін жазып алады және Байзақов туралы: «Иса Байзақов, жас, тапқырлығы мен темпераментіне толы ақын әрі жаман емес әнші, ол әндерді үлкен пластикасымен, мәнерлілігімен орындап жүр. Сахналық тұрғыдан алып қарастырғанда, өте дарынды тұлға, туа біткен актер еді, дикциясы таза, дене қимылдары мен мимикасы айқын. Берілген тақырыпқа немесе тақырыпсыз-ақ... өлеңді тез суырып салып айтады, менің көзімше оның суырып салма өнері ауқымды аудиторияны таңғалдырып, әділ бағаны бере алатындардың шаттығына да себепші болды», дейді. Сөйтеді де бұл кісі қазақ даласын аралап кетеді. Сондай-ақ мұндай бағаны көзі көрген Исаға ғана емес, Ақан сері, Біржан сал сияқты тағы басқа да қазақ өнері мен мәдениетінің шоқтығы биік өкілдеріне беріп отырған. Ол жазбалары мәдениет пен ғылымда үлкен маңызға ие екендігін ескергеніміз жөн бүгінде.

Біз Затаевичті, оның жолын жал­ғаған, тұңғыш қазақ операсын жазған Брусиловскийді көрген жоқпыз. Есесіне олардан кем құндылық қалдырмаған, қазақ мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан Герольд Бельгер мен Юрий Аравинді танып-білдік. Толық танып-білдік деген артықтау шығар, түр-тұлғасын көріп, есіміне қанығып, еңбектерінің шет жағасымен таныстық. Ұлты неміс Герольд Бельгер қазақты қазақтардың өзінен де қатты жақсы көріп кеткен тұлға еді. Ана тіліміздегі бір сөздің 25 түрлі синонимін, балама атауын тапқан неміс текті қазаққа тәнті болмай көріңіз. Бір кездері, тәуелсіздіктің бас кезінде «қазақ болу қиындап барады» деп күйініп жазғаны есімде. Қазақ пен немісті, неміс пен қазақты жақындастыруға жалғыз Герольд Бельгердің рухани мұрасы жетіп жатыр. Осындай тұлғаның бойынан ұшқын атқан махаббаттың күштілігі сол, бұл екі елді енді бір-біріне айдап салса да, өштесе алмайтындай ізгілік пен туысқандыққа апарды. Мәдениет пен руханият деген осыншама құдіретті дүние. Герольд Бельгер айтады: «Менің Абайды тануым Гетені түсінуден басталуға тиіс сықылды еді. Қаншама қазақша оқып, қазақ ауылында өстім дегенмен, неміс емеспін бе? Бірақ бәрі керісінше болып шықты. Мен әуелі Абай арқылы Гетені таптым. Бұл әншейін айтыла салған жылтырақ сөз емес. Басқасын былай қойғанда, Гетенің әйгілі «Жолаушының түнгі жыры» атты өлеңін мен әуелі Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» деген өлеңін оқып барып, Лер­монтовтың «Тау шыңдары» ар­қылы бойыма сіңіріппін.

Ұлы адамдардың, оның ішінде әр халықтың дана ақындарының арасында рухани жақындықтың, рухани тамырластықтың, тіпті туысқандықтың бары анық болса, сол жақындық, сол туыстық Гете мен Абай творчест­во­сын­да айрықша айқын білінеді. Әр­түр­лі тарихи-географиялық ортада, әртүрлі қоғамдық формация мен тарихи кездерде, тіл мен әдеби дәстүрі бір-бірінен мүлдем алшақ жағдайда өмір сүргендеріне қарамастан, Гете мен Абай тағдырында, дүниетанымдарында, ізденіс­те­рінде, адамгершілік ынта-талабында, ұлттық мәдениетті дамытып, ұлттық сана-сезімді ояту бағытындағы ересен еңбек­терінде үндес, сарындас әуендер жиі кездеседі. Екі ұлы ақынның творчестволық үндестігі мені сонау студент кезімнен қы­зық­тырып, тол­ғандырып жүр. Сол үндестіктің фи­ло­софиялық, эс­те­тикалық, тарихи-қо­ғамдық заңдылығы мен астары бар екенін кө­мескілеу болса да сеземін», дейді.

«Дос деген бір үш-ақ әріп кей кезде, туыс деген төрт әріптен жоғары» дегені бар ақын Руслан Нұрбайдың. Тура сол сияқты, ақыл мен ойға жетелейтін рухани достық бәрінен биік, бәрінен жоғары. Қоғамдағы әртүрлі ұлт өкілдері бір-бірімен достық қарым-қатынасқа мәдениет пен руханияттағы белгілі бір тұлғалар арқылы барады. Соның жарқын дәлелі – күллі ғұмырын қазақ рухы мен мәдениетін көтеруге арнаған Герольд Бельгер, тағы бір дәлелі – жиыр­ма жылдан астам телевизия саласында қазақ музыкасы туралы мыңнан аса хабар әзірлеген белгілі ғалым, музы­катанушы профессор Юрий Аравин. Кешегі ағайынды Абдуллиндер, бер­тіндегі Лаки Кесоглу, бүгінде сахнада жүрген Әлішер Каримовтың қа­зақ өне­рін насихаттауы – халықтар дос­тығының мәдениет арқылы жүзеге асатынын білдіреді.