Григорий Потанин «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» дегенді бекер-айтпаған-ау... Расында да ұшқан құстың қанаты, арындап шапқан тұлпардың тұяғы талатын байтақ даламыздың өзі тұнып тұрған ән емей немене?!
«Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын тесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді,
Тыңдағанда көңілдің өсері бар»,
дейді Абай...
Расында да солай ғой. Әсіресе, ғасырлар бойы санаға да, көңілге де, жүрекке де сіңіп қалған, қазақтың бүкіл болмысымен де, табиғатымен де біте қайнасып кеткен әндер болады. Олардың қатарына Ақан Серінің «Балқадишасы» мен Үлебайдың «Дударайын» қоспай тұра алмайсың. Екеуі де қазақтың кең даласы секілді кең тынысты туындылар екені даусыз. «Дударайды» Үлебайдың әні деп астын сызып айтуымыздың өзіндік сыры бар. Жалпы, тарихымызда «шимайланған, түзелген» парақтар аз емес. Сондай түзеулер мен күзеулердің руханиятқа, ән әлеміне де кері әсер еткені бұлтартпас шындық.
Әлбетте, әрбір әннің өз тарихы болады. Қалай алып қарасақ та, «Дударайды» Мәриям Жагорқызы жазды дегенге ешкімнің сенбесі де белгілі ғой. Біріншіден, әннің табиғаты қазақтың болмысымен ұштасып, үйлесіп тұрғаны дау тудырмайтын шындық. Екіншіден, Жагорқызы шын мәнінде талант болса, бақа әндері туралы да білер едік. Қысқасы, «Дударайды» орыс қызының туындысы деген миға қонбайтын долбар екені екі бастан аян.
«Ақан серіге деген менің бүкіл ықыласымды аударған ән «Балқадиша» болды. Сол кезде академик Ахмет Жұбанов мен қызмет ететін «Қазақстан пионері» газетіне күйшілер, әншілер, композиторлар туралы мақалалар әкеліп жүрді. Бір жолы Ақан сері туралы мақала әкелгенде, ол кісі: «Шырағым, Илья, біздің өміріміз өте қиын болып тұр. Көп нәрсеге менің қолым бара бермейді. Ақан серінің, Біржан салдың, Мәдидің және өзгелердің өмірі туралы, Естай-Қорлан жөнінде бір кезде елдің фольклоршыларынан жиған материалымды кітап етіп шығардым. Бірақ қазір айтылып жүрген «Күйеуің сексен бесте шал, Қадиша» деп жүргені өзінің төл сөзі емес, осы есіңде болсын, қазір мұны біз жөндей алмаймыз. Өйткені кеңестік идеологияның насихатына айналып кеткен ән» деді.
Мен бірден «Қандай насихат?» деп сауал қойдым. Сонда Ахаң: «Ақтар мен қызылдар соғысып жатқан он сегізінші жылдары кеңес үкіметі басым болып, қызылдар жеңіп жатқан тұста, шаруаларға жер беріп, елдің бәрін мәз қылып жатқан шақта шаруалар қызыл әскерге балаларын бермей жатыр, біздің айқайлаған құр сөзімізден түк өніп жатқан жоқ. Бұған ән арқылы әсер етуіміз керек дегенді айтты Ленин», деді.
«В красной армии штыки, чай найдутся. Без тебя большевики обойдутся» деген «Проводы» аталатын Демьян Бедный есімді Лениннің рухани серігі бірінші кеңестік ән етіп, украинның халық әнінің әніне негіздеп осындай мәтін жазған. Сол ән арқылы қызылдар үлкен жеңіске жеткен. Сол сияқты кеңес үкіметі Қазақстанда орнағанда, Қазақстанда кеңестік жүйені нығайтып бекіту үшін әндер арқылы әсер ету қажеттігі туындады. Мәселен, халықтар достығы тақырыбына Құдай жарылқаған «Дударай» деген ән бар. «Дударайды» Мәриям Жагорқызы шығарды дестік, оған оны сүйген қазақ жігіті Дудар–Дүйсен Мәриям Жагорқызы шығармаған әнді, яғни Үлебай деген халық композиторының әнін Мәриямнің авторлығымен беріп кеп жіберді. Бұл халықтар достығы ма? Көрінген көзге сол ән Мәриямдікі болды да кетті. Ол олай емес! Үлебайдың әні – бұл ән. Үлебай кім? Ауылда жүрген жай ғана шаруа еді. Үлебай өз әніне өзі ие бола алмады. «Менің әнім» деп айтуға шамасы келмеді. Ұлттар достығы осылай кетті ал.
Енді сауатсыздықты жою, яғни (ликвидация без грамотностей) саясатымен «Ақ Баян» деген халықтың әні бар ғой. Оны да өзгертіп алғандары бар. Енді қазақтың қыздарын шалға берген, үлкен адамдарға қалың малға сатқан деген желеумен үлбіреп тұрған Бал Қадишаны «Күйеуің сексен бесте шал, Қадиша» деп жаңадан сөз жаздырып, мұны әйел теңдігі саясатына теліп, осы әнді солай беріп жіберді. Сөйтіп Ақан серінің
«Қызы едің Ыбекеңнің, Бал Қадиша,
Өзенді өрлей біткен тал, Қадиша.
Сексен қыз серуенге шыққан кезде,
Ішіңде қара басың хан, Қадиша» деп келетін керемет әнді бүлдірді. Ол қыздың әкесі Ыбырай елдің биі, шешені, тұтқасына айналған, қасиетті адам болған соң, оның үйінде Ақан сері ылғи ән салып жүрген.
«Ой, серім-ай, келдің бе, серім-ай» деп оны қарсы алған. Сол кезеңде Бал Қадиша кішкентай ғана қыз екен. Қадиша ұзатылар сәтте Ақан сері бірнеше мәрте трагедиямен бетпе-бет келген. Әйелдері қайтыс болған, ғашықтарынан, Құлагерінен айырылды. Қиналып, Ыбан (Ыбыраһым) деген мылқау баласын жетектеп, бұрынғы аралаған жерлерін шарлап, қайғы жұтып жүріп, Бал Қадишаны көреді ғой.
«Кетті деп Балқадиша естігенде,
Құшақтап құс жастықты
жылағаным» дейтіні бар. Мәтіннің өзінде үлкен мұң жатыр ғой», дейді Қазақстанның Еңбек Ері, қазақ ән әлемінің көрнекті өкілі, өнер зерттеушісі Илья Жақанов.
Расында да қазақтың ғажап әндері бір кездері идеологияның «құрбаны» болып кеткені жасырын емес. Ол туралы таусылмайтын әңгімелер жетіп артылады. «Балқадиша» мен «Дударай» солардың бір парасы ғана десек, еш қателеспейтініміз анық.
Қалай алып қарасақ та, өзге біреулердің оңай «олжасына» айналған рухани мұраларымызды өзімізге қайта қайтарудың жалғыз жолы бар екенін түсінеміз. Уақытында идеологияны желеу етіп, әлдекімдер үптеп кеткен «Дударай» секілді ғажап әндерді ендігі ұрпақтың санасына өз насихатымызбен жеткізгеніміз абзал. Әйтпесе Үлебай секілді ел ішінен шыққан таланттардың есім-сойы ұмытыла беретіні рас қой.