Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Болат Тұрлыхановты еске алуға арналған халықаралық турнир аяқталды. Күрестің үш түрін қамтыған жарыста рейтингтік ұпайлар берілетіндіктен көптеген мемлекеттің мықты балуандары Алатау баурайын бетке алды. Олардың қатарында Олимпия ойындары, әлем және құрлық чемпионаттарында атой салған саңлақтардың да қарасы мол болды. Ал біздің ұлттық құрама аталған жарысқа өздерінің ең үздік өрендерін қосты.
Дәстүрлі турнирді грек-рим күресі шеберлері бастады. Бұл жарыста Иран мен Түркия құрама командаларының қарқыны өте күшті болды. Парсы елінің пехлевандары төрт алтын олжаласа, Анадолы елінің апайтөстері үш рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Үздік үштікті Қазақстанның балуандары түйіндеді. Олар дәл ирандықтар секілді 10 жүлде иеленгенімен, медальдардың сапасы жағынан басты қарсыластарынан қалып қойды. Біздің жігіттерге бұйырғаны – 1 алтын, 4 күміс және 5 қола. Одан кейінгі сатыларға Өзбекстан (1+0+5), Қырғызстан (1+0+4), Грузия (0+2+0) және Үндістан мен Тәжікстан (0+0+1) құрамалары жайғасты.
Қазақстанның балуандары арасынан Қаһарман Қисыметовтің ғана асығы алшысынан түсті. 77 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен ол алғашқыда қырғызстандық Ринат Ілиясұлы мен грузиялық Квиша Ананидзені қапы қалдырып, финалға жолдама алды. Шешуші тұста өзінің командалық әріптесі Демеу Жадыраевпен күш сынасты. Көпшілік Жадыраевтың жеңетініне күмән келтірген жоқ. Өйткені оның әлем чемпионатының күміс жүлдегері деген дардай атағы бар. Және де Демеу Токио Олимпиадасына қатысты. Бірақ Қаһарман онымен еш қаймықпай айқасты. Нәтижесінде, бір ғана ұпай айырмашылығымен жеңіске жетіп, бас жүлдені қанжығасына байлады.
Қаһарман ренжи қоймас, бірақ сол күні көпшіліктің ықыласы одан гөрі 72 кило салмақтағы Мейіржан Шермахамбетке көбірек ауды. Өйткені ол өзінің елішілік жарыстардағы басты қарсыластарының бірі Азат Садықовқа сан соқтырғаннан кейін Олимпия ойындарының жеңімпазы, әлем және Азия чемпионы Мохаммад Реза Гераеимен кездесті. Бұл айқасты көргенде арман да, көрмеген де арманда. Қазақтың қайсар ұлы ешкімнен жеңілмегеніне талай жылдың жүзі болған жампозға адым аштырмады. Өте сауатты тактика құрып, үнемі оның алдын орап отырды. Атағы алысқа жайылған Гераеи шарасыз күй кешті. Таблодағы есеп 7:3-ке жеткенде бәсеке тоқтатылды. Сол кезде Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына жиналған жанкүйерлердің талай шаттанғанын көрсеңіздер ғой, шіркін! Оны құр сөзбен айтып жеткізу тіптен мүмкін емес!
Алайда Шермаханбетке Алматыда алтын тұғырға көтерілу бақыты бұйырмады. Себебі бұл салмақтағылардың саны аз болғандықтан жарыс айналмалы жүйе бойынша өтті. Жерлесіміз келесі кездесуінде өзбек Жамол Жұмабаевтың 36 секундта аяғын көктен келтірсе, Гераеи өзге қарсыластарын сыпыра ұтты. Содан ережеге сай қос мықты қайта финалда күш сынасуға тиіс еді. Бірақ Мейіржанның жарақат алғаны белгілі болып, ол бозкілемге шықпады. Нәтижесінде, бас жүлдені ирандық спортшы иеленсе, біздің жігіт күміс медальды қанағат тұтты. «Әттеген-ай!» деп айтқаннан басқа амал қалмады.
Сол секілді Марлен Мұқашев (55 кило) пен Бағлан Жақанша (63 кило) күміспен күптелсе, Ернұр Фидахметов (60 кило), Мадияр Малтекбаев пен Сұлтан Әсетұлы (67 кило), Олжас Сырлыбай (97 кило) және Антон Савенко (130 кило) қола медальдарды мойындарына ілді. Несіне жасырайық, талай байрақты бәсекеде Қазақ елі намысын абыроймен қорғаған Қорлан Жақанша (55 кило), Мейрамбек Айнағұлов (63 кило), Азамат Құстыбаев пен Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кило) және Әлімхан Сыздықов (130 кило) сынды саңлақтарымызға осы жолы үлкен сенім артқан едік. Бірақ олар жарты жолға жетпей сүрінді.
Өзбек Жалғасбай Бердімұратов (әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы) пен Рустам Ассакалов (әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, Азияның үш дүркін чемпионы) және қырғызстандық Жоламан Шаршенбеков (әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, әлем кубогының иегері) Алматыдағы жарыста үздік үштіктің қатарына әупірімдеп жүріп әзер қосылды. Ал грузиялық Якоб Каджая (Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Еуропа ойындарының жеңімпазы) мен ирандық Мейсам Далхани (әлем чемпионы) сынды дүлдүлдер мүлде жүлдесіз қалды. Осы жайттың өзі-ақ, «Болат Тұрлыханов кубогы» деп аталатын рейтингтік турнирдің деңгейі қаншалықты жоғары болғанын аңғартса керек.
Грек-рим күресінен өткен жарыстың жеңімпаздары: 55 кило – Поя Папа Марз (Иран), 60 кило – Али Реза Неджати (Иран), 63 кило – Керем Камал (Түркия), 67 кило – Аброр Атабаев (Өзбекстан), 72 кило – Мохаммад Реза Гераеи (Иран), 77 кило – Қаһарман Қисыметов (Қазақстан), 82 кило – Ақжол Махмудов (Қырғызстан), 87 кило – Рамин Тахерисартанг (Иран), 97 кило – Метехан Басар (Түркия) және 130 кило – Осман Йылдырым (Түркия).
Әйелдер күресінен өткен жарыста Үндістан құрамасына тең келер ешкім табылмады. Олар сарапқа салынған бас жүлденің тең жартысын олжалады. Жалпы жүлделерінің саны 8 (5+1+2). Екінші орынды Қазақстанның сұлулары (2+3+1) олжалады. Моңғолия (2+1+3) мен Қырғызстанның (1+0+1) бұрымдылары үш пен төртінші сатыға жайғасса, Өзбекстан (0+2+3), Әзербайжан (0+2+2) және Мысыр (0+1+0) елдері жүлде алған командалардың қатарында.
Жерлестеріміздің арасынан Марина Седнева (55 кило) мен Мәдина Бақбергенова (72 кило) алтыннан алқа тағынса, Жұлдыз Ешімова (53 кило), Эмма Тисина (57 кило) және Ирина Кузнецова (62 кило) күміс медальды мойнына ілді. Ал Диана Каюмова (59 кило) қолаға қол созды.