Футзалдан тек Қазақстанның ғана емес, Еуропаның үздік командаларының бірі саналатын Алматының «Қайраты» кезекті рет ел чемпионатында топ жарды. 2003/2004 жылғы футзал маусымынан бері бірде-бір командаға жеңілмей, бас жүлдені ешкімге бермей келе жатқан «Қайрат» өткен жексенбіде Қазақстан біріншілігіндегі 19-шы чемпиондығын тойлады. Финалда футзалдан Қазақстанның тұңғыш чемпионы «Аятпен» кездескен алматылықтар плей-офф кезеңінің үш ойынында да қарсыластарын қапы қалдырды.
Биылғы ел біріншілігінің финалында Рудныйдың «Аяты» мен Алматының «Қайраты» төртінші мәрте кездесті. Бұған дейін екі клуб футзалшылары ел чемпионатының 2016, 2017 және 2019 жылғы маусымының финалында кездесіп, бәрінде «Қайраттың» мерейі үстем болған еді. «Аят» өз тарихында алғаш рет 1999 жылы Қазақстан чемпионы атанған болатын. Финалда бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы – ред.) «Темірлан» командасынан басым түскен болатын.
Биылғы финалда екі ұжым араға екі жыл салып қайта жолықты. Финалдық бәсекенің алғашқы екі ойыны Алматыда өтіп, екеуінде де алаң қожайындары жеңіске жетті. «Қайрат» пен «Аят» арасындағы бірінші матч аса тартысты өткенімен, кездесу соңында алматылықтар бәрібір 4:2 есебімен жеңісті жұлып алды. Кездесудің бірінші бөлігінде «Аят» футзалшылары «Қайратқа» лайықты қарсылық көрсетті – 1:1. «Қайрат» сапынан Эдсон дос Сантос мергендігімен көзге түссе, Данил Карпюк таразы басын теңестірген-ді. Дегенмен екінші 20 минуттықта қонақтар сол қарқынын ұстап тұра алмады. Екінші таймда алматылықтардан Карлос Санз бір гол соқса, Дәурен Тұрсағұлов дубльдің авторы атанды. Алаң иелерінің үш голына қонақтардан Әбдірасул Әбдіманапұлы тек бір ғана голмен жауап қайтарды.
Ертесі күні өткен екінші матчта да «Аят» футзалшылары «Қайраттың» қарқынына төтеп бере алмады – 7:2. Жыл басында Қазақстанның азаматтығын алып, Еуропа чемпионатында ел намысын қорғаған алматылықтардың бразилиялық ойыншысы Эдсон бірінші таймның өзінде-ақ хет-трик жасап, кездесудің тағдырын бір өзі шешіп тастады. Екінші таймда қарқынын одан әрі күшейткен «Қайрат» «Аят» қақпасына тағы төрт гол соқты. 21-минутта «Қайраттың» бразилиялық легионері Диего Дәурен Тұрсағұловтың пасынан кейін есепті 4:1-ге жеткізсе, арада бір минут өткенде дубльдің авторы атанды. Алаң ортасынан қарсыласынан допты оңай тартып алған Алешандре Диего қақпашымен бірге-бір шығып, айласын асырып кетті – 5:1. Матчтың аяғына дейін «Қайрат» ойыншылары тағы екі мәрте мергендік танытты. 28-минутта Дәурен Тұрсағұлов сол аяғымен қақпаның сол жақ бұрышын дәл көздесе, 39-минутта Альберт Ақбалықов бос қалған қақпаға гол соқты. Бұл кезде «Аяттың» бас бапкері қақпашының орнына алаңға бесінші ойыншыны шығарған еді. Бұл кездесуде қонақтар сапында Антон Рындин мен Данил Карпюк гол жасады.
Жексенбі күні өткен екі ұжым арасындағы үшінші кездесуде «Қайрат» финалдағы ойындар сериясын әрі қарай созбалақтамай, бар мәселені осы матчта шешіп тастауға тырысты. Финал ережесі бойынша алғаш болып үш мәрте жеңіске жеткен команда ел чемпионы атанды. Егер бұл ойында «Аят» жеңіске жеткенде, командалар тағы да бір матч өткізуі тиіс еді. Дегенмен алматылықтар «ә» дегеннен ойын тізгінін өз қолдарына алып, екі таймда алаң иелерінің қақпасына төрт гол соғып, 4:2 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп ел тарихындағы 19-шы чемпиондығына қол жеткізді.
Кездесудің 5-минутында былтырғы чемпионаттың үздік ойыншысы Дәурен Тұрсағұлов сол қапталдан бір қорғаушыны алдап өтіп, допты қақпаның тоғыздығына дәл көздеді – 1:0. Арада екі минут өткенде «Қайраттың» шабуылшысы Альберт Ақбалықов бұрыштамадан асырған допқа бірінші жетіп, таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізді. Содан кейін алматылықтардың қарқыны бәсеңдеп, ойын тізгінін қарсыластарына беріп қойды. Нәтижесінде, матчтың 10-минутында Дәурен Тұрсағұловтың қателігінен кейін «Аяттың» шабуылшысы Роша Батиста Леандриньо есеп айырмасын қысқартып, спорт кешеніне жиналған жергілікті жанкүйерлерді бір серпілтіп тастады. Бірінші тайм соңына дейін алаң иелерінің есепте алға шығып алатын тамаша мүмкіндігі болған еді. Алайда «Аят» футболшылары алғаш пенальтиден мүлт кетсе, кейіннен 10 метрлік айып добынан гол соға алмады. Игитаның ерлігі арқасында «Қайрат» бірінші таймда есептегі басымдықты өздерінде сақтап қалды.
Екінші таймның алғашқы бесінші минутында биылғы Еуропа чемпионатының үздік сұрмергені Біржан Оразов «Қайраттың» үшінші голын соқса, алтыншы минутта Карлос Санз алматылықтарға жеңіс сыйлады. Ал екінші таймның орта тұсынан ауғанда Данил Карпюк есепті 4:2-ге жеткізді.
Сөйтіп финалда «Аяттан» басым түскен «Қайрат» ел чемпионы атанса, батыстың екі командасы – «Каспий» мен «Ақтөбе» ел біріншілігінің қола жүлдесі үшін талас жүргізуде. Командалар кеше сериядағы төртінші кездесуін өткізді. Ақтауда өткен бірінші ойында қонақтар 3:1 есебімен жеңіске жеткен болса, екінші матчта «Каспий» есе қайтарды – 3:2. Ал Ақтөбедегі үшінші матчта «Атырау» 3:2 есебімен жеңіске жетіп, жалпы серияда 2:1 нәтижесімен алға шығып алды. Бұл жерде де ең бірінші үш рет жеңіске жеткен команда қола жүлдегер атанады.