• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 27 Мамыр, 2022

Халықтың табысын арттыру – стратегиялық міндет

250 рет
көрсетілді

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заң жобаларын қабылдап, халықтың табысын арттыруға арналған 2025 жылға дейінгі жоспар аясында атқарылатын жұмыс барысымен танысты.

Отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.

«Келісім бойынша әскери мүлік бір мәрте беріледі. Оның атауы мен көлемі дипломатиялық арна арқылы келісілді. Қазақстан тарапы мүлікті Қырғызстанның Қойташ елді мекеніне дейін автокөлікпен жеткізеді. Шығын­ды өзі көтереді. Қырғызстан тарапы ал­ған мүлікті тек қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету үшін пайдалана алады, үшін­ші тарапқа бермейді. ТМД-ға қаты­су­шы мемлекеттерге қарсы қолдан­бай­ды. Орталық Азияға іргелес аумақта шиеленіс болғанда, өңір­лік қауіпсіздікке сын-қатер төн­ген жағдайда әскери-техникалық көмек көрсету Қырғызстан қарулы күш­­терінің оған тойтарыс беруіне, Ор­та­лық Азия өңірінің қауіпсіздігін нығай­туға мүм­кіндік береді», деді Қор­ғаныс министрі­нің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов.

Вице-министрдің айтуынша, әскери мүлік тізімі анықталған. Ол дипло­матиялық арна арқылы келісілді. Бұған қару-жарақ, оқ-дәрі, бақылау және барлау жабдықтары кіреді. Қазіргі уақытта әскери-техникалық көмектен басқа жауынгерлік даярлық пен кадр даярлау жұмыстары жүріп жатыр.

«Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қыр­ғызстанға ресми сапары басталады. Осы сапар аясында бірқатар маңыз­ды келісімге қол жеткізіледі деп күтілу­де. Біздің бүгін қараған заңымыз да бауырлас екі елдің өзара қарым-қаты­насын, соның ішінде әскери-техни­ка­лық саладағы ынтымақтастықты ны­ғайтуға арналған. Сондай-ақ бұл Келісім Орталық Азияда тұрақтылықты және қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейді», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар сенаторлар «Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы Армения Республикасына мұнай өнімдерін беру саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.

Бұл құжат қазақстандық кәсіпорын­дар­дың Арменияға мұнай, электр энергия­сы, табиғи газ және көмірден басқа та­уар­лар жеткізу үшін қажетті жағдай жа­сау­ды, сондай-ақ мұнай өнімдерінің ЕАЭО елдеріне келетін бақыланбайтын ағын­дарынан нарықты қорғауды мақсат тұтады.

Одан бөлек, Палата отырысында де­путаттар «Халықтың табысын арт­тырудың 2025 жылға дейінгі бағдар­ламасы» кешенді жоспарын іске асыру шаралары жөнінде Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың ақпаратын тыңдады.

«Бағдарламаның маңызды бөлігі жаңа экономикалық өсуге арналған. Азаматтардың жұмысқа орналасуына жағдайлар жасау, сондай-ақ жаңа дағдылар мен кәсіпке  баулитын жанама шаралардан құралған. Тікелей шара­ларға келсек, 1,1 млн-нан аса жұ­мыс­кердің еңбекақысын арттыру көз­делген. Соның ішінде бюджет сала­сы­ның 850 мыңнан аса қыз­мет­кері­нің лауазымдық айлық ақысы ұл­ғайты­лады. Дәрігерлердің жалақысы 320 мың­нан 531 мың теңгеге дейін, орта ме­дици­налық қызметкерлердің жалақысы 173,5 мыңнан 250 мың теңгеге дейін өседі.

Биыл сәуірден бастап «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» компаниялар тобының 258 мың өндірістік персоналының жалақысы 5-тен 48 пайызға дейін көтерілді. Бұл ретте жалақысы төмен лауазымдарға басымдық берілді. Айталық, «Қазпошта» жүйесіндегі жүргізуші-курьердің жалақасы 144 мың теңгеден 237 мың теңгеге дейін өсті. Осылайша, қазірдің өзінде азаматтардың табысын арттыру бойынша нақты іс-шаралар іске асырылды», деді Е.Тоғжанов.

Премьер-Министр орынбасарының сөзіне сүйенсек, қордың ішкі резервтері есебінен қызметкерлердің кірістерін арттыру бойынша жұмыс жалғаса бермек. Жыл соңына дейін тағы 4 компанияда өндірістік персонал жалақысы 5 пайыздан 18 пайызға дейін өседі.

«Бұдан бөлек мемлекеттен қолдау шараларын алатын ірі бизнеске қатыс­ты міндеттемелерді белгі­леу есебі­нен онда істейтін 2,8 млн қыз­мет­кердің орташа жалақысы өседі. Екі апта бұрын Қарағанды облысында ірі бизнестің қатысуымен бұл бағыт­та атқарылған жұмыстардың алдын ала қорытындыларын тыңдадық. Нәти­же­сінде, қазірдің өзінде Қазақстан бойынша ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардағы жалақы мөлшерін 15 пайыздан 30 пайызға дейін өсіруге қол жеткізілді.

Экономиканың түрлі саласында инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 2025 жылға дейін 2 млн-нан астам жаңа жұмыс орны құры­ла­ды. Соның ішінде өнеркәсіп пен кә­сіп­керлікте – 950 мың, инфрақұ­ры­­лым­дық жобалар шеңберінде – 583 мың, агроөнеркәсіптік кешенде – 458 мың, туристік салада 59 мың адам жұмыспен қамтылады», деді Е.Тоғжанов. Спикердің мәліметіне сәйкес өнеркәсіп саласында барлығы 713 жоба жоспарланған. Биылдың өзінде 165 жоба іске қосылып, 16 мың­нан аса жаңа жұмыс орны ашылмақ.

«Жаңа өндіріс орындарын құру жобалары тек ірі қалаларды ғана емес, ауылдық елді мекендер мен моно­қалаларды да қамтиды. Моноқалаларды дамыту мәселесі күн тәртібінде. Сон­дық­тан Қарағанды облысының Саран қала­сы үлгісінде моноқалаларды қал­пы­на келтіру міндеті тұр. Қалада іске қосы­л­атын 3 негізгі жоба шиналар өнді­рісі, тұрмыстық техника, жүк автомо­биль­дерін өндіруге бағытталған. Онда барлығы 2500 жұмыс орны құрылады.

Жанама шаралар – өңдеуші өнді­рістің өнімділігін арттыруға, кәсіп­керлікті дамытуға, жұмысқа орна­ласу­ға жәрдемдесуге, кәсіптік даяр­лауға ба­ғытталған. Азаматтардың кәсіп­кер­­ліктен түсетін табысын арттыру мақ­сатында елімізде 50-ден аса ірі кәсіпорындар айналасында Ша­ғын және орта бизнес белдеуін құру көз­дел­ген. Оның бір көрінісі ретінде Қызыл­орда облысындағы шыны зауыты айналасында 8 шағын зауыттан тұратын шағын және орта кәсіпкерлік белдеуін қалыптастырады», деді Е.Тоғжанов.

Премьер-Министрдің орынбасары 2025 жылға дейін халықтың сатып алу қабі­летін қорғау мақсатында импортты азайтуға ден қойылып отырғанын жет­кізді. Соған байланысты ірі 87 тауарлы сүт фермасы, 14 ет комбинаты, 17 құс фа­б­ри­касы іске қосылып, 6,6 мың гектар бақ пен қант зауыты пайдалануға берілмек.

«Сонымен қатар бақша, сүт, бал өнім­дерін өндіретін 9 мыңнан аса отба­сылық қосалқы шаруашылықты бірік­тіретін 280 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарланды. Жалпы, жоғарыда атап өткенімдей, 2025 жылға дейін 450 мыңнан аса жұмыс орнын құру жоспарланған агроөнеркәсіп саласын дамыту «Ауыл аманаты» жобасы аясында іске асырылады.

Бұл ретте отбасылық шаруашылықты дамыту бойынша Жамбыл облысында тиімді іске асырылған қанатқақты жобаны еліміздің басқа аймақтарына тарату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Пилоттық жоба 2019 жылдан бері 11 ауылдық округте іске асырылды. Нәтижесінде, жобаға қатысқан 2,5 мың отбасының табысы 4 есеге артқан. Бұл ауылдардағы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 65 пайызға азайған. Кәсіпкерлер саны 966-дан 3248-ге дейін өскен, яғни әрбір үшінші отбасы кәсіпкерлікпен айналысып отыр. Қазір 11 ауылдан түсетін жыл сайынғы салық түсімдерінің көлемі 125 млн теңгеге жетті», деді Е.Тоғжанов.

Сонымен қатар баяндамашы бағ­дарламада халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарының тұрақты табы­сын қалыптастыру бойынша кешен­ді шаралар қамтылғанын атап өтті. Атап айтқанда, көпбалалы, сондай-ақ мүм­кіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналарға үй жағдайында табыс табуға мүмкіндік жасау көзделген.

Жоба аясында әйелдер еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқамерзімді курстан өтіп, өз ісін ашу бойынша тегін консультация алады. Нәтижесінде, жыл сайын 20 мың әйелді жұмыспен қамту жоспарланған. Бұл жұмыстарды Аналар кеңесі үй­лестіреді және өңірлердегі отбасылар­ды қолдау орталықтары арқылы жүргізеді. Соны­мен қатар осы бағытта мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту тетік­тері жетілдіріледі. 2025 жылға қарай жұмысқа жарамды мүгедектігі бар адам­дардың кемінде 30 пайызын жұмыспен қамту жоспарланған.

«Бүгінде табысты арттырудың жаңа әрі әлеуетті бағытының бірі – креативті индустрия саласы. Әлемдегі креативті индустрияның қаржы айналымы 2,3 трлн долларды құрайды.Осы салада 12 жыл бұрын арнайы бағдарлама қабылдаған Оңтүстік Корея 2020 жылы әлемдік медиа-ойын-сауық нарығында жетінші орынға шықты. Бүгінде бұл елдің креативті экспорт көлемі 12 млрд доллардан асты.

Сондықтан креативті индустрияны дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Біріншіден, елімізде 3 мыңға жуық мәдениет ұйымы бар. Ең алдымен осы ұйымдардың креативті идеялар үшін ашықтығын қамтамасыз етеміз. Екіншіден, мәдениет ұйымдарында құрал-жабдықтар қолдана отырып жаңа креативті өнім шығаруға ниетті аза­маттарға толықтай мүмкіндік беріледі.

Үшіншіден, қазір мәдениет ұйым­дарының мүлкін пайда табу мақсатында тиімді пайдалану механизмдерін рет­тейтін заң жобасы әзірленіп жатыр. Түс­кен табыс сол ұйымдарды мате­риал­дық-техникалық жабдықтауға және қызметкерлердің жалақысын арт­тыруға жұмсалады. Бұл мәдениет ұйым­дарын экономикалық айналымға енгізуге мүмкіндік береді», деді Е.Тоғжанов.

М.Әшімбаев Мемлекет басшысы қолға алған елді жаңғырту бағ­дарының басты мақсаты әр қазақ­стандықтың өмір сүру сапасын жақсарту екенін айтты.

«Халықтың табысын арттыру – стратегиялық міндет. Мемлекетке деген сенім мен барлық жаңғыру рефор­масының табысты болуы да осы міндетке тікелей байланысты. Азамат­тар жағдайының жақсарғанын нақты сезінуі керек. Ендігі жерде «бөлінген қаражатты игерсек болды» деген бұрынғы тәсілдермен жұмыс бітпейді. Сондықтан жобалық тәсіл қағидатын енгізу – құптарлық дүние. Оның ішінде жоспарланған нәтижеге қол жеткізу үшін нақты басшылардың жеке жауапкершілігін қарастырған жөн. Бағдарламалардың іске асырылуын бақылау тетіктерін де жетілдіру керек», деді Сенат Төрағасы.

Сондай-ақ Палата Спикері аталған бағдарламаны іске асыруға көптеген мемлекеттік органның қатысатынына назар аударып, олардың жұмысын тиімді үйлестіру айрықша мәнге ие екенін тілге тиек етті.

«Жалпы, бағдарлама аясында қолға алынатын шаралар 3,8 млн адамды қамтиды. Бұл еліміздегі жұмыс істейтін азаматтардың жартысына жуығы деген сөз. Осы ретте бағаның негізсіз өс­пеуі аса маңызды. Сонда ғана халық жағ­­дайының жақсарғанын шын сезіне алады. Сондықтан Табысты арт­тыру бағдарламасының тағы бір міндеті инфляцияны ауыздықтау екенін естен шығармау қажет», деді Мәулен Әшімбаев.

Талқылау соңында Парламент Сенаты халықтың табысын арттыру жолында Үкіметпен бірлесіп жұ­мыс істеуге және заңнамалық тұрғы­дан қажетті қолдау көрсетуге дайын екені айтылды.