• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Мамыр, 2022

«Бұл қазақта жігіттер бар шың тектес»

426 рет
көрсетілді

Мәңгілік ештеңе жоқ екенін бәріміз де білеміз ғой, адам баласының өмірі өлшеулі екенін де түсінеміз. Алайда өзі өмір сүрген ортада ғана емес, тұтас қоғамда орны бар тұлғалар бақилыққа аттанғанда орны ойсырап қалатыны бар. Ендігі жерде Қуат Есімханұлының да орны ойсырап тұрары анық.

Жас ұрпақ кеңестік ке­зеңде Пав­лодар облысын­да Ермак атында қала бол­ған­дығынан бейхабар болар. Отар­лық жүйенің қолшоқ­пары болған ата­манның есімін санадан өшіру оңай болған жоқ. Санадан қалай өшірер­сің, қала ортасында қасқа­йып қарақшы­ның ескерт­кі­ші тұрса. Ермакты тұғыр­дан тайдырмай, отаршылдық санадан арылу да қиын ғой. Сол себепті де Ермак қала­­лық партия комитетінің бірінші хатшысы Қуат Есімханұлы, ең алды­мен, Ермакты тұғы­ры­нан алып тас­тау керек деп шешкен. Алдымен Ермак­тың қазақ жұртына жасаған қия­натын, зұлымдығын тарихтан бейхабар жұртқа кеңінен түсіндіру керек. «Қазақ әде­биеті» газетіне әуелі ака­демик Манаш Қозыбаевтың зерт­теу мақаласы жариялан­ды. Қоғамдық пікір бір арна­ға ойы­сып, жұртшылық қарақ­шы­ның қазаққа жасаған зорлық-зомбылығынан жан-жақты құ­лағдар болды. Патшалық Ресейге қызмет еткен қарақ­шы Ермактың ескерткіші азат елдің азаматтарының қол­дауымен тұғырдан алынып тасталды.

Империялық пиғылдағы тұлғалар тұғырдан тайса, Алаш­тың азаттығы үшін кү­рескен ерлер төрден орын алуы керек емес пе? Қуат Есім­ханұлын енді осы ой ма­за­­лады. Ұлттың тарихи тұл­ғаларының еңбегін бағаламай, елдің дамуы мүмкін емес қой. Ендеше елдің бүгінгі болмысы, ертеңгі өрісі кешегі бабаларға тағзым жасаумен айшықтала түспекші.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қой­шы­ғара Салғараұлының Қуат Есімханұлы туралы төмен­дегіше айтқаны бар-ды: «Қуат­­тың мемлекеттік қызмет ат­қара жүріп, өзінің жүрек қа­лауымен аруақтар атын ті­рілтіп, бұ­рынырақта өмірден өтіп кеткен қазақ­тың ардақты азаматтарының басына мазар салып, ескерткіш орнатып жүргенін сонда білдім. Кейін осындай тірлігінің біразына өзім де куәгер болдым».

Қойшығара ағамыздың «өзім де куәгер болдым» деге­ніндей, Қуат аға­ның сауапты миссиясына біздің де куә болғанымыз бар. Ресейдің Алтай өлкесінде мәңгілікке тыныстаған, Ес­тайға «ән сал­дырған» Қорланның зи­ра­тына ескерткіш тастың орнатылу рәсіміне қатыстық. Бұл «Дариға, өлмейтұғын әнге айналған, Дүниеге қайта келмес қайран Қорлан!» деген Сұлтанқызына (Айып келіні) қойылған белгі ғана емес, асқақ өнердің өлмес музасына айналған қазақ қызына қойылған ескерткіш-тұғын ол. Қуат Есімханұлы бастаған ұлтжанды азаматтар Қорлан анамызға тағзым ету арқылы, алаштың өмірден өткен ұлы тұлғаларына құрмет көрсетті. Ең бастысы, осы белгінің қо­йылуы Алтай өлкесі қазақ жұр­тының ежелгі атақонысы екенін әйгілей түсті емес пе?

Қуат ағаның ұйытқы бо­луымен қа­зақтың жақ­сы мен жайсаңдарын, ардақты­ла­рын мәңгілікке ел есінде қал­дыру үшін қыруар шаруа атқарылған-ды. Ол өзіне тілеулес, пікірлес жол­дас­тарының қолдауымен тарихи тұлға­лар­ды азат ел­дегі ұрпағымен қайта қа­уыш­тырған. Малайсары ба­тыр, аға сұлтан Қазанғап, Ка­ма­рид­ден хазірет, ха­лық композиторы Естай, Кемпір­бай ақын, Баян батыр және та­ғы да басқа тұл­ғаларға ескерт­кіш-тас орнатылып, олар­дың тарихта­ғы орны да тұл­ға­лана түсті. Мемлекеттің қаты­суынсыз, қазынаның қаржы­сынсыз біт­кен іс болды бұл.

