Сіз Патагония аралының қайда екенін білесіз бе? Жалпы, Жер бетінде мұндай мекеннің барын естіп пе едіңіз? Бәлки, сол қысы желді, жазы ызғарлы Патагониядан табылған мумия-қыз туралы аңызды оқыған боларсыз. Бүгінде АҚШ-та тұратын жазушы Лира Қоныстың соңғы шыққан әңгімесі «Патагония аруы» деп аталады. 2000 жылдары «Мәңгілік сағыныш», «Құлпынай қосылған балмұздақ» атты кітаптарымен жарқ ете қалған Лира біршама уақыт бойы жазуда із-түссіз кетті. Ал кейінгі жылдары көркем аудармаларымен көзге түсіп жүр. Жазуын сағынған көп оқырман автордың шалғайдан жолдаған жаңа дүниесі шыға қалса, іле-шала оқуға асығады. Біз де сөйттік.
«Бізге беймәлім Патагонияда бір ару бар болды ғой». Әңгімені оқуға ниеттеніп отырғанда осылай ойлауыңыз мүмкін. Алайда оқиға кейіпкердің Нью-Йорктан жұмыс іздеуінен басталады. «Бұл шаһарға бақытсыз елдерден, жоғалған жұрттан, аты жоқ аралдардан бағын іздеп бас сұққан баршаның өткеніндей тырмысқан апталардан соң жергілікті музейлерді басқаратын компанияның антропологиялық бөліміне қызметкер керек бола қалғаны». Бақытсыз ел кім? Жоғалған жұрт кім? Аты жоқ арал қайда? Әрине, болжасақ, бұған көптеп мысал келтіруге болады. Ал сөйлемнің «баршаның өткеніндей тырмысқан апталардан соң...», деген тұсын екі-үш қайтара оқып, түсіне алмадық. Әлқисса.
Кейіпкер (бірінші жақтан баяндалғандықтан, кейіпкердің аты жоқ) тапқан жұмысының айлығына көңілі толмай, сәтсіздікке жорыса да, оның Американың ұлттық музейінің екінші қабатында орналасқанын «өмірдің жомарттығы» деп қуанады. «Ертесі күні таңда метро бекетіне түсіп келе жатып, өзіме таныс сәтсіздікті ұшыраттым. Ол бұрышта қызғаныштан күйініп, қолы қалтырап темекі шегіп тұр екен». Ол адамның кім екенін сол бойда таппай, әрі-бері адасып, есеңгіреп отырғанда метроның бұрышында «қызғаныштан күйініп, қолы қалтырап темекі шегіп тұрған» Сәтсіздік екенін ұғып, Лира Қоныстың осындай елеусіз һәм өзгеше стиліне жымың қаға түсесің.
Кейіпкер сәлден соң оған: «Қараңызшы, арзандау бәтіңке кисе де сау, ұзын аяқтарым бар, білегімде қымбат әшекей жарқырамаса да мықты қолым бар, таңмен таласып Куинстегі аялдамадан пойызға отырамын да, жолаушылармен күлімсіреп есендесемін...», деп өзінің шынымен де бақытты екенін айтып мақтанады.
Есейген шақта бала кездегі әр сәт ыстық көрінетіні бар. Сол бір жылдардағы жып-жылы естеліктер алыстаған сайын жүректегі аңсар ұлғая түседі. Ал Лира Қоныстың кейіпкері музейдің алдына барып: «Азияның бір түкпірінде өткен балалық шағымды есіме аламын, ымыртта әжем пісірген кеспеге тойып алған соң майшамның жарығымен кітап оқитын жүдеу кештерді ойлаймын, жүннен тоқылған жамаулы шұлығымды, әпкелерімнен қалған ебедейсіз ұзын көйлектерімді және бойыммен бірдей ауыр қапшық арқалап мақталы алқапта жүрген өзімді көремін», деп қуаныштан жылағысы келеді. Көшедегі бейтаныстың бәрін тоқтатып, өзінің әлі мақта теріп жүрмегенін, мына музейде жұмыс істейтінін айтқысы келеді.
Осы тұста Лираны «бұзылған екен» деуіңіз мүмкін. Ол неге ауылын сағынбайды? Тойып ішкен кеспесін неге аңсамайды? Сол майшамды, сол шұлығын, сол көйлегін неге тебіреніп отырып еске алмайды? Мақта тергенінен неге жерінеді? Балалық шағына неге қуанбайды? Неден қашады?
Ол жұмысқа кіріскен алғашқы апталарда «Патагония аруына» назар аудармайды. Мұндағы «Патагония аруы» – Латын Америкасынан табылған мумия. «Ару деп ардақтайтын несі бар, археологтердің көп олжасының бірі. Ары-бері өткенде жай мүсінге балаушы ем. Қалай болғанда да қатып-семген мумияны екі жүз жыл бұрын өмір сүрген әдемі бойжеткен еді деп қабылдау оңай емес».
Сол мумияның үстінде ақ гүлдер кестеленген кең етекті қызыл көйлегі бар. Оны профессор Хәрисон той көйлегі дейді. Ал кейіпкер оның қалыңдық киімі емес, мұнда еуропалық винтаж ізі байқалатынын айтады. Ал шындап келгенде, жас қыздың ең бақытты – некелесу күнінде көз жұмғанына сенгісі келмейді.
Қыстың бір күнінде жұмыс соңында жалғыз қалған кейіпкердің көңіліне үрей ұялай бастайды. Кешқұрым әріптесін күтіп отырған ол сол түні беймәлім бір оқиғаға тап болады. Міне, осы тұста Лира Қоныстың жазуында бұрын да болған мистикалық сарынды байқайсыз.
«Әне, есік ашылды. Бұл мен күткен қызметкер емес. Баяу басып жақындады. Сосын испан тілінде «Сәлем» деген дауысты анық естідім».
Автор баяндауындағы кей сөз қолданысына көркем шығарма оқып отырған оқырман «шалынып құлайды». Мәселен, «Әріптестерім түгел жөнін тапқан...» (яғни үйіне қайтқан). «Әсілінде ұятпен жіті жұмыс істейтін жан емеспін...». Ал жаңағы есіктен кірген белгісіз «адамның» амандасқанына «Өтінем... менің жанымдағы орындыққа отырыңыз. Қонақ қабылдауға дайын емеспін, маған көрінбегеніңіз дұрыс», дейді. Үрейден үркіп отырғанда «қонақ қабылдауға дайын емеспін» дегенін қалай түсінеріңді білмей дал боласың. Жалпы, жазушының тілінде өзгеріс барын байқадық: қиыспайтын тіркестер, жаттанды ой, жасанды диалог. Бәлки, оған автордың күнделікті өмірдегі тілі, ортасы, кеңістігі әсер етіп жатқан болар. Әйтсе де бұл жазушыны ақтар себеп емес.
Келген «қорқыныштың» қызыл етегін байқаған кейіпкер оның кім екенін іші сезді. Алайда ол ойына сенгісі келмей, ішкі ойларымен арпалысып, есі шықты. Иә, кейіпкерді іздеп келген елес – сол музейдегі «Патагония аруы» болатын. Әңгімешіл ару өзінің жұртқа пәни жалғанның өткіншілігін түсіндіретін бейнебір құрал сияқты екенін айтып, сыр шертеді. Бәлки, «Патагония аруының» бұл сөзі шығарманың негізгі культі де шығар.
Ал кейіпкеріміз елестен жан ұшырып отырған жоқ: «...қандай жолмен болсын біреуге пайдаң тигені жақсы-ақ», деп мораль оқып отыр. Автор сөйте тұра мумиямен диалог құрып отырып, кейіпкердің ішкі ойын да сөйлетіп үлгереді.
«Құжатты қабылдауы тиіс қызметкер, ең болмаса кептелістемін деп қоңырау да шалмайды...», деп үшінші жақтағы әріптесін ойша жазғырып отырған ол: «... ал біз қатар отырып, кілем тоқыған қыздардай шүйіркелесуге жарап қалдық», деп мумиямен осы отырысын бір қағытып өтеді. Тіпті, оның есімінің әдемі екенін де айтады.
«Балалық шағым, бойжеткен күндерім қос мұхиттың саласында, Патагония жазығында өтті. Бұл бір қысы желді, жазы ызғарлы ашулы мекен, сөйтсе-дағы мәңгілік жап-жасыл, жер жәннаты дерсің...».
Бұл мумияның іңкәр шағы – бала кезі өткен туған жері. Автор параллель алып отырған кейіпкер мен «Патагония аруының» балалығын еске алуы бір-біріне мүлде қарама-қайшы. Абсурд. Мақталы алқап пен жап-жасыл мекен. Жеріну мен жақсы көру. Қашу мен аңсау.
«Көбелектің күндік ғұмырындай жалт еткен» арудың аз өмірі Лент, Попаянда мерекесі сынды думанды сәттермен өтіпті. Оның бұл әңгімесіне кейіпкер де тосырқап отырған жоқ: «мен тіпті оның әңгімесін әу деп қостауға жарап қалдым», деп қоштап отыр. Арасында мумияның «Сен алғаш көрген адамыңа қалай баға бересің?», деген сауалына «Адамның келбетіне қарап тұжыру асығыстық-ау. Сөзіне қарап бағалармын...», деп тым жасанды һәм жаттанды жауап бере салады. Тіпті, патагониялық арудың бұл сұрағы да жалықтыратындай.
«Сол Саманта-Санта мерекесі өмірімдегі соңғы карнавал екен. Сол жылы біздің өлкеде жауын-шашын аз болды. Ондай жылдары Тлос құдайдың рақымын алу үшін құрбан шалынатын. Жастардың көз жасы жерді суландырады деп сенетін. Мені мереке үстінде діндарлар ұрлап әкетті...».
Бұл – әңгімедегі негізгі шындық һәм трагедиясы да осы. Теріс нанымның құрбаны болған қыршын ғұмыр. Одан басқа қаншама жастың көз жасы жерді суарды екен... Құдайға сенген жұрттың осындай құдайлық істерге баратыны өмірді аңызға айналдырады. Аңызға айналған соң ол жанның рухы көкке көтеріліп, барша әлемді аралап кетсе керек. Міне, Лира Қоныстың музейдегі кейіпкеріне барып тұрғаны секілді.
Ендігі сырлас-мұңдас жандарға айналған музейдегі екеу бұл ақиқаттан соң үндей алмады. Қорқынышты күрсініс басып, өмірдің әділетсіздігіне налыды. Кейіпкер «ешқашан сезінбеген бір қайғы» халге түсті.
«Мені ешкім түсінбеді, мен де оларды ұқпадым. Арқанмен матап, Ампато тауына қарай алып жөнелгені, масайтатын сусын бергені есімде. Арғы жағын білмеймін, мүмкін таудың суығына шыдамай қатып қалған шығармын? Ал Хәрисон ханым тауып алған соң есімді жисам, арада екі жүз жыл өтіп кетіпті».
Бұдан соң патагониялық ару өмірде көбіміз мойындай қоймайтын шындықты айтады. «Кейде күйеу жігітімді ойлаймын. Мен үшін көп қайғырды-ау, ә? Көз жасы суалған күні Патагония жазығындағы тағы бір сұлуға ғашық боп, сосын үйленіп, сосын мына қызық ғаламнан қартайып өткен болар?».
Ажалың жетіп, жерленген соң бір жеті, он күн, мейлі бір жыл қайғырар, жоқтар. Уақыттың әділетсіздігі де сол, көзге көрінбеген адамды да еріксіз ұмыттырады. Қоңыр тіршілік сенен кейін де қыз-қыз қайнап өте береді. Өзен де ағады, толқын да толқиды.
Алайда кейіпкердің шындығына – «Патагониялық арудың» есімі Суана-Куна, оны карнавал кезінде ұрлап, жаңбыр құдайына құрбан шалғанына ешкім сенбейді. Ол өткен уақыттан оралған адамдарға, тарихтың қайталану құбылыстарына қатысты ғылым неге үнсіз отырғанын, чалканның соңғы шаманы қара табанымен шоқ кешіп, зікір салғанда көкте бұлт жөңкіліп, найзағай ойнайтынын, қарт эскимос жұлдыздардың орналасуына қарап ертеңгі жер сілкінісін қалай дәл болжайтынын айтса да ешкім тыңдамады.
«Суана-Куна мүсіншінің қолынан шыққан жоқ, ол адам. Тәні семгенмен жаны кеңістікте қалды, осы әлеммен бірге жасауда. Жанның да өз айтары, тіршіліктің көшінде бір мезет көрініп қалуға құқы бар ма? Бар!».
Бұл да әңгіменің бір шындығы, авторлық түйін. Кез келген жанның өз даусы бар, әр жүректің өз сөзі бар. Бәлки, осы ғұмыр сол дауыстардың естілуі үшін, сол сөздердің айтылуы үшін жаралған болар.
Сонымен мақта теріп өскен қыз бен надандықтың құрбаны болған патагониялық аруды не байланыстырады? Лира Қоныс музейдегі мумия туралы жазуға неге қызықты? Тарихта жаңбыр үшін адамдарды құрбандыққа шалатын діни наным-сенімдер болғанын білеміз. Автор осы оқиғаларды, аңыз-әңгімелерді негізге ала отырып, адамның өлгеннен кейінгі өмірін айтқысы келген болар. Шынында, өмірден өткен соң кімнің жұмаққа, кімнің тозаққа, кімнің хор қыздарын көретіні, кімнің көбелек, яки кімнің музейде мумия болып тұрары – бұл бір белгісіз һәм мәңгілік жауабы жоқ сұрақтар. Алайда тәнді топырақ құшқанмен, жаныңыз, рухыңыз біржола еркіндік алып, аспанда, ауада қалықтап жүруі мүмкін. Бұл да мистика.