• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Мамыр, 2022

Қала баласы ойнаудан да қалып барады

515 рет
көрсетілді

Қазіргінің баласы асық атып, асыр салып ойнамайды. Бұрынғыдай ағашты ат қып мінбейді. Ертегі тыңдап өспегеннен кейін ертедегі батырларға еліктемейді. Есесіне есіл-дерті – теледидарға телміру, гаджетке үңілу. Қала баласы да, дала баласы да сондай қазір. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 6-9 жас аралығындағы бала­­лар күніне орта есеппен кемі 3-4 сағат белсенді дене қимыл ойындарымен айналысуы керек. Ал қазақстандық 70,66% өспірімнің далада ойнау уақыты бір сағатқа да жетпейді екен.

Қимыл-қозғалыс жетіспейді

Елдің денсаулығын қадағалайтын жаһандық ұйым балалардың семіздігі індетке айналғанын айтып, көптен бері дабыл қағып келеді. Жыл са­йын орта есеппен 2,8 млн адам артық салмақтан қайтыс болады. Әсіресе, Орталық Азия мен Еуропа елдерінде балалар арасында семіздікке шалдық­қан­дар көп. Мамандардың болжамына сенсек, 2025 жылға қарай мектепке дейінгі семіз балалар саны 70 млн-ға жету қаупі бар көрінеді.

Ал Қазақстанда 2030 жылға қарай 5-19 жас аралығындағы 536 906 адам артық салмақтан зардап шегуі мүмкін. Бұл сан 2016 жылдың өзінде 271 624-ке жеткен. Қазірдің өзінде балалардың 19,1%-ы семіздікке душар болған. Оның негізгі себептерінің бірі дене қозғалысының аздығы, дейді мамандар. Осы мәселені ес­кер­ген еліміздің Денсаулық сақ­тау министрлігінің Қоғамдық ден­сау­лық сақтау ұйымы Дүние­жү­зілік денсаулық сақтау ұйы­мы­­мен бірлесіп, қазақстандық жет­­кіншектер дене қимылында қан­ша­­лықты белсенді екенін зерттеген еді.

Ұйымның бізге жіберген ақпа­ра­ты бойынша, 15 елде атап айт­қанда, Ресей, Түрікменстан, Қыр­ғызстан, Латвия, Грузия, Чехия және басқасында жас балалардың 82-98%-ы күніне 1 сағатқа жетер-жет­пес ойнайды екен.

Балалардың дене қимыл-қозға­лы­сымен айналысу деңгейі бо­йынша рейтинг жариялаған мамандар Тә­жік­стан балаларының 94%-ы жаяу көп жүре­тінін анықтаған. Ал Португалия, Мальта және Ир­лан­­дияда шәкірттердің небәрі 20%-ы ғана қозғалыстың бел­сен­ді тәсіл­де­рін пайдаланатыны көр­се­тіл­ген.

Қазақстандық жеткіншектердің біршама бөлігі бұрын мектепке вело­си­педпен немесе жаяу келсе, қазір отбасыларда жекеменшік кө­лік­тердің көбеюі мен мектепке ав­то­бустарының сатып алынуы бұл көрсеткішті едәуір төмен­де­тіп жіберіпті. Ол ол ма, қазақ­стандық балақайлардың ішінде еш­­қандай спорт түрімен шұғыл­да­н­байтын балалар да көп. Бұл, әсіресе, ауыл балаларына тән. Сон­дықтан мамандар әр ата-ана балалардың дұрыс тамақтануын қада­ғалап қана қоймай, дене қимыл-қозғалысымен белсенді шұ­ғыл­дануына, таза ауада көбірек сер­уен­деуіне ерекше көңіл бөлуге кеңес береді.

Ойын ой-өрісті  дамытады

Балалардың компьютер ойын­да­рына тәуелділігін зерттеп жүр­ген белгілі психолог Лимана Қой­шие­­ва ойын баланың өмірінде ерекше орын алатынын айтты. «Қазақ халқы балалардың ой-өрісін, қоршаған орта туралы танымын кеңейту үшін мән-мағы­на­сы терең көптеген ойын түрін ойлап тапқанын тарихтан жақсы білеміз. Ойын жеткіншектің шы­ғар­­­­машылығын шыңдайды, жеке қасиет­терін ұштайды, мінез-құл­қын қа­­лыптастыруға жол салады. Басқа­лар­мен тіл табысуға үйретіп, бәріне ортақ қағидаттар мен ережелерге ба­ғы­нуға икем­дей­ді», дейді психолог өзі­нің зерт­те­уінде.

 Л.Қойшиеваның пікірінше, кіш­кен­тайынан ойнап өспеген ба­ла­лардың мінез-құлқында өзге­ше­ліктер болады. Мысалы, ата-анасы баласымен бірге ойнамауы былай тұрсын, оларға қа­талдық танытып, ашық сөйлеспей, үнемі ұрсып, зе­кіп отырса, ондай бала жасық, өз-өзіне сенімсіз болып өседі. Өзімен-өзі болып өскен жеткіншек адаммен араласа қоймайтын томаға-тұйық, агрессивті келеді. Ба­ланы дер кезінде қолға алмаса, мұндай бұйығы мінез жасөспірім шақта өшпенділікке, қаскөйлікке ұласуы мүмкін.

 Иә, ойын балаға ауадай қа­жет. Бірақ қазіргі баланың ойы­ны бұ­рын­ғы­­­ға ұқсамайды. Бүгінгінің баласы асық ойнамайды, асыр салып далада жүрмейді. Қазіргі балалар компьютерге тел­мі­ріп, ғаламторға шырмалып, үйде отырғанды тәуір көреді. Соң­ғы кезде ғалымдар ғаламторға тәуел­­ділікті аурудың қатарына жат­қы­зуды ұсынып жүр. Әлемнің көп­те­ген елде­рінде тәуелділік синдромы ауру ретінде зерттеле де бастады. Пси­хо­лог­тің айтуына қара­ғанда, ғалам­торға, компьютерге тәуелділік  те ауру. Өйт­ке­ні оған берілген адам­ның бойында ма­засыздық, агрессия, депрессия се­кіл­ді психикалық ауытқулар бай­­қа­ла­ды. Бұл жерде ата-ананың аңға­ры­м­паз­дығы керек-ақ.

Әрине, компьютер ойындарын ойнауды мүлде тыйып тастауға бол­майды. Тыйым салу мәселені шеш­пей­ді. Ең бастысы ақылмен ше­шім қабылдау. «Ойындарды ба­ла­ның жас ерекшелігіне сай сауат­ты іріктеу керек. Кейбір үл­кен­­дер жан тыныштығын ойлап, ба­ла­сының компьютерде отырған уақытын шектей бермейді. Бұл – ең үлкен қателік. Компьютерді уа­қытымен, орнымен қол­данғанда ғана оған тәуелділік болмайды. Ол үшін баланың күнделікті уақытын тиімді өткізуін назарда ұс­тау қажет. Белгілі бір мерзімде компью­терде отырсын, одан кейінгі уа­қыт­та басқа іспен шұғылдануына баса көңіл аударған жөн. Әсіресе, қи­мыл-қозғалысты қажет ететін ойын­дар баланы сергітеді, көңіл күйін көтереді. Қатарластарымен желіде тілдескеннен гөрі аулада ой­нағаны, серуендегені жет­кін­шек­­ке әлдеқайда тиімді», дейді психолог.

Жазғы лагерь мен «Жасыл ел»

Қазір мектеп оқушылары жаз­ғы демалысқа шықты. Ендігі мәселе – жеткіншектердің бос уа­қытын дұрыс ұйымдастыра білу. Жергілікті білім ұйымдары өспі­рімдердің уақытын тиімді әрі қы­зықты өткізу үшін бір­та­лай іс-шаралар ұйымдастырып жатыр. Ата-аналарды құлақтандыру үшін солардың бастысына тоқтала кетейік. Олардың басты мақсаты – балалар ара­сын­дағы белсенділікті арттыру, саламат­ты өмір салтына баулу.

Елордалық 92 мектептің жанында бүгінде жазғы лагерьлер ұйымд­ас­ты­рыл­ған. Оның ал­ғаш­қы маусымы 30 мамырдан бас­талып кетті. Ұзақтығы – 10 маусымға дейін. Мектепішілік лагерьдің екінші кезеңі 13-24 мау­сым аралығында өтеді. Мұнда екі мезгіл тамақтану бар. Әрі балалар лагерь ке­зін­де далада серуендеп, жаттығулар жа­сап, қаланың көрнекті орындарын аралайды. Бағасы да қолжетімді. Мысалы, қаланың №8 мектебінде 10 күндік лагерь небәрі – 4 500 теңге.

Сондай-ақ бас қаланың балалары әл-Фараби және М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайына ба­рып, жаз бойы жұмыс іс­тей­­тін лагерьлерге жазылуға бо­лады. Мұнда жазғы демалыс ака­демиясы мен 7-11 жас аралы­ғын­дағы балаларға арнал­ған жазғы шығармашылық мектебі жұмыс істейді. Жеткіншектер актерлік шебер­лік, сурет салу, вокал са­бақ­­та­ры­нан дәрістер алып қана қоймай, қазақ, орыс, ағылшын тіл­дерін меңгере алады.

Жазда ересек балаларға ар­нал­ған «Жасыл ел» жасағы жұмыс іс­тей­­­тінінен жұртшылық хабардар бо­лар. Бүгінде осы көгалдандыру бағ­­дарламасы бо­йынша қалалық әкім­­дік тарапынан 2,8 мыңнан астам жеткіншек жұмысқа орналасты. Рес­пуб­ликалық сту­дент­тік құрылыс және жастар жасақтары қоз­ғалысы қо­ғамд­ық қорының же­текшісі Марат Мұха­­мед­­жан­ұлы­ның айтуынша, биыл 14-29 жас аралығындағы елордалық жастарға 1 200 орын бө­лін­ген. Олардың «Жасыл елде» бір ай бойы еңбек етіп, 64 564 теңге алуға мүмкіндігі бар. Бірақ жасаққа көпбалалы, толық емес отбасылардың және әлеу­меттік жағдайы төмен отба­сы­­лар­дың балалары бірініші кезекте қабылданады. «Жасыл елде» еңбек ететін оқушылар мектеп ма­ңайында жұмыс істейді. Егер қа­ласа, студенттермен бірге сая­­бақ­­­тарды, скверлерді көгал­дан­дыруға қатыса алады. Бұл жұмыстың өзіндік ерек­ше­лі­гі бар. 18 жасқа толмаған бала­лар күніне 4 сағаттан артық жұмыс істемейді және аптасына бес күн ғана еңбек етеді. Қалған күндері демалады.

Ер­теңіміздің жарқын болуы бала­­ла­­рымыздың тәрбиесіне, са­на­­сына көп байланысты екені анық. Сон­дықтан әр ата-ана ұр­па­­ғының ұла­ғат­ты да көргенді бо­луына барын салуы қажет. Ата-ана баланы тәрбие­лей­тіні рас, бірақ бала да өзінің мінез-құлқымен, жүріс-тұрысымен ата-ананы тәрбие­лей­тінін естен шы­ғар­маған ләзім.