• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Референдум 13 Мамыр, 2022

Тарихи шешімді бірлесіп қабылдауға шақырды

447 рет
көрсетілді

Қазақстан халқы үшін маңызы зор саяси науқанның түпкі мәні неде? Референдум нәтижесінде Конституцияға қандай елеулі өзгерістер енеді? Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Әділет вице-министрі Алма Мұқанова осы сауалдарға жауап берді.

«5 маусым күні өтетін бүкіл­ха­лықтық референдумға шығары­лып жатқан конституциялық өзгерістердің ішінде Президенттің өкілеттігіне қатысты шектеулер жұртшылық тарапынан үлкен қызығушылық тудырып отыр­ғаны баршамызға белгілі. Халық осы мәселені кеңінен білгісі келетіні айтпаса да түсінікті ғой. Бұған дейін айтылғандай, алдағы уақытта Президенттің жақын туыс­тары үшін саяси лауазымдар мен квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды атқаруға шектеу қойылады. Сонымен қатар Президенттің өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партия мүшесі болуына тыйым салынатыны бұған дейін де хабарланған болатын. Осы өзгерістердің маңызы зор екені рас», деді Алма Мұқанова.

Вице-министр келтірген деректерге зер салсақ, Ата Заңымызға енетін өзгерістер легі 12 блоктан тұрады. Мемлекетімізді демократияландыру үрдісінде аталмыш бағыттың әрқайсысының өзіндік маңызы зор болмақ. Қазақстан халқы осы мәселеге де айрықша назар аударғаны ләзім.

«Алдағы уақытта Президенттен әкім­­дерді сайлау және босату құқы­­ғы алы­нып тасталады. Бұл Пре­зидент өкілеттігінің қысқара­тын­дығының айқын көрінісі екені дау­сыз. Қысқасы, осы өзгерістер суперпре­зиденттік басқару үлгісінен бас тартудың жарқын үлгісі болмақ», деді А.Мұқанова.

Бүкілхалықтық сипатқа ие болатын референдумның нәтижесінде 17 өңірдің 11-і жақтап дауыс берсе, Конституцияға жоспарланған өзгерістер енгізіледі. Бүгінгі таңда электораттың тізімі жасақталып жатыр. Вице-министрдің сөзіне сенсек, референдум арқылы Конституцияға барлығы 56 өзгеріс енгізіледі.

«5 маусым күні өтетін референдум нәтижесі ойдағыдай болса, Конституцияға барлығы 56 өзгеріс енгізіледі. Өзгерістердің барлығын жеке-жеке саралау үшін әр адамға 56 бюллетень керек болады. Оны толыққанды оқып шығудың қиын екені де рас. Сол себепті де бюллетеньде бір ғана сауал болады. Өйткені Конституцияға енгізілетін өзгерістер бір-бірімен тығыз байланысты екенін көріп отырсыздар. Сондықтан осындай нұсқа таңдалынып отыр», деді министрлік өкілі.

Баспасөз мәслихаты барысында Әділет вице-министрі Алма Мұқанова Қазақстан хал­қын бүкілхалықтық референ­думға белсенділікпен қаты­суға, мем­лекеттің келешегі айқын­дала­тын шешімді бірлесіп қабылдауға шақырды. Сондай-ақ ол өз сөзінде демократиялық үрдістердің жаңа сипаты көрініс табатын саяси науқанның маңызын әрбір азамат түсінуі керегін атап өтті.