• RUB:
    4.94
  • USD:
    495.2
  • EUR:
    522.34
Басты сайтқа өту
Референдум 24 Мамыр, 2022

Болашақ заңгерлермен кездесті

412 рет
көрсетілді

Қазақстан Жоғары оқу орындары қауымдастығының бастамасымен референдумды қолдау жөніндегі республикалық штаб мүшелері болашақ заңгерлермен кездесті. Қоғам қайраткерлері жастарға конституциялық реформалардың өзектілігін түсіндірді.

Іс-шараға М.С.Нәрікбаев атын­дағы Қазақ мемлекеттік заң универ­ситетінің студенттері, оқу ор­дасының профессорлық-оқыту­шылар құрамы және Жоғары оқу орындары қауымдастығының мүшелері қатыс­ты. Кездесу кезінде талқыланған не­гіз­гі тақырып – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары, сондай-ақ алдағы референдумды өткізудің маңызы туралы болды.

Модератор, университеттің құқық жоғары мектебінің профессоры Индира Әубәкірова алдымен қатысушыларды Конституцияға қандай өзгерістер енгізілгенінен хабардар етті. «Еліміз Президентінің бастама­сымен қолға алынған, Конс­ти­туцияға ұсынылатын түзетулер бойынша алдағы референдум сая­си реформалардың маңызды кезеңі болып табылады. Биылғы жыл­дың 5 маусымында біздің бәрімізге елі­міздегі демократиялық өзгеріс­тер­дің ұсынылған бағыттары бойынша берілетін жауапты таңдау жасау керек болады», деді ол.

Жалпыхалықтық дауыс беру арқылы жүзеге асырылатын өзгеріс­тердің қатарында – Конституция жобасында, Сенат пен Мәжіліс депу­таттарын сайлаудың жаңа тәр­тібі, аралас сайлау жүйесі, жергі­лікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың тетіктері, өлім жазасының жойылуы секілді мәселелер қарастырылған. Сонымен қатар саяси партияларды тіркеу жолдары нақтыланған. Мәселен, партия құру үшін бастамашыл азаматтар тобының ең аз санын 1 000-нан 700 адамға дейін қысқарту; партияларды тіркеу үшін қажетті шекті деңгейді 20 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендету; партиялардың өңірлік өкілдіктерінің ең аз санын 600-ден 200 адамға дейін азайту көзделіп отыр.

Студент жастармен кездесуде «Тұран-Астана» университетінің ректоры, Нұр-Сұлтан қаласы мәс­лихатының депутаты Гүлжамал Жапарова елімізде референдум 1995 жылдан бері өткізілмегенін атап өтіп, осы жолғы Конституциялық жо­ба­дағы үлкен өзгерістерді, оның ішін­­де суперпрезиденттік басқару ны­­санынан классикалық түрдегі пре­­зи­денттік басқару жүйесіне көшу се­кілді маңызды мәселелерді атап өтті.

Өз кезегінде Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры Марат Башимов алдағы референдумның және Конституцияға енгізілетін өзгеріс­тердің маңыздылығын қо­ғамда, оның ішінде еңбек ұжым­дарын­да ашық пікір алмасу, түсін­діру жұмыстарының қарқынды жүргіз­ілуі қажет екеніне басымдық берді. «Азаматтар мемлекеттік билікті атқаруға және де өздерінің құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында беріліп отырған мүмкіндіктердің мәнін терең түсіне отырып, референдумға белсене қатысады деп сенемін», деді ол.