Жуықта елорда төрінде орналасқан Қазақстан Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейіне журналистік тапсырмамен барған сапарымызда көрме залынан қазақтан шыққан танкіші қыздар туралы жәдігерді көріп қалдық.
Бұл дерек бұған дейін айтылды да, жазылды да. Десек те, мұндағы жәдігерге балап отырған газет қиындыларын өз оқырмандарымызға бір дүркін көзайым етсек артық болмас. Жалпы, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ қыздары туралы әлі толық зерттелген жоқ. Мысалы, үлкен академик-ғалым әдебиетші Қажым Жұмалиев соғыс жылдарында «Социалистік Қазақстан» газетінде жарық көрген «Майдандағы қазақ қыздары» атты мақаласында: «Рауза Шамшатова, Әдия Молдағұлова (Әлия шығар), Ерке Оразбаева, Баян Байғожина, Балшекер Ахметова, т.б. қазақ қыздары майданда ерлік көрсетті. Әсіресе Балшекер ағасы өлді деген қара қағаз келген сәтте-ақ: – қанды қанмен жуамын, – деді. Майданға кетті. Балшекер қазір ІІІ Украина майданының бір бөлімшесінде жаумен соғысып жүр. Өткен жылы Қызыл Жұлдыз орденін алды» деп жазса, аталған басылымның 1944 жылғы 13 маусым күнгі санында старшина Б.Сағындықовтың «Санитарка Әсия» атты жазбасы жарияланыпты. Онда майдан даласында жаралы жауынгерлерге көмек көрсетіп жүрген батысқазақстандық батыр қыз Әсия Бекетова туралы тебіріске толы толғаныс айтылған.
Сол сияқты жоғарыдағы танкіші қыздарға тоқталар болсақ, алғаш рет «Советтік Қарағанды» газетінің 1944 жылғы 22 тамыз күнгі санына медальды сержант Топатай Жүнісовтің «Танкіші қазақ қыздары» атты мақаласы жарық көрген. Мақалада әскери тілші: «Ұлы Отан үшін ұрыстарда қазақ қыздары да мәңгі өшпес даңққа бөленуде. Олар өздерінің жастарына қарамастан, соғыс техникасын меңгеріп танкіші, ұшқыш, атқыш және даңқты барлаушы болып алды. Солардың бірі – кеудесінде «Ерлігі үшін» медалі жарқыраған командир, кіші сержант Жамал Байтасова. Жамалды біздің бөлімшенің жауынгерлері тегіс біледі. Сөзге шешен, іске шебер Жамал зұлым жауға қарсы ұрыстарда ерліктің, табандылықтың және қажырлылықтың үлгілерін көрсетуде» депті. Кіші сержант Ж.Байтасова танк командирі болса керек. Мақалада бұдан бөлек танкіші Күлжәмила Талқанбаева мен радист Жәмила Бейсенбаеваның есімдері аталады. Ал төртінші ару Күлкен Тоқбергенова автордың сипаттауынша барлаушы болғанға ұқсайды. Себебі ол «Орта бойлы, күлімкөз Күлкен Тоқбергенова жаудың тылына кіріп, танктерге жол ашатын, «тіл» әкелетін барлаушы болды. Барлау жұмыстарында командованиенің тапсырмасын батырлықпен орындағаны үшін үш мәрте наградталған» деп жазады.
Бұл мақала отыз жыл өткен соң майдангер жазушы Қалмұқан Исабаевтың көзіне түседі. Сөйтіп, ол кісі 1974 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне «Қайда екен, қайда сол ару қыздар?» деп мақала жазып, іздеу салады. Табылмайды. Тек қана профессор Ғ.Әбішевтің 1968 жылы жарық көрген «Под знаменем Родины» атта монографиясында танкіші қыздардың ерлігі туралы аз ғана мәлімет бар.
Соңғы жылдары танкіші қыздардың ізіне түсіп зерттеп жүрген тарих ғылымдарының докторы Зәуреш Сақтағанова және майдандағы қазақстандық қыздар жайлы зерттеп жүрген маман Дина Игсатовалардың пайымдауынша, қарағандылық танкіші қыздар Литва жерінде қаза тапқан көрінеді.