• RUB:
    4.94
  • USD:
    495.2
  • EUR:
    522.34
Басты сайтқа өту
Әлем 22 Мамыр, 2022

Өзен-көлдердегі бөгеттер жойылды

1359 рет
көрсетілді

Еуропада ширек ғасыр бұрын өзен-көлдерге орнатылған бөгеттер жаппай алына бастады. Осылайша эколог ғалымдар жойылудың алдында тұрған балықтарды сақтап қалмақ. Өткен жылы кәрі құрлықтың 17 елінде 239 бөгет жойылған. Бұл істі қолға алған елдер өзге көршілес жатқан мемлекеттерді де «бөгеттен құтылуға» үгіттеп отыр.

Испания судағы тіршілік иелерінің көбеюіне және емін-еркін қоныс аударуына кедергі болған өзен-көлінен 108 бөгетті алып тастады. Соның ішінде Еуропадағы ең биік 13 метрлік Анларинос бөгеті жойылды. «Сандық көрсеткіш жағынан Еуропа елдері арасынан Испания көш бастап тұр», дейді Дүниежүзілік балық көші-қон қорының жоба менед­жері, бөгетті жою туралы Еуропа ұйымының мүшесі Пао Фернандес Гарридо.

Эколог ғалымдардың айтуынша, Еуропа өзендеріндегі тосқауылдардың басым бөлігі бір ғасыр бұрын салынған. Олардың кем дегенде 150 мыңы бүгінде ескірген, экономикалық мақсатқа пайдалануға жарамсыз. Ондай бөгеттермен басқа да өзендердегі кедергілер ба­лық­­тардың көшу жолдарын жауып тастайды. Бұл көбінесе алабұға, бекіре, форель және жы­ланбалық секілді балық түр­лерінің азаюына әкеліп соға­ды. Өзен-көлдердің ағысы негі­зі еркін болуы керек. Сол кез­де балықтар қоректерін еш қиын­дықсыз тауып, көбейе­ді. «Бөгеттерді бұзу – нағыз қа­жет­тілік», дейді Фернандес Гар­ридо. «Бізде мыңдаған қарау­сыз қалған қоршау бар, бұған назар аударып жатқан ешкім жоқ. Алайда оның қаупі жоғары екенін ескеру керек. Бөгеттер судың сапасы мен жерасты суларының дең­гейі­не әсер етеді, каналдар мен жаға­лауларды тоздыра­ды және жағажайларды жоқ қы­лады, қоныс аударатын балық­тар популяциясының азаюына және тіпті жойылуына әкеледі», деп түсіндірді ол.

«Статистикалық мәлімет­тер­ге қарасақ, Еуропа өзен-көл­­деріндегі қоныс аудару ар­қылы көбейетін балықтар соңғы 50 жыл ішінде 93 пайызға азай­ған. Мұның басты себебі бөгеттердің ұрық шашуға кедергі болуы», дейді экологтер. Өзендердегі бөгеттердің пай­дасынан гөрі зиянын ес­кер­ген үш ел – Португалия, Чер­ногория және Словакия бұл іске өткен жылы кірісіп кеткен. Сондай-ақ Финляндия Хиитоланжоки өзенінде орналасқан үш бөгеттің бірі су электр тоғанын бұзды. Бұл өз кезегінде қазірде теңізге ер­кін шыға алмай отырған ақ­серке балығының уылдырық ша­шатын жерлеріне оралуы­на мүмкіндік бермек. «Бұл іс – су электр тоғанының қажет еместігін және энергия­ны бас­қа көздерден алуға болатынын көрсететін тамаша мысал. Осылайша Хиитоланжоки өзені 120 жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет бөгеттер­ден толығымен босатылады», деді Фернандес Гарридо. Ғалымның айтуынша бүгінде істің нәтижесін көріп, қолдап отырған Испания, Франция, Дания, Финляндия және Ұлы­британия елдері ғана. Италия, Португалия, Грекия, сондай-ақ Шығыс Еуропаның барлық елі бұл бастаманы әлі де болса мойындамай отыр. «Тұщы судағы балық популяциясының күрт азаюына байланысты өзендерді қалпына келтіру кезек күттірмейтін жұмыс әрі міндет. Біз биыл 2021 жылдағы көрсеткіштен асып түсеміз деп ойлаймын. Өйткені Еуропадағы өзен кедергілерін жоюға көмек­тесу үшін алдағы алты жылда 42,5 миллион еуро инвестиция­лайтын жаңа Open Rivers бағ­дарламасы әзірленіп, қаржы бөлінуде», деді Фернандес Гарридо. «Біз барлық елдің үкімет­терін осы игі іс-шараға қо­сы­луға шақырамыз, әрбір ел­дің ағысы еркін, тұнық, мөл­дір суы бар өзен-көлдері болуы тиіс. Сондықтан бұрын-соңды өзен­дерді салынған бөгеттер мен өзге өндіріс нысандары­нан босату маңызды. Бұл елдің эко­логиялық мәселесін шешудің бір жолы болып саналады», дейді испан ғалымы.