Испанияда саяси шу шықты. Ел билігі Pegasus шпиондық бағдарламасы арқылы бірқатар саясаткерді аңдыған екен. Олардың қатарында азаттық аңсаған Каталония серкелері де бар. Осыған байланысты премьер-министр Педро Санчес барлау қызметінің басшысын қызметінен босатты.
Естеріңізге сала кетсек, The Guardian және El País газеттері екі жылдан бері израильдік Pegasus-қа қатысты зерттеу жүргізіп келеді. Шпиондық бағдарлама ұялы телефондағы мәліметтерді, соның ішінде электронды поштаны, мәтіндік хабарламаларды, суреттерді жымқыруға пайдаланылады. Сондай-ақ телефонның диктофонын қосып, камерасымен суретке түсіріп, тыңдау құрылғысына айналдыруға мүмкіндігі бар.
Компания өкілдері бағдарламаны террористер мен қылмыскерлерді құрықтауы үшін мемлекеттерге сатқанын айтып отыр. Алайда The Guardian және El País газеттері жүргізген зерттеуде Pegasus-ты саясаткерлерге, журналистерге және құқық қорғаушыларға тыңшылық жасауға пайдаланғаны анықталды.
Апта ортасында үкімет басшысы Педро Санчес ұлттық барлау орталығының (CNI) басшысы Пас Эстебанды жұмыстан шығарғанын хабарлады. Министрлер кабинетін басқарып отырған социалистік партия өкілдері мұны тыңшылықпен байланыстырып отыр.
Ұялы телефоны хакерлік шабуылға ұшырағандар қатарында Каталонияның тәуелсіздік қозғалысына қатысты 63 адам бар. Соның ішінде өңірдің президенті Пере Арагонес те нысанаға алынған екен. Бұдан бөлек, заңгерлер, журналистер мен азаматтық белсенділер де зардап шеккен. Сондай-ақ Испания премьер-министрінің, қорғаныс министрінің телефондарына да Pegasus бағдарламасы орнатылған екен.
Оқиға жарияланғаннан кейін Ұлттық барлау орталығының (CNI) басшысы Пас Эстебан парламенттегі тыңдау кезінде мұны мойындаған көрінеді. Негізі отырыс жабық есік жағдайында өткен-ді. Алайда The Guardian газетіне сұхбат берген социалистік партия өкілі мұны растаған.
Каталония тарапы тыңшылыққа қатысты лауазымды тұлғалардың жауап беруі тиіс екенін мәлімдеді. Каталония президенті Арагонестің айтуынша, шпиондыққа қатысты мәліметтің таралуы каталон мекемелері мен тәуелсіздік қозғалысын қолдайтындарға қарсы жаппай тыңшылық жасалғанын растайды.
«Бұған не себеп болғанын білу және өзімізді қорғауымыз үшін сот рұқсатымен оның құпиялығын жоюды талап етеміз. Бұл мәселені қоғамдық тұрғыда түсіну өте маңызды. Бұған саяси рұқсатты кім бергенін, мұны кімнің білгені бізге айтылуы тиіс. Сондықтан жоғары лауазымды тұлғалардан жауап талап етеміз», деді П.Арагонес.
Арагонестің ашулануы бекер емес. Оның партиясы қазіргі кезде Социалистік жұмысшылар партиясымен (PSOE) бірге Парламентке коалиция құрып, үкіметті басқарып отыр. Сондықтан ол Каталонияның азаттығын біртіндеп алуды қолдайтын партия тәуелсіздік дағдарысын шешуге кедергі келтіретінін алға тартты.
Сондай-ақ билікке ие коалицияға сызат түсті. Unidas Podemos өкілдері социалистік партияға қарсы шығып, қорғаныс министрі Маргарита Роблестің отставкаға кетуін талап етті. Өйткені ұлттық барлау орталығына осы ведомство басшылық жасайды. Оның үстіне Каталонияның азаттығын бетке ұстаған «Каталония республикалық солшылдар» партиясы да PSOE-ны қолдап келді.
Сарапшылардың пайымдауынша, Педро Санчес ұлттық барлау орталығының басшысын қызметінен босату арқылы әріптестеріне қатысты «арам ойы» жоқ екенін көрсетті. Осылайша, премьер-министр коалицияны сақтап қалуды көздейді. Яғни «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмауды» ойлайды. Өйткені коалиция тарап, бүгін-ертең жалпы сайлау өте қалса, оппозициядағы Адамдар партиясы жеңіске жетіп кетуі мүмкін. Соңғы сауалдамаға сүйенсек, қазіргі таңда аталған партияны қолдайтындар 25 пайызға жеткен.
Бірақ үкімет басшысының бұл қадамы католондардың ашуын жазбаған сыңайлы. Мәселен, Перо Арагонес Каталония парламентінде сөйлеген сөзінде Эстебанның кетуімен дағдарыс тынышталды немесе шешілді деп ешкім айта алмайтынын алға тартты. Сондай-ақ тыңшылыққа қатысты әлі толық түсініктеме берілмегенін, оның қайталанбайтынына кепілдік берілмегеніне тоқталды.
Қорыта айтқанда, Испанияда саяси жанжал ушығып кетуі ықтимал. Дәл қазір премьер-министр мәселені шешуге барын салып жатыр. Дегенмен телефоны тыңдалғандар үкімет басшысының әрекетіне қаншалықты көңілі толатынын дөп басып айту қиын.