• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Сәуір, 2014

Фестиваль арқауы – достық

439 рет
көрсетілді

Ұлт бірлігі – ұлы байлық. XV облыстық ұлттар достығы фестивалі жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл бұл мәдени шара облыстық Достық үйінің бес жылдығы аясында және өңірде тұратын этностардың тілі мен салт-дәстүрін, жалпы қазақстандық мәдениетті, рухани бірлікті, халық арасындағы достықты, ұлттық төл мәдениетті қалыптастыру және дамыту мақсатында өткізілді. Фестивальдің ұйымдастырушысы және құрылтайшысы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы, облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, облыстық Достық үйі болып табылады. Он бесінші рет өткізіліп отырған фестивальде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының 19 этномәдени бірлестігі дайын­даған шығармашылық бағ­дар­лама ұсынылды. Сонымен қатар, фестивальға Хромтау қала­сы­ның кеншілер мәдениет үйі және Әйтеке би ауданындағы Т.Шевченко атындағы Қарабұтақ орта мектебінің шығармашылық ұжымдарының қатысуы да фестивальдің көкжиегі кеңейіп келе жатқанын көрсетті. Әр ұжымның бағдарламасы берілген тақырыпқа сай, шығармашылық мүмкіндігіне қарай халықтың ұлттық колоритінен және жөн-жоралғыларынан тұратын театр­ландырылған толық композиция түрінде орындалды. Фестивальдің мақсаты жеке орындаушыларды және шы­ғар­машылық ұжымдардағы талантты жастарды қолдау және дамыту болып табылады. Шараның алғашқы күні об­лыстағы 19 этномәдени бірлес­тіктің ұлттық қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылды. Көр­мені облыстық мәдениет, мұра­ғаттар және құжаттама басқар­масының басшысы Нәзира Та­был­динова қысқаша сөз сөйлеп ашып, фестиваль қатысушыларын өнер мерекесімен құттықтады. Ол көрмені ұйымдастыру арқылы облысты мекендеген ұлттардың қолданбалы өнерін насихаттау, танымдық тағылымына қол жеткізу, жастарды өнерді сүюге тәрбиелеу мүмкіндігі молайып отырғанын жеткізді. Фестиваль барысында оған қатысушылар өз ұлтының өнер­лерін ортаға салды. Достық үйінің сахнасынан ән қалықтап, халықтық билердің әсем қимылы төгілді. Әр ұлттың көркемөнерпаздары достық пен бірліктің бірегей ықылас-ниетінен арна тартқан басқа да өнерлерін көрермен назарына ұсынды. Бұл жолы жастардың өнерге деген ынтасы артқаны, көпшілік мәдени шараларға қа­ты­суға ниетті екендіктері ай­қын аңғарылып тұрды. Бұл фес­ти­вальдің қызықты өтуіне ықпал етті. Олардың арасында қай сах­на­ның да ажарын келтіретін әншілер мен бишілер өсіп келе жатқаны қуантады. Ең бастысы, бұл фес­тиваль достықтың тінін бекітетін шара ретінде бағалы. Сондықтан да мұнда өнерлерін көрсетуге ынталылар көп болды. Фестивальде өнерлерімен көзге түсіп, көрерменнің көңілінен шыққан өнерпаздар 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде Тұңғыш Президент Н.Назарбаев атындағы саябақта өтетін Гала-концертке қатысатын болды. Облыстық мәдениет, мұра­ғаттар және құжаттама бас­қар­масы басшысының орынбасары Қыдырғали Ермұқан мен облыстық Достық үйінің директоры Роза Беркешева барлық фес­тивальға қатысушыларға өнер­лерің өрге жүзсін деген тілек білді­ріп, алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапаттады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.