• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Мамыр, 2022

Ерекше балаларға қызмет көрсететін мекемелер көбейеді

379 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында ерекше қажеттіліктері бар балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаудың аясын кеңейтуді тапсырған болатын. Жақында осы мәселенің бір шешімі шыққанын Білім және ғылым министрлігі хабарлады.

Алдымен Президенттің сөзін еске тү­сірсек, Қ.Тоқаев 2021 жылы 25 ақпан­да өткен Ұлттық қо­ғам­дық сенім кеңе­сі­нің отырысында елімізде ерекше бі­лім беру қа­жеттіліктері бар балалар саны өсіп келе жатқанын, оларға қыз­мет көр­сететін мамандандырылған ұйым­­дардың жұмысына қатысты нор­малардың ескіргенін жеткізді. «Тек­се­ру­ден өту үшін балалар өз кезегін жарты жыл күтуге мәжбүр. Осыдан кейін оларға жан-жақты кешенді оңалту қажет. Бұл үшін тиісті мекемелер жетіспейді. Сондықтан осы саладағы нормативтерді өңірлер­дің ерекшеліктерін және қа­зіргі заманғы стандарттарды ескере оты­рып жаңарту қажет. Бүгінде бір психологиялық-медициналық-педаго­­­­­ги­калық комиссия 60 мың баланы қамтиды. Комиссия жұмысының тиім­ді­лігін арттыру үшін бұл нор­­мативті 50 мың балаға дейін тө­мендету қажет. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар ба­лаларды арнайы психологиялық-педа­гогикалық қол­дау­ға мемлекеттік білім беру тапсырысын енгізу керек. Бұл үлкен бюджеттік шығындарсыз бала­ларды осы қызметтермен қамтуды едәуір арт­тыруға мүмкіндік береді», деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысының тап­сырма­сы­на сәйкес, жуырда Мә­жі­лістің жалпы отырысын­да тағы бір маңызды норма қабылданды. Бұл ПМПК (пси­хо­ло­гиялық-ме­ди­циналық-педагоги­калық консультациялар) ашу нор­мативін 60-тан 50 мың балаға дейін өзгерту тура­­­лы болып отыр. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа норма қандай өзгерістерге әкелетінін айтты. «Қазір 87 ПМПК жұмыс істеп тұрса, енді елі­міз­дің барлық өңірінен қосымша тағы 40-қа жуық ПМПК ашылады. Бұл кезек мәселесін шешуге, балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін ерте анықтауға және сапалы бағалауға сеп­тігін тигізеді. Естеріңізге сала кетейін, Ұлттық қо­ғам­­дық сенім кеңесінің оты­рысын­да Президент Үкіметке осы мә­се­ле бойынша шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Балалар жылы аясында өзекті және ұзақ уақыт бойы шешімін таппаған мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар жаңа бас­тама іске асырылады», деді министр А.Аймағамбетов.

Оқырмандарға түсінік бере ке­те­йік, ПМПК – дамуында проб­ле­масы бар балаларды оқытудың түрі мен нысанын анықтау кезінде сараптамалық қызмет функциясын атқаратын мемлекеттік мекемелер. Дамуындағы кемшілігі сал­дарынан білім беру ұйымдарында оқи алмайтын балаларды тексереді. Оның құрамына кеңес беруші мамандар: психо­неврологтер, психологтер, логопед-дефектологтер, әлеуметтік педагогтер кіреді.