• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 11 Мамыр, 2022

Банк секторындағы көрсеткіш құбылып тұр

503 рет
көрсетілді

Қазір отандық банк секторы аса күрделі болмаса да, орта деңгейлі өзгеріс алдында тұр. Олай дейтініміз – бізде қызмет көрсететін ресейлік еншілес банктердің басынан бақ тая бастады. Жалпы, елімізде дәп қазір 22 банк жұмыс істесе, соның 14-і шетелдіктердің қатысуымен жұмыс істейді. Оның ішінде 11 банк – еншілес қаржы институттары.

Наурызда банк секторының жиынтық активі салымдардың 22,6%-ға немесе 386 млрд теңгеге төмендеуі, сондай-ақ бағалы қағаздар портфелінің 5,6%-ға немесе 439 млрд теңгеге азаюы есебінен 1,1%-ға төмендеді. Актив көлемі – 37,8 трлн теңге. Банк секторында өтімділіктің жоғары деңгейі өте маңызды фактор болып саналады. Бұл тұрғыда біздің банктер ұятты емес. Олардың активтердің 30,6 пайызын құрайтындай (11,5 трлн теңге) өтімділігі бар. Жоғары өтімділік банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Клиенттер салымдарының 3,4 пайызға азаюына байланыс­ты сектор міндеттемесі де 1,2 па­йызға қысқарып, биыл сәуір­де 33,1 трлн теңгені құраған. Мін­дет­темелердің құрылымы, көбі­не, банктердің жиынтық міндет­те­ме­лерінің 77,5%-ын немесе 25,7 трлн теңгені құрайтын депозиттік портфельден тұрады.

«2022 жылғы 1 сәуірдегі жағ­дай бойынша банк секторында капиталдың жеткілікті қоры бар. Негізгі капитал жеткіліктілігінің коэффициенті (k1) – 18,9%, мен­шікті капитал жеткіліктілігінің коэффициенті (k2) – 22,8%, бұл орташа алғанда, жүйе бойынша заңнамада белгіленген нормативтерден әлдеқайда көп. 2022 жылғы наурыздың қорытындысы бойынша банктердің таза табысы 358,9 млрд теңгені құрады. Банк активтерінің рентабельділігі (ROA) 2022 жылғы 1 сәуірде 3,8% (2021 жылғы 1 сәуірде – 2,5%), капиталдың рентабельділігі (ROE) – 31,3% (2021 жылғы 1 сәуірде – 19,8%) болды. Экономикаға кре­дит­тер 2022 жылғы наурызда 0,6%-ға ұлғайып, 19,2 трлн тең­гені құрады. 2022 жылғы нау­рызда жеке тұлғаларға берілген кредиттер 1,2%-ға 11,2 трлн тең­­геге дейін ұлғайды, ал заңды тұл­­ға­­ларға берілген кредиттер 0,2%-ға 8,1 трлн теңгеге дейін төмен­деді», деп мәлімет ұсынады Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Ал теңгемен берілетін несие наурыз айында 1,7%-ға, 17,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Теңге курсы­ның нығаюы нәтижесінде шетел валютасындағы кредиттер көлемі 8%-ға, 1,9 трлн теңгеге дейін төмендеген. 2022 жылғы нау­­рызда 1,9 трлн теңгеге жаңа кре­дит­тер берілді, бұл 2022 жыл­ғы ақпанға қарағанда 5,5%-ға көп.

Экономикаға берілген кредит­тердің басым бөлігі өнеркәсіп (14,3 пайыз), сауда (11,4 пайыз), құрылыс (3,4 пайыз) және көлік (2,7 пайыз) салаларына тиесілі. Басқа саладағы кредиттердің үлесі – 68,2 пайыз.

«2022 жылғы наурызда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валю­тамен берілген кредиттер бо­­йын­ша орташа алынған сыйақы мөл­­шерлемесі 14,5%-ды (2022 жыл­ғы 1 наурызға – 12,2%), жеке тұл­­ғаларға – 18,0%-ды (жылдың 1 нау­рызына – 18,4%) құрады. 2022 жылғы наурыздың қорытын­дысы бойынша 90 күннен астам мер­зімі өткен берешегі бар кредиттер­дің үлесі кредит портфелінің жал­пы көлемінің 3,6%-ын құрады (2022 жылдың басында – 3,3%). Шағын және орта бизнесті есепке алғанда заңды тұлғалардың портфелінде 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың деңгейі 4,3%-ды құрады (2022 жыл­ғы қаңтарда – 3,4%). Жеке тұл­ға­лардың портфелінде – 3,7% (2022 жылғы қаңтарда – 3,7%)», делінеді агенттік дерегінде.

Айта кетейік, бұған дейін «Банк ЦентрКредит» ресейлік еншілес банк – «Альфа-Банкті» сатып алғанын мәлімдеген еді. 

«Санкцияға ұшыраған банк­ті сатып алу тәжірибесі Қазақстан­да алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Және өте қысқа мерзімде. Клиенттерден келіп түсіп жатқан сауалдардың шешімін табу – біз үшін ең басты басымдық. Біз коман­даға көбірек мән беріп, жаңа банктің бизнес-процестеріне қыз­мет­кер­лер ынтасын арттыруға күш салуымыз қажет. Мұның бәрі келешекте позициямызды ны­ғайтып, жаңа тиімді, қо­лай­лы банктік өнімдер жасап шы­ға­руға және ұзақмерзімді серік­тес­тік қатынастар құруға көмегін тигізеді», деді «Банк ЦентрКредит» басқарма төрағасы Ғалым Құсайынов.

Сондай-ақ «Сбербанк» ресей­лік еншілес банкін «Бәйтерек» холдингі сатып алады екен деген әңгіменің де ұштығы шыға бас­тады. Frank Media мәліметінше, холдинг Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесе отырып сатылым келісімін іске асыруы мүмкін.

Сенімді дереккөздердің айтуынша, дәл қазір Еуропалық қайта құру және даму банкі «Сбербанктің» еншілес банкін тікелей сатып ала алмайды, сон­дықтан ол мәмілеге екінші кезең­нен бастап араласпақ.

Аталған еншілес банктердің түп атасы өзге елдікі болғанымен, олар біздің елде қызмет етеді және қазақстандық жеке және заңды тұлғаларды несиелейді. Сон­дықтан оларда туындап жат­қан өзгеріс отандық нарыққа сөз­сіз әсерін тигізеді. Ол әсердің қан­ша­лықты жағымды немесе жа­ғым­сыз боларын дәл қазір ке­сіп айту қиын. Бәрі де жасалған келі­сімге және сол келісімдердің мінсіз орындалуына тікелей байланысты. Нарықтағы өзгеріс мұнымен де тоқтамауы мүмкін. Тағы бір ресейлік еншілес банк «ВТБ Банктің де (Қазақстан) жағ­дайы жайлы арагідік айтылып қа­лып жүр. 25 сәуір күні дирек­тор­лар кеңесінің шешімімен бас­қарма төрағасының екі бірдей орын­ба­сарының өкілет­тігі тоқта­тыл­ды. Қазіргі кезде банк жаңа жағ­дайларға бейім­деле оты­рып бизнес-модель қалыптас­тыру­ға тырысып, клиенттер мен серік­­тес­терге қызмет көр­се­ту­ді жал­ғас­­тырып жатыр. Де­ген­мен ди­рек­­торлар кеңесі құра­мын­дағы өз­ге­ріс­­тердің де тегіннен-тегін бол­мағаны белгілі («Альфа-Банкте» де бәрі солай басталған).