Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық ғылыми онкология орталығында Surgical oncology атты шеберлік сабағы өтіп жатыр. Іс-шараға 4surgeonsclub хирургиялық онкология мектебінің негізін қалаушылар, спикерлер шақырылған.
Екі күнге жалғасатын шеберлік сабағының негізгі мақсаты – кәсіби қарым-қатынас пен тәжірбие алмасу үшін ғылыми ортаны ұйымдастыру, біліктілікті арттырып, жаңалықтармен бөлісу. Іс-шараға Ресей мен Грузия мемлекетінен мамандар келді. Атап айтсақ, медицина ғылымдарының кандидаты, клиникалық медицина ғылыми-зерттеу институтының медицина ғылымдарының докторы, Грузия Медицина академиясының академигі Илья Гоцадзе және медицина ғылымдарының кандидаты, колопроктолог, РФ Президенті Әкімшілігінің «Емханасы бар орталық клиникалық ауруханасы» федералдық мемлекеттік бюджеттік мекемесінің колопроктологиялық бөлімінің меңгерушісі Артем Гончаров қатысып, өз ойын ортаға салды. Қонақтар пернетақта арқылы орын алып отырған операциялық бейнебаянды көрсетіп, қатерлі дертті емдеу жолдарын жан-жақты талқылады. Сонымен қатар қойылған сұрақтарға жауап беріп, пікір алмасты.
Онкологиялық орталықтың обдоминалды хирургия бойынша аға дәрігері Алтай Керімқұлов іс-шара жөнінде ойын ортаға сала келе: «Онкология ғылыми орталығында мазмұнды онкологиялық аурулар бойынша шеберлік сабағы өтіп жатыр. Мұның аясында операциялар жасалып, дәрістер оқылады. Шеберлік сабағына шетелден келген атақты хирургтер операциялық бөлмеде операция жасап жатыр. Өкпе обыры, тоқ ішек обыры, асқазан обыры бойынша алда тағы да операциялар жасалады. Бұл ретте біз күрделі операцияларды жасамақпыз, бұрын бұл операциялар Қазақстанда бірен-саран ғана жасалатын. Әсіресе өкпе обыры кезінде бронхопластика деген әдіс бойынша операцияны сирек қолға алатынбыз. Сол әдістерді осы шеберлік сабағы аясында іске асырмақпыз. Одан кейін кіші инвазивті операциялар жасаймыз. Бұл іс-шараға біздің орталықтың дәрігерлерінен басқа еліміздің шалғай қалаларынан да дәрігерлер келіп қатысып, өздерінің білімін жетілдіру үстінде» деді.
Емі жоқтай көрінген көп ауралардың бүгінгі таңда шипасы табылып отырғаны айқын. Мұны қазіргі медицина саласының жетістігі деп санауға болады. Онкологиялық ауруларды емдеу ісінен отандық медицина Орталық Азия бойынша алдыңғы қатарда. Мәселен, 2024 жылы бүкіл Орталық Азияда іргесі қаланбаған протондық сәулелік ем орталығы елімізде ашылмақ.