Тарихи тұлғалардың жөні бөлек, ал тұлғадан қалған ұр­пақтың тағдыры ше? Зұлмат жылдары алаштың арқа тұ­тар азаматтары ғана емес, олардың кіндігінен тараған ұрпақтары да қу­ғын-сүргінге ұшырады, ажал құшты. Сәкен Сейфуллиннің кішкентай ұлы жары Гүлбаһрамның қолында түрме-вагонда қайтыс болып, әлдекімнің жа­на­шырлығы­мен Көкшетау жерінде жер­лен­ген-ді. Осы нәресте Аянның басына қойылған белгі – зұлмат жылдар­дың құрбандарына арналған тағзым-белгі. Алаш­тың қыршынынан қиыл­ған, дүниеге келмей жатып дүр­белеңге іліккен, есі кірмей жатып есалаң қоғам­ның жен­дет-балтасының құрбаны бол­­ған балдырғандарға қо­йылған ес­керт­кіш бұл. Аянға қойылған белгі 1920-1930 жыл­дары көктей солған көк ­өрім періштелерге бағыш­талған дұға. Өткенін ұмыт­қан халықтың бола­­ша­ғы да бұ­лыңғыр. Есімханұлы қойған тас-белгі елінің өткен тарихын ұмыттырмауға ар­нал­ған ескерткіш!

Адамды араласқан ортасы өсіретіні белгілі. Бұрын-соң­ды табиғатында, тұқымында бар тектілік қасиет елге танымал тұлғалардың, елдің мүддесі үшін еңбек етіп жүр­ген жан­дардың өнегесін бо­йы­на сіңіруімен азаматтың та­ным­дық көкжиегін, ұлт­шылдық ұстанымын бекі­те түсетіні сөзсіз. Қуат Есім­хан­ұлының өмір жолынан осы­ны аңғаруға болады. Жі­гіт жасында билікке арала­сып, кеңшардың тізгінін ұс­таса, орда бұзар отызында елдің атақты зиялыларымен емен-жарқын араласып, сыр­ласар інісіне айналды. Ғабит Мүсірепов бастаған жазушылар армиясынан бас­тап, Манаш Қозыбаевтың ғалымдар гвардиясы, Ерке­ғали Рахмадиевтің өнер қай­раткерлері қауымының қай-қайсысы да әдебиеттен, тарихтан, өнерден жан-жақты хабары бар Қуатты бауырына тартып, ұлт зиялыларының үркердей шоғырының белді бір мүшесіне айналды. Бы­лай қарағанда, мамандығы жа­ғынан шығармашылықтың ауылынан алыс қонған құ­ры­лысшы Қуат ағаларын қандай қасиетімен баурап алды деген заңды сауал туатыны анық. Әрине, алдымен шешендігі дер едік. Ол тереңнен тол­ғап, айтар сөзімен ә дегенде алқалы жұртты өзіне қара­тып, тыңдаушысы­ның құлағының құрышын қандыратын ше­шен­дік шеберлігі алдыңғы буын ағаларын разы еткені анық. Әншілігі де, аңшылығы да на­ғыз жігітке «жеті өнердің аз екен­і-­ нің» дәлелі. Ағалары да ізін басқан шоғырдың арасынан ұлттың асыл қасиетін бойына сіңір­ген азаматтың көрінгеніне «бәрекелді» дес­кен.

Қуат Есімханұлы десе, ол туралы ағасы, сенімді се­рігі, алашқа әйгілі тұлға Қа­жымұрат Нағмановтың айт­қаны еске оралатыны бар. Қа­жекең Солтүстік Қазақ­стан облы­сының әкімі болып таға­­йындалғаннан кейін әдет­тегідей журналистермен бас­па­сөз мәслихатын өткізеді. Сол жиында ақмылтық журналист, «Егемен Қазақстан» газе­ті­нің облыстағы меншікті тілшісі Мә­лік Мұқанов ағамыз енді ғана таға­йын­далған әкім­ге төмендегіше сұрақ қояды.

– Сіздің алдыңыздағы әкім өзімен бірге бір вагон кадрларын алып келіп еді. Сіз де солай жасайсыз ба?

– Жо-оқ, – деген Қажекең бірден, сосын әрі қарай жауабын нақтылай түсті. – Бір вагон кадр әкелмеймін. Бірақ бір вагон кадрға тұрарлық бір азаматты әкелемін.

Теріскей өңірінің журналистер қа­уымы «бір вагон­­ға тұрарлық азаматты» асыға күтсін осы сөзден кейін. Ол Қуат Есімханұлы болатын. Қажекең соншалықты құр­­меттейтін, ерекше ба­ға­­лай­тын азаматтың іскер­лі­гі­не тұтас облыс халқы ке­йін­нен толыққанды көз жет­кіз­ген. Аты аңыз­ға айналған Қуат Есімханұ­лын солтүстік жұрты әлі күнге де­­йін сағы­нышпен еске алады. Еске ал­май қайтсін, Қуат ағамыз облыс әкімінің орынбасары ретінде идеология­ның тіз­гінін ұстаған тұста қуаты ке­­міген ұлттық дәстүрдің бо­йы­на қан жүгіртті.

Алаш жұртының әйгілі жырауы, батыр, «Елім-ай» шы­ғармасының авторы Қо­жа­берген Толыбайұлына ар­налған елдің атақты ғалым­дарының қа­ты­суымен алқалы жиын өткізіп, де­меу­шілердің көмегімен кітабын шы­ғар­ды. Жыраудың мәңгілік қоныс тап­қан зиратында кесене бой көтерді. Клас­сик жазушы Ғабит Мүсіреповтің ға­сыр­лық мерейтойы қарсаңында қа­­лың оқырманға «Ұлпан» романы ар­қылы жақсы таныс Есеней мен Мүсі­репке белгі қойдырды. Қазақтың атақ­ты ақыны Мағжан Жұмабаев­тың Петро­павлдағы тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Ұлыларға арналған осындай игі іс-шараның басы-қасында ұйытқы болып Қуат Есімханұлы жүрді.

Ал «Абылайдың ақ үйі» туралы әңгіме тіпті ерек. Ол туралы Қуат Есім­ханұлы өз естелігін төмендегіше тар­­қатады: «Солтүстік Қазақстан облы­сында қызмет істеп жүр­ген кезімде «Абы­лайдың ақ үйі» жөнінде алуан түр­лі әң­гіме естідім. Мәселенің анық-қаны­ғына көз жеткізу үшін Омбы, Санкт-Петербург қалаларының тарихи архив­теріне арнайы кісі де жібердім, бірақ ешқандай дерек табыла қойған жоқ.

2003 жылы Мәскеуге бар­­ған сапарымда Ресей­дің Сыртқы істер министр­лігінің архивінен Ресей пат­шайымының үй салу туралы Жарлығын, салынған үйлер­дің жобасын қолға түсіріп, олжалы оралдым. Құрылысты жүргізген генералдың есеп-қисабы жазылған құжаты да табылды.

Жұмыс бабымен 2004 жы­лы Аста­наға ауыстым да, ке­йін «Абылай­дың ақ үйінде» үлкен музей ашылып, Абылай ханға ескерткіш орнатылды». Бүгінде теріскейдегі елдік­тің символына айналған «ақ үйдің» қысқаша тарихы осы.

* * *

– Ассалаумағалейкүм, аға. Қалай­сыз? Қайдасыз?

– Жол үстінде едім. Пав­лодар жақта, жабдықта жүр едім.

Қуат аға осылай ылғи жол үстінде, ағайын-ту­ған, дос-жаранмен қоса, ел­дің қадірлісі, ауыл ақсақа­лы­ның жақсылығы мен қуа­нышын бөлісіп жүргені.  «Тұрған жерің елдің астанасы да, Туған жерің сенің ғана астанаң» деп ақын Жарасқан Әбдірәш жырлағандай, Қуат аға «өзінің астанасына» осылайша жиі ат шалдырып тұ­ратын.

Ауылдастарының жиын-тойынан қалмай барғаны өз алдына, қа­жет ке­зінде қол­ұшын да созатын-ды. Май ауда­­­нының «Қызыл құра­ма» ауы­­лын­дағы имандылық үйі­нің құрылысына, ауылдағы мұқ­таж отбасыларға де­меу көрсе­тіп, жан-жақты болы­сып жүр­­гені де жанашырлығы­ның, аза­маттығының арқасы еді.

Ақын Төлеген Айбергенов жырла­ғандай, «Бұл қазақта жігіттер бар шың тектес, Тұра да алмас шың бұлай. Қас­қайып олар тұрғанда. Биік­тер сенің тұлғаң да, Мил­лион мәрте құрбым-ай!». Қуат Есімханұлы да «бұл қа­зақта шың тектес» тұлғалар шо­ғырынан болатын-ды. Ендігі жерде оның елі үшін атқарған істері кейінгі ұрпаққа өнеге болып қалатыны сөзсіз.