• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Мамыр, 2022

Ұлт рухы – ұрпақ мұраты Қазақстанның І мәдениет форумы өтті

1014 рет
көрсетілді

Мәдениеттің алтын бесігі Алматы шаһары екі күн бойы заманауи мәдени үдерістің ең маңызды мәселесін талқылаған ашық диалог алаңына ай­нал­­ды. Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы қала­сы әкім­дігінің ұйымдастыруымен тұңғыш рет өткізілген Қазақстанның І мәде­ниет форумы музыка, театр, кино, кітапхана, музей, архив секілді руханият са­ласында қызмет ететін 500-ге жуық өкілінің басын қосып, жаһандану жағ­дайын­дағы мәдени құндылық және оның қоғамға әсері, мәдениет дамуының бағдары туралы өзекті ойды ортаға салып, шешімін бірлесе іздеп, талқылады.

Абай атындағы ұлттық опера және балет театрында өткен Қазақстанның І мәдениет форумының кіріспе сөзін алған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қатысушыларға ауқымды жиынның ұйымдастырылу мақсатын аз-кем түсіндіріп өтті. «Кез келген мемле­кет­тің өркениетті елге айналуының ба­с­ты факторының бірі – сол ұлттың мә­дениеті. Ұлттық рухын жоғалтқан ел­дің ертеңі жоқ. Жаңа Қазақстан деп ата­латын маңызды кезеңде мемлекеттің идео­логиясына тигізетін мәдениеттің ық­палын сөз еткен форум тақырыбы «Ұлт рухы – ұрпақ мұраты» деп аталуы да сол себептен. «Жаңа бетбұрыс сая­си тұрғыдан ғана жаңару емес. Ол ұлт­тың мәдениетінен руханиятына де­йінгі, әлеуметінен әдебиетіне дейін­гі мәселені қамтиды. «Өнер – адам бойын­дағы қабілеттің ең биік көрінісі» деген сөз бар, сол ұлы қабілетті игілік пен ізгілік арнасына бұра алатын да сіздер. Сіздер ғана тарихымызды тасқа қашап, сіздер ғана ұлт музыкасы мен өнерін, мәдениеті мен руханиятын ғасырдан-ғасырға жалғап келесіздер. Сол себепті де зиялы қауымды ұлттың ұяты, рух иесі деп бағалап жатамыз. Кез келген ха­лық­тың болмысы мен бітімін, тілі мен дінін айшықтағанда саясаткерін емес, алдымен ақыны мен жазушысын еске алады. Ағылшын тілін Черчилль мен Елизаветаның тілі деп еш­кім айтпай­ды, ұлы Шекспирдің тілі, фран­цуз тілін Напалеонның тілі емес, Гюго мен Дюманың тілі деп таниды. Біз де ұлты­мыздың шежіресін Қазтуған мен Шал­киіздің, Абай мен Ахметтің тілін­де жазуды білеміз. Осындай рухтың қай­нары – өздеріңізде», деді министр Д.Абаев.

Дәурен Әскербекұлы осыны терең түсін­гендіктен де, министр ретінде мәде­ниет саласының қызметкерлеріне барынша жағдай жасауды міндет деп санайтынын айтты. Осы тұрғыда сала басшысы министрліктің қолынан бәрі келе бермейтінін де ашық мойындап, қолынан келетін шаруаны ғана жасауға уәде ететінін жеткізді. Сол себепті Мәдениет министрлігі жауапкершілігін мойнына ала алатын мына басымдықтарды айқындап, көпшілікке ұсынады.

Бірінші, отандық көркем туынды­лардың сұранысқа ие болуы мен бәсеке­ге қабі­леттілігі. Отандастарының өз фильмін көріп, өз авторларын оқуы өте ма­ңызды. Басқаша айтқанда, халықтың мә­дени капиталын көтеру аса өзекті. Министрдің айтуынша, адамның ар-ұятын екі нәрсе ғана сақтап тұрады: бірі – білім, екіншісі – мәдениет. Егер дәл қазір мәдени қадамдарға мән берілмейтін болса, ертеңгі жарқын болашақты елес­тету қиын. Сондықтан да кітап оқитын қоғам қалыптастыру – министрліктің бас­ты міндеті. Кітапханаға бас сұқпайтын қоғамнан қандай да болсын қатыгездікті күтуге болатынын ескерткен Дәурен Әскербекұлы: «Адамзаттың өмірінен әдебиетті алып тастасаң, қару-жарақ пен ақша ғана қалады», деген сөз бар. Осы орайда барлығыңызды ашық кітап жәрмеңкесіне шақырамын. Нақты қадам ғана нақты нәти­жеге жеткізеді», деді. 

Екінші басымдық – маман даярлау мәселесі. Көп дүниенің кілті – кадрда. Бұл орайда жоғары оқу орындарындағы сапа­лы білім мәселесі сөз болды. Бола­шақ музыканттар, режиссерлер, актер­лер мен суретшілердің бүгінгі білімі қан­дай деңгейде болса,  ертеңгі мәде­ние­ті­міздің дәрежесі де сондай болмақ. Адам қаншалықты талантты болса да, ол талантты біліммен ұштамай, нәти­жеге қол жеткізу мүмкін емес. Д.Абаев Мә­дениет министрі болып таға­йын­дал­ғаннан кейін барлық өнер ошағын аралап шығып, бәріне ортақ бір мәселені аңдаған: барлық мекемеде жатақхана жетіспейді, жабдықтар ескір­ген, жалақы төмен. Бүгінде сол сеңнің шеті сөгілген. Министрлікке қарасты жоғары оқу орын­дарындағы оқытушылардың жалақысы көтерілген. Сонымен бірге, музыкалық училищелер мен колледждерге жаңа жабдықтар, музыкалық аспаптар, кітаптар мен аппаратуралар алу үшін арнайы шаралар жос­парланып отыр.

Үшінші басымдық – мәдени мекеме­лер­дегі жұмыс сапасы. Республи­ка аумағында мәдениет үйлерін, театрлар мен музейлерді есепке алғанда 7000-нан астам өнер ошағы бар. Оларды жөндеу, жабдықтау бойынша министрлік жос­пары әкімдіктермен бірге әзірлену үстінде. Мысалы, биылдың өзінде 300-ге жуық нысан салынып, қайта жөндеуден өткізіледі. Бұл ретте министр ауылдық аймақтарға көбірек көңіл бөлінетінін атап өтті. Бұл нысандарды басқару жұ­мысы да – аса өзекті мәселенің бірі. Са­лын­ған мекеме қаңырап бос тұрмауы қажет, ешкім бас сұқпайтын мәдени ме­кеменің қажеті бар ма? Сауатты менеджмент жүйесін қалыптастыру дәл осындай мәселеден туындайды.

Төртінші басымдық – кино саласынан бастап кітап шығару ісіне дейінгі қаржыландыру мәселесінің әділ және ашық болуын қадағалау. «Мемлекеттік конкурсқа қатысқым келмейді» дейтін мәдениет қайраткері жетерлік. Өйткені олардың беті қайтқан, босқа уақыт шығындау деп санайды.

Министрдің айтуынша, Президент реформасы саяси құрылымның парадигмасын өзгерту үшін ғана емес, ол қоғамның жауапкершілігі мен еркіндігі арасындағы тепе-теңдігін тереңдете түседі. Бұл – күр­делі үдеріс. Ел бірлігін ны­ғайтуда мәде­ниет қайраткерлерінің, зиялы қауым өкіл­дерінің алар орны айрықша.

Дәурен Абаевтың ресми баяндамасынан кейінгі сөз кезегі сахнаға жайғас­қан сегіз спикерге берілді. Руханият­тың сегіз саласы бойынша ой саралауға келген спикерлердің қоғамдағы қызметі мен көзқарасы әр алуан. «Өмірде менің көзім анық жеткен ақиқат мынау, мәдениетті жасайтын – адам, ал адамды жасайтын – мәдениет» деп алғашқы сөз тізгінін алған Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет қаңтардағы қанды оқиғадан кейін бұрынғыша өмір сүре алмайтынымызды, ұлтымыздың ең негізгі белгісі ана тіліміздің қолданылу аясын кеңейтетін жеке заңнаманың болма­уын күйіне жеткізді. Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлап жатқан кезде ЮНЕСКО тарапынан Шымкент қаласының 2200, Түркістан қаласының 1500, Тараз қаласының 2000 жылдығы арнайы қаулымен бекітілгенін еске салған ақын: «Ендеше, еліміздің тарихы жас, қалаларының кәрі болғаны орынды ма?» деген сауал тастады. «Жаңа Қазақстан тарихын Ботай мәдениетінен бастаймыз ба, әлде Шымкент тарихымен шектелеміз бе? Ботай мәдениеті – біздің төл тарихымыз, біреуге беретін жеріміз жоқ, тарихымыз да жоқ. Сол себепті Жаңа Қазақстанды Ботай­мен байланысты 3700 жылдық жаңа тарих­­пен атап өту қажет деп білемін. Ту­ған тарихымыздың түп-тамырын күл-қоқыс­тан аршып, жаңа ұрпаққа ұсы­найық», деді.

Ақын, аудармашы Бақыт Қайырбек бар­лық мәдениет қызметкерін «шы­рақ­шы» санайтынын айтты. Саналы адам өзіне қоятын салмақты сауалдың бәріне өнер, мәдениет арқылы жауап алатыны шындық. Нақ осы шығармашылық адамдарының жұмысы нәтижесінде адам өз өмірінің мәнін терең, жарқын әрі толық сезіне алады. Егер шығармашылық адамының тағдыры туынды жазудан тұратын болса, ол – шырақшы. Олар рухани алаудың шырағын ешқашан сөндірмей, мәңгі күзетте тұрады.

Руханияттың жайы қозғалған жерде бірге айтылатын күрмеуі қиын мәселе – кітап шығару ісі. Миллиондап ақша шашатын Қазақстандағы баспа қызметін 1-2 мың еуро жұмсап қана шешетін Сербия елінің тәжірибесімен байланыстыра қарастырған мәдениеттанушы, аудармашы Зира Наурызбаева бұл саланы бүге-шігесіне дейін жетік білетінін аңғартты. Себебі өзі жазушы, өзі маркетолог, өзі есепші З.Наурызбаева кітап шығару ісіндегі қитұрқылықпен бұрыннан таныс болғандықтан, бар шындықты жайып салды. «Шығармасы шетел оқырманына қызықты бола ма?» деп сауалдың басын ашып алмай, «Қазақ әдебиетін шетелде танытамыз» деп қазынадан мол қаржыны бөлдіріп алғандар баспа іздеп, аудармашы іздеп, оларды елге қонаққа шақырып, қыдыртып әлекке түсетініне қынжылыс білдірді. «Жемқорлыққа жол берілмесін» деп бәрін ереже, заң бо­йынша жасап, тексеріп, қадағала­ғанның өзінде өткен жылдары есімі елге белгілі үлкен қаламгердің испан тіліне аударылған кітабы гугл тәржіма болып шықты. Дайын бюджетпен, шенеуніктермен тіл табысып кітап шығаратындар қалыптастырған тамыр-таныстыққа негізделген ескі жолды сүріп тастамай, бұл жүйеде елеулі өзгеріс болмақ емес. 

Форумда үлкен мәселе қозғаған­дардың бірі – Қанат Айтбаев. Әлемге әйгілі Димаш Құдайбергеннің әкесі соңғы жылдары баласының продюсері бола жүріп бетпе-бет келген мәдениет төңі­регіндегі сын көтермейтін мәселе­лердің біразын санамалап шықты. Өзін блогер санайтындардың да, кәсіби тіл­шілердің де рейтинг үшін жағым­сыз ақпаратты астын сызып тұрып, ай­шықтап, алақайлап насихаттап жататынына қынжылыс танытты. Жаман нәрсенің таралып кетуінен қауіптеніп, «мал құлағы саңырау» деп, баланың бойына сіңбегенін қадағалап, естіген бойда ескерусіз қалдыруға тырыса­тын қазақы мінез адам танымастай өзгер­ген қазір. Себебі адам жаман, ұятты әңгі­мені алғаш естігенде шошып кетеді, екін­ші рет естігенде құлағы үйрене бастай­ды, үшін­ші естігенде бойы үйренеді, төр­тін­ші естігенде ол қоғамның қалыпты жағдайына айналады. Осыған тыйым керек. Жаманаттың таралмауына барынша көңіл бөлген абзал. Сондай-ақ Қ.Айт­баев youtube арналарындағы кейіпкер­лері бы­ла­­пыт сөйлейтін, қатыгездік пен жауыз­­дық­ты қарадүрсін суреттеген жеке сту­­дия­ның фильмдерін бақылау қа­жет­ті­гіне, қазақ­тың татулығы мен туы­с­ты­ғына қыз­мет етіп отырған той қуа­ны­шының тағы­лы­мы биік бірыңғай фор­матын әзірлеуге на­зар аудартты. Шет­елден келіп қазақ сах­­на­сында өнер көрсететін әртістер біз­дің са­на­­мыз­ға қандай ақпаратты құйып жа­тыр? «Құрылыс нысанын салғанда да, архи­т­ек­­туралық бақылау, геодезиялық бақы­лау, техникалық бақылау, санэпи­де­миялық бақылау деген талап-ереже негі­зінде салынады. Ендеше, қоғамдық сана­ны бақылау деген ұғым бізде неге жоқ? Қоғамдық сана – өскелең ұрпақтың тәрбиесі, руханияттың діңгегі болуға тиіс. Мәдениетті ұрпақ өскен жердің қоғамы көркем, ал көркем қоғам жасауға сіз бен біз атсалысып жүрміз бе?» Әнші, продюсер қойған бұл сұрақ – мә­дениеттің басты мәселесі.

Форумда кинорежиссер Ермек Тұр­сынов қысқа мерзімде өзгерген ұлт болмысы, комедиялық фильм түсіру­ге әуес білімсіз жастар туралы, Канн фестивалінің жеңімпазы, актриса Самал Есләмова киноның көркем құндылығын арттыру, өнертанушы Ольга Батурина буын сабақтастығының бейнелеу өне­ріндегі әсерін есепке ала отырып, жас ұрпақтың өзінің төл, жаңа образын қалыптастыруы, жаңашыл бағыттағы ре­жиссер Фархад Молдағали драма ре­жиссерлерін шетелдік шеберлік сабақ­тары мен тағылымдамадан өткізу, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали ұлттық өнерді насихаттайтын орталық ашу туралы ой-ұсыныстарын ортаға салды.

Бүкілқазақстандық І мәдениет форумында айтылған әңгіме, қозғалған мәселе, екшелген ұсыныстар аз болған жоқ. Министрліктің қолынан бәрі келе бермейтінін бірден басын ашып айтқан министр осының бәрін мұқият тыңдап алып, қорытынды сөзін былайша түйіндеді:

– Алдағы уақытта балалардың атына арнайы карта ашылады. Үкімет ол картаға ақша бөледі. Бірақ бала ол картадағы ақшаны жұмсай алмайды. Ол ақша музейге, театрға барғанда ғана пайдаға асады. Бұл – жергілікті атқарушы билікпен бірлесе жасалатын игі қадам.

Бұл алаңда той туралы айтылды. Той – қазақтың феномені. Ол зерттелуі керек. Оның жақсы-жаман жағы бірдей болғанымен, той – елді біріктіретін күш. Министрлік тарапынан қарауға дайынбыз. Ал кешегі Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында болған келеңсіздік – мәдениет форумында талқылауға тұрмайтын нәрсе, өйткені мәдениетсіздік көрсеткен жас жігіттердің әрекеті тәрбие мәселесіне көбірек келеді.

Сондай-ақ министр мәдениет пен өнер саласындағы қызметкерлер үшін жыл соңында ұлттық сыйлық таға­йын­­дала­ты­нын, ұлттық мәртебесі бар ме­кеме­лер­де жалақы мөлшері көтерілетінін хабарлады.

Форумның екінші бөлімінде мәдениет саласында ұзақ жыл қызмет етіп, еңбегі сіңген 47 өнер өкілі «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен мара­патталды. Алғаш рет ұйымдастырыл­ған мәдениет форумы алдағы жылы да жалғасын тауып, дәстүрге айналатынына сенім білдірді.

 

АЛМАТЫ