Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. Президент тапсырмасына сәйкес Үкімет іс-шаралар жоспарын әзірлеп, оны Amanat партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес жан-жақты саралаған болатын.
Балалардың құқығын қорғау, жоғарыда айтылған жоспарды зерделеу – Amanat партиясына артылған аманаттардың бірі екені даусыз. Осы орайда партияның фракция мүшелері Динара Зәкиева мен Елнұр Бейсенбаев баспасөз мәслихатында бірқатар маңызды мәселеге тоқталды.
Жыл басынан бері өңірлердегі 147 мың бала қоныстанған 247 интернатта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. Ал оған дейін 130 мекемеде осындай жұмыстарды атқару туралы іс-шаралар қабылданған.
Әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға, балаларға кешенді түрде көмек көрсету және жеткіншектерді зорлық-зомбылықтан сақтандыру билік партиясының басты миссияларының біріне айналған. Партия жанынан ашылған «111 шұғыл қызметіне» соңғы кезде 25 мыңнан астам өтініш түскен. Нәтижесінде, арнайы құрылған жедел әрекет ету топтарының бірлесіп атқарған жұмысының арқасында қиын жағдайдағы 64 мың отбасына кешенді көмек көрсетілген. Ал «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында өткен жылы балалар мен отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған 6 мыңнан астам іс-шара өз деңгейінде жүргізілген.
Баспасөз мәслихатында Мәжіліс депутаттары Үкімет қаулысымен бекітілген Балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын жан-жақты тарқатып айтты. Жалпы жұмыстарды жүйелі түрде атқару үшін 48,3 млрд теңге, оның ішінде 16,7 млрд теңге республикалық бюджеттен қарастырылғаны белгілі. Құжатта қарастырылған 50 тармақтың басым бөлігін депутаттар қайта қарау қажет деп есептейді.
«Мұндағы жоспарда шығармашылық байқаулар, балалар лагерьлеріндегі жазғы маусымның ашылуы, жиындар және өзге мәселелер қамтылған. Алайда қаржыны барлық балалардың қоғамдық көлікте тегін жүруіне, түскі аспен қамтамасыз ету секілді бағыттарға неге пайдаланбасқа?! Турасын айтсақ, балалардың құқығын қорғау саласындағы уәкілетті орган саналатын Білім және ғылым министрлігінің осы бағыттағы жұмысы түсініксіз болып тұр», деді Динара Зәкиева мәселеге қатысты ойын білдіріп.
Amanat партиясы фракциясының мүшелері жүйесіз іс-шараларға қажетсіз шығындардың орнына аз қамтылған отбасылардағы әрбір балаға атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 35 мың теңгеге дейін арттырудың, әкімдіктерде қиын жағдайдағы отбасылармен жұмысты ұйымдастыру үшін отбасы істері жөніндегі басқармалар құрудың қажеттігін айтты. Отбасы институтын нығайту, отбасындағы қолайсыз жағдайдың, балаларға қатыгездік танытудың алдын алу жөніндегі нысаналы индикаторларды өңірлік даму жоспарына енгізу жайында берілген ұсыныстар Үкімет тарапынан қолдау таппағаны да әңгімеге арқау болды.
«Жалпы сомасы 100 млрд теңгеден асатын, өңірлер үшін 3-тен 32 миллиард теңгеге дейін қаражат қарастырылған. Алайда өңірлік жоспарлар көңілге қонбайды. Көрсетілген жоспарлардың бірқатарында ғана инклюзияны қолдау кабинеттерін, дене шынықтыру орталықтарын, аутизм дертіне шалдыққан балаларға арналған орталықтарды ашу секілді маңызды іс-шаралар қамтылған. Бұл жоспардағы маңызды іс-шаралардың 35 пайызынан аспай тұр», деді депутат Елнұр Бейсенбаев.
Баспасөз мәслихатында депутаттар өзге де маңызды мәселелерді сөз етіп, оларды шешу кезек күттірмейтінін атап өтті.