Соғыс жылдары біздің Амангелді ауданында Сәлімгерей Тоқтамысов деген елге жанашыр, қайырымды, қамқор басшы болыпты. Бірде сол кісі шаруашылықтарды аралап келе жатып, қақаған аязда далада қой бағып жүрген Иманбек шалға жолығады. Сақалына мұз қатып, үсті-басын ақ қырау жапқан қарияны көрген басшы: «Айналайын, қартым-ай!» деп жылы сөйлеп, амандығын сұрайды.
Ақсақал әуелде оның кім екенін білмейді. Әйтеуір үсті-басына қарап, бір уәкілге жорып, онша ішін ашпайды. Бірақ оның «айналайын» дегені қарт адамға қатты әсер етеді. Сосын аудан басшысына қарап: «Қарағым, мен өзі шешемнен жастай қалып, жетім өстім. Бала күнімнен кісі есігінде жүріп, адам болдым. Бүгінге дейін маған ешкім «айналайын» деп айтқан емес. Осы сөзді марқұм анам айтушы еді. Енді соны сенен естіп, жан-жүйем босап, шешем тіріліп келгендей күй кешіп тұрмын» деп көзіне жас алыпты. Осы оқиғаны ауыл адамдарынан естіп едім. Халқымыздың «Жақсы сөз жан семіртеді» дегені осы болса керек.
Жалпы, Сәлімгерей Тоқтамысовты білетіндер оның әділдігін, адалдығын, шыншылдығын жоғары бағалайды. Кезінде бұл кісі Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Жамбыл облыстық атқару комитеті төрағасы орынбасары секілді жауапты қызметтерді атқарған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі ғана емес, КСРО Жоғарғы Кеңесінің де депутаты болып сайланған. Оның тағы бір ерлігі − өткен ғасырдың 60-шы жылдары еліміздің оңтүстік аудандарын Өзбекстанға беру туралы мәселе көтеріліп, талқылана бастайды. Осы тұста Сәлімгерей Тоқтамысов республика басшысы И. Юсупов туралы пікірін ашық айтып, «Казахстанкая правда» газетіне сұхбат беріп, онда Қазақстанның аумақтық тұтастығына қол сұққан басшының іс-әрекетін сынға алады. Әрине, ол уақытта мұндай пікір айтқан адам жазасыз қалмайды. Соған қарамастан ол кісі азаматтық ұстанымынан таймайды.
Мейірім дегеннен шығады, осыдан екі-үш жыл бұрын көрнекті антрополог ғалым Оразақ Смағұлов атамыздан сұхбат алдым. Сонда ол кісі:
«Кеңес өкіметінің қолдан жасаған зобалаңынан халқымыз қынадай қырылды. Әсіресе отызыншы жылдардағы аштықты ойласам, жаным түршігеді. Мен сол апаттан кездейсоқ аман қалған баламын. Анам аштықтан бұратылып өліп жатқанда, бір күн бойы қойнында жатып, емшегін еміппін. Көрші Ресейге азық іздеп кеткен әкем келіп, ажалдан алып қалыпты. Әкем ұзақ жасап, 99 жасында қайтыс болды. Тоқсаннан ассам да әлі күнге дейін анасы бар адамдарға қызығамын. Мейірімге қанбағандықтан, ананың жылуын аңсап, көңілім жетімсіреп тұрады» деп еді. Бала үшін ананың мейірімінен артық дүние жоқ екенін осыдан түсінесіз.
Қазір қоғам тым қаталданып барады. Сондықтан бір-бірімізге жылы сөйлеп, мейірімді болайықшы...