Ұлт бірлігі – ұлы байлық. XV облыстық ұлттар достығы фестивалі жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл бұл мәдени шара облыстық Достық үйінің бес жылдығы аясында және өңірде тұратын этностардың тілі мен салт-дәстүрін, жалпы қазақстандық мәдениетті, рухани бірлікті, халық арасындағы достықты, ұлттық төл мәдениетті қалыптастыру және дамыту мақсатында өткізілді. Фестивальдің ұйымдастырушысы және құрылтайшысы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы, облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, облыстық Достық үйі болып табылады.
Он бесінші рет өткізіліп отырған фестивальде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының 19 этномәдени бірлестігі дайындаған шығармашылық бағдарлама ұсынылды. Сонымен қатар, фестивальға Хромтау қаласының кеншілер мәдениет үйі және Әйтеке би ауданындағы Т.Шевченко атындағы Қарабұтақ орта мектебінің шығармашылық ұжымдарының қатысуы да фестивальдің көкжиегі кеңейіп келе жатқанын көрсетті. Әр ұжымның бағдарламасы берілген тақырыпқа сай, шығармашылық мүмкіндігіне қарай халықтың ұлттық колоритінен және жөн-жоралғыларынан тұратын театрландырылған толық композиция түрінде орындалды.
Фестивальдің мақсаты жеке орындаушыларды және шығармашылық ұжымдардағы талантты жастарды қолдау және дамыту болып табылады.
Шараның алғашқы күні облыстағы 19 этномәдени бірлестіктің ұлттық қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылды. Көрмені облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Нәзира Табылдинова қысқаша сөз сөйлеп ашып, фестиваль қатысушыларын өнер мерекесімен құттықтады. Ол көрмені ұйымдастыру арқылы облысты мекендеген ұлттардың қолданбалы өнерін насихаттау, танымдық тағылымына қол жеткізу, жастарды өнерді сүюге тәрбиелеу мүмкіндігі молайып отырғанын жеткізді.
Фестиваль барысында оған қатысушылар өз ұлтының өнерлерін ортаға салды. Достық үйінің сахнасынан ән қалықтап, халықтық билердің әсем қимылы төгілді. Әр ұлттың көркемөнерпаздары достық пен бірліктің бірегей ықылас-ниетінен арна тартқан басқа да өнерлерін көрермен назарына ұсынды. Бұл жолы жастардың өнерге деген ынтасы артқаны, көпшілік мәдени шараларға қатысуға ниетті екендіктері айқын аңғарылып тұрды. Бұл фестивальдің қызықты өтуіне ықпал етті. Олардың арасында қай сахнаның да ажарын келтіретін әншілер мен бишілер өсіп келе жатқаны қуантады. Ең бастысы, бұл фестиваль достықтың тінін бекітетін шара ретінде бағалы. Сондықтан да мұнда өнерлерін көрсетуге ынталылар көп болды.
Фестивальде өнерлерімен көзге түсіп, көрерменнің көңілінен шыққан өнерпаздар 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде Тұңғыш Президент Н.Назарбаев атындағы саябақта өтетін Гала-концертке қатысатын болды. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қыдырғали Ермұқан мен облыстық Достық үйінің директоры Роза Беркешева барлық фестивальға қатысушыларға өнерлерің өрге жүзсін деген тілек білдіріп, алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапаттады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.