Қазақ руханиятында «Жыраулық поэзия» деген арнайы тақырып бар. Бұны ауызекі тілде «жорық жырлары» деп те айтады.
Өйткені сонау түркілер дәуірінде бабаларымыз «Жарқылдаған от пен сарқыраған судың ішінде, ержеткен – Көк тәңірінің оғландары, Бүкіл түрік жұртының Арландары мен қабыландары» деп жырласа, бертіндегі Ұлы Дала жыраулары: «Сере, сере, сере қар, Асты кілең, үсті мұз, Күн-түн қатса жібімес, Мен көлікке қосымды артқанмын, Кірмембес ауыр қолға бас болып, Күңіреніп күн түбіне жортқанмын! (Доспанбет) десе, тағы бірі: «Бұдырайған екі шекелі, Мұздай үлкен көбелі, Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті, Адырнасы шайы жібек оққа кіріс-ті, Айдаса – қойдың көсемі, Сөйлесе – қызыл тілдің шешені, Ұстаса – қашағанның ұзын құрығы, Қалайылаған қасты орданың сырығы...» (Қазтуған) деп күңіренген екен. Осылардың ізін жалғап 1675-1765 жылдары өмір сүрген атақты жырау Ақтамберді Сарыұлы:
Күлдiр де күлдiр кiсiнетiп,
Күреңдi мiнер ме екенбіз,
Күдерiден бау тағып,
Ақ кiреуке киер ме екенбіз!
Жағасы алтын, жеңi жез,
Шығыршығы торғай көз
Сауыт киер ме екенбіз!
Ор қояндай жүгiнтiп,
Аш күзендей бүгiлтiп,
Жолбарыстай шұбарды
Таңдап мiнер ме екенбіз!, –
деп толғайды.
Осы орайда айтпағымыз, жоғарыдағы жорық жырларының үрдісі Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тағы бір жаңғырған сыңайлы. «Ой түбінде жатқан сөз, Шер толқытса шығады» деп Асан қайғы бабамыз айтқандай, майданда қан кешіп, өлім мен өмір арасында арпалысып жүрген пенденің жүрек түкпірінен тек шынайы жыр-сөз төгілері хақ. Мысалы, «Егемен Қазақстан» («Социалистік Қазақстан») газетінің 1945 жылғы 23 наурыз күнгі санында жарық көрген қатардағы жауынгер Дәулет Әлімжановтың «Арнау» атты толғауынан үзінде келтірсек:
Күркіреп күндей шартылдап,
Найзағай оты жарқылдап,
Сұрапыл дауыл соққандай,
Ызыңдатып күй тартып,
Катюша ойнап билемей,
Жауды нандай илемей,
Ер құмардан шығар ма!, – деп жырласа, соғыс жылдары майдан тақырыбында қалам ұштаған сатирик-ақын Садықбек Адамбеков Кеңес Одағының Батыры Бейсен Оңтаевқа арнаған мадақ жырында:
Қынаптан шыққан көк алмас,
Тасқа шапсаң майырылмас,
Қым-қиғаш жауды жапырып,
Қырып келеді Бейсен жас,
Үрейін алып дұшпанның,
Сырып жүрді батырым,
Бекінісін дұшпанның,
Бұзып кірді батырым,
Жау танкісін қосақтап,
Қиратып берді батырым,
Қылт еткенді найзамен,
Түйретіп берді батырым, –
деп көне жыраулар сөзінің тебінмен толғапты («Социалистік Қазақстан», 4 маусым, 1944 жыл).
Келесі кезекте гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы майдандас серігі Мұхаметқұл Исламқұлов қаза тапқанда жаны күйзеліп:
...Бір өзіңе аманат,
Ерлерді табыс етіп ем,
Қан майданда қақ жарып,
Шыққаныңа сүйсініп,
Біздің батыр мынау деп,
Көрсетіп мақтан етіп ем,
Өршіл, өжет батырым,
Ерлігіңе сенуші ем,
Қас батырдың бейнесін,
Сипатыңнан көруші ем,
Жауды бірге шабысқан,
Қыршын кетті арыстан,
Қазаңа қатты қайғырып,
Қабырғам менің қайысқан, –
десе, («Социалистік Қазақстан», 28 наурыз, 1944 жыл) қазақтың тағы бір үлкен ақыны, атақты партизан Жұмағали Сайн кезекті шайқаста ауыр жараланып, ұзақ уақыт емделіп жатып:
Жапанды кезген партизан,
Жолбарыстай түн жортқан,
Жер астында жанған шам,
Арқырай ұшқан от шашып,
Пулеметтен атқан оқ,
Қанжарым қайда... автомат!
Қанды кешер кезімде,
Тап болды қайдан кроват!, –
деп жыр жазыпты («Социалистік Қазақстан», 28 мамыр, 1944 жыл).
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары майдан даласында жазылған жорық жырларының бір парасы Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметоваға арналғаны байқалады. Мысалы, «Социалистік Қазақстан» газетінің 1944 жылғы 30 мамыр күнгі санында жарияланған Евгений Ивановтың «Ажалсыз атақ» атты толғауында:
Болса да, дұшпан күші қанша басым,
Ер Мәншүк көтертпеді
жаудың басын,
Ұлы Отан анасы үшін, ұрпақ үшін,
Жайнаған қиды гүлдей
қыршын жасын,
Қазақтың батыр қызы, сен мақтаны,
Өлім жоқ ерге мәңгі, ел мақтаны,
Жоямыз жер бетінен зұлым жауды,
Кетпейді жау ойында ердің қаны, –
десе, майдангер ақын Жұбан Молдағалиев «Социалистік Қазақстан» газетінде (27 наурыз, 1945 ж) жарық көрген «Айқаста» атты көлемді толғауында:
Күркіреді зеңбіректер,
Жылтылдатып жалын шашып,
Жалақтап жүр ажал мыстан,
Аш бөрідей аузын ашып,
От пен оқтан одағайлап,
Ұшты зулап араласып,
Айқасқандай күн менен түн,
Айналада астан-кестен,
Жеті қабат жер сілкініп,
Секілді аспан жерге түскен...
Ал бір күні соқты дауыл,
– Аттан! –
деген дабыл жетті,
Өрши түскен өртке қарсы,
Соғысты ол, соқты жауды,
Жарағымен жауынгердің,
Қорықпады. Қорғады ол,
Оққа тосты шыбын жанды.
Сөз басында айтып өткеніміздей ежелгі жорық жырларымен мәтіндес жазылып «Социалистік Қазақстан» газетінің 1944 жылғы 13 маусым күнгі санында жарық көрген «Ер Төлеген» атты көлемді толғауында халық ақыны Нұрлыбек Баймұратов:
Ер елдің асқар қорғаны,
Ер қорғар жаудан орданы,
Ертеде өткен батырлар,
Дулығалы көк сауыт,
Жолбарыс жонды тұлғалы,
Ел шетіне жау келсе,
Қаһармандай ақырып,
Жай отындай атылып,
Қаптаған жауды қашырған,
Асусыз белден асырған, –
деп бұрынғы жыраулар жырын жаңғырта отырып: «Бос аттарын атамай, Сөзбен тізіп матайын, Төлеген ерге тоқтайын, Жас жолбарыс сұңқарды, Болат тұяқ тұлпарды, Ер ізіне түсейін, Алғыр сұңқар түлек деп, Қайнаған қанды жүрек деп, Бейнелеп келбет пішейін» деп аяқтаған екен.
Әрине, 1418 күнге созылған майдан жырларын (22 маусым, 1941 жыл – 9 мамыр, 1945 жыл) бір мақала аясында түгендеп бере алмаймыз. Біздің мақсат – Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары майдандағы қазақ жауынгерлерімен бірге қазақ жырының да айтылғанын атап өту.
Сөз соңында «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылғы 13 мамыр күнгі санында жарық көрген майдангер-ақын Тайыр Жароковтың бар қазақты Жеңіс күнімен құттықтаған «Шүйінші» атты толғауынан үзінді ұсынуды жөн көріп отырмыз:
Шүйінші, халқым, шүйінші,
Шүйіншіге сүйінші,
Кек қайтарған немістен,
Соғыс бітті жеңіспен.
Шүйінші, халқым, шүйінші,
Шаттық жыр шырқай шүйілші,
Айлар аңсап күткен күн,
Қанды соғыс біткен күн.
Шүйінші, халқым, шүйінші,
Беліңді бекем буыншы,
Жеңген жауды күйрете,
Жасалсын той, мереке!
Осы жырым «жоқ-барын»,
Тойыңа тартқан көкпарым,
Ал да жөнел бәйгі көк,
Тарқасын жанның құмары.