Алматыда күрес түрлерінен өткен Болат Тұрлыхановтың кубогы жолындағы жарыстың соңғы күні еркін күрес шеберлері өз өнерлерін ортаға салды. Бұл бәсекеде Қазақстан аралас құрамда өнер көрсетті. Бірден айта кетейік, кейбір белді балуандарымыздың өнері көңілден шықпады. Есесіне кейбір дарынды жастарымыз өздерін жақсы қырынан көрсетіп, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына жиналған жанкүйерлерді қуаныш пен шаттыққа бөледі.
Аталған жарыста өздерінің өжеттігі және табандылығымен көзге түскен екі жас өренді ерекше атап өткіміз келеді. Біріншісі – 70 кило салмақта сайысқа түскен Родион Анчугин. 20 жастағы балуан Алматы төрінде керемет өнер көрсетті. Ең бастысы, ол қорқу мен қаймығуды білмеді. Алдында азулы қарсылас тұрса да аянбай айқасты. Осы турнирде өзбекстандық Зафарбек Отаханов пен үндістандық Вихал Калирамана сынды көкжалдарды жеңген ол финалда Ерназар Ахматалиевпен күш сынасты. Қырғыз балуаны былтыр Ослода әлем және биыл Ұланбатырда Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Төреші белгі берген бетте отандасымыз Ахматалиевты бас салып, әбден сілікпесін шығарды. Бәсекелесі ондайды күтпесе керек, алғашында біраз аңтарылып қалды. Ал Анчугин алты ұпай алса да, атойлап ұтамын деп алға ұмтылды. Бірақ тәжірибенің аты тәжірибе ғой. Бір мезетте ол Ерназардың оңтайлы әдісіне түсіп қалды. Десек те Родионға өкпе айтқан ешкім болмады. Негізі бұл салмақта басты үміт біраз жылдан бері ұлттық командамыздың сапында жүрген Мейіржан Әшіров пен Амандық Бакеевке артылған еді. Бірақ олар «ұзаққа шаппады».
Дәл сондай өжеттікті 57 кило салмақтағы Мерей Базарбаевтың да бойынан байқадық. 19 жасар қандасымыз көпті көрген көкжалдардың барлығымен әбден тіресті. Тіпті талай дүрмекте ысылған дүлдүлдердің өздері қазақтың ұлының қайсарлығына тамсанды. Көрермендер де дән риза болды. Осы турнирде Базарбаевқа қола медаль бұйырды. Бұл – Мерейдің спорттық мансабындағы әзірге ең ірі жеңіс. Жарыс аяқталған бетте қырағы мамандардың өздері «Осы бағытынан жаңылмаса, мына жігіттің болашағы жарқын болады» десіп жатты.
Қазақстан құрамасы Болат Тұрлыхановтың турнирін 1 алтын, 5 күміс және 6 қоламен қорытындылады. Бір қуаныштысы, алты бірдей жерлесіміз финалға шықты. Ал солардың бесеуінің сын сағатта сүрінгенін көргенде ішіміз удай ашыды. Радион Анчугиннің финалда жеңілгенін жоғарыда айттық. Сол секілді 92 кило салмақтағы Әділет Даулынбаев та тым азулы қарсыласқа тап болды. Осыған дейінгі бәсекелерінің барлығын 10:0 есебімен ұтқан әлем және Азияның екі дүркін чемпионы Камран Гасемпур қандасымыздың да тас-талқанын шығарды. Иранның мықтысы Әділетке адым аштырмады. Даулынбаевқа қарағанда аса ауыр салмақтағы Юсуп Батырмурзаев жақсы күресті. Оның финалдағы қарсыласы – Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, былтырғы әлем чемпионы ирандық Амир Хоссейн Аббас Заре еді. Белдесу басталған бетте екі алып алыса кетті. Юсуп оны кілемге жығып алып, әрі де, бері де айналдырды. Жерлесіміздің қоржынына бірден сегіз ұпай түсті. Тағы екі ұпай алса, айқын жеңіске қол жеткізеді. Бірақ мықтының аты мықты ғой. Одан кейін Заре кеткен есесін толығымен қайтарды. Батырмурзаев шаршап қалды. Қорытындысында ирандық 21:10 есебімен басым түсті.
Финалда 57 кило салмақта сынға түскен тәжірибелі Мейрамбек Қартбай үндістандық Аман Аманды ұтатын шығар деп үміттендік. Өйткені оның қарсыласынан бес жас үлкендігі бар. Яғни үнді спортшысына қарағанда тәжірибесі мол. Бірақ 17 жасар Аман нағыз «сен тұр, мен атайынның» дәл өзі екен. Белдесу барысында Мейрмабектен ұтылып жатқан ол аяғына дейін күресіп, ақыры көздеген мақсатына қол жеткізді. Ал 61 кило салмақтағы Жасұлан Тасқұлдың 23 жастағылар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері деген атағы бар қырғызстