Елімізде тұрғындардан заңсыз сақталған қару-жарақтарды сатып алу акциясы 2008 жылы басталған болатын. Сол уақыттан бері «Қару» іс-шарасы 11 рет жүргізіліп, республикалық бюджет есебінен қаржыландырылған.
Осылайша соңғы 11 жыл ішінде 54 мыңнан астам атыс қаруы және 2 миллионнан астам оқ-дәрі ерікті түрде тапсырылған. Бұл жұмыстар лайықты түрде жалғасын тауып та келеді. Нәтижесінде, соңғы бес жылдың ішінде қару-жарақпен жасалған қылмыстар саны елу пайызға жуық азайған.
«Заңсыз сақталған қару-жарақтарды ерікті түрде тапсыруға ниет білдірген азаматтар егер олардың іс-әрекетiнде өзге құқық бұзушылық құрамы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Бұл акция биыл 25 сәуірден басталды. Акцияны өткізу үшін республикалық бюджеттен 88 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді», деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Қару айналымын бақылау бөлімінің басшысы Асылбек Ыдырысов баспасөз мәслихатында.
Министрлік өкілінің айтуынша, қаруды ерікті түрде тапсырған азаматтар 306 мың теңгеге дейін сыйақы ала алады екен. «Өтемақы мәселелеріне келетін болсақ, қаруды тапсырғаны үшін төлемдер мөлшері олардың түріне, техникалық жай-күйіне байланысты әр бірлігі үшін (10 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін) 30 мыңнан 306 мыңға дейінгі соманы құрайды. Сыйақы көлемін облыстық, қалалық және аудандық полиция органдарында құрылған арнайы комиссиялар белгілейді. Мысалы, жүз айлық есептік көрсеткішке дейін немесе 306 мың теңгені автоматты ойық қаруды тапсырған азамат ала алады. Мұндай соманың жартысы ойық ұңғылы мылтықтар мен карабиндер үшін төленуі мүмкін. Тапаншалар мен револьверлер үшін 122 мың теңгеге дейінгі мөлшерде төленеді. Ал тегіс ұңғылы мылтықтардың әрбір бірлігі 91 мың теңгеге бағалануы мүмкін», деді бөлім басшысы.
Өтемақы төлеу мерзімі – 1 ай. Қарудың техникалық жай-күйін ескерген комиссиялар сыйақы мөлшерін айқындау кезінде қару-жарақты 3 санатқа бөледі. 1-санаттағы қару үшін төлем ұсынылатын құнының – 100, 2-санатқа – 70, 3-санатқа 30 пайызын құрайды.
«1-санаттағы қаруға – пайдаланылмаған және техникалық ақауы жоқ қару не бұрын пайдалануда болған, бірақ ақауы жоқ, тауарлық түріне нұқсан келмеген қару жатады. 2-санатта – одан әрі пайдалануға кедергі болмайтын, жекелеген техникалық ақауы бар немесе тауарлық түріне нұқсан келген қару бар. Жөндеуге жарамды қарулар да екінші санатқа жатады. 3-санатқа – техникалық ақау салдарынан пайдалануға жарамсыз немесе қауіпті, жөндеуге, қалпына келтіруге немесе ауыстыруға жарамсыз қарулар жіберіледі», дейді ІІМ өкілі.
Ведомство өкілінің мәлімдеуінше, «Қару» акциясы жүргізілген бірнеше жыл ішінде азаматтар өз еріктерімен ескі қаруларды да табыстаған көрінеді.
«2012 жылы Шығыс Қазақстан облысында ерікті түрде тапсырылған Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен қалған калибрі 12,7 мм «Никонов-Семенов-Владимировский-Танковый» маркалы танк пулеметі, 2013 жылы Семей қаласында 1882 жылы Италияда шығарылған 32-калибрлі «Веттерли-Витали» винтовкасы және «Лефоше» жүйесінің револьвері тапсырылды. Сондай-ақ агенттік жұмыстарға арналған 1936 жылы шығарылған калибрі 6,5 мм «ТОЗ» ойық ұңғылы тапаншасы өткізілген болатын. Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары «Пистолет-Пулемет Шпагина» қаруын табыстаған. Сонымен қатар Павлодар облысында 1891 жылы шығарылған «Фролов» конструкциясының тегіс ұңғылы атыс қаруының кесіндісін иесі өз еркімен тапсырды. Комиссия шешімдеріне сәйкес бұл қару экспонат ретінде Полиция департаменттерінің музейлеріне берілген», деді министрлік өкілі.
А.Ыдырысовтың сөзіне сенсек, тұрақты түрде өтетін «Қару», «Құқықтық тәртіп» және өзге өңірлік және республикалық жедел алдын алу іс-шараларының арқасында қарумен жасалатын қылмыс түрлерін азайту мүмкін болған. Сондай іс-шаралардың негізінде осы жылы 1 мың бірліктен астам атыс, оның ішінде 158 ойық ұңғылы қару тәркіленген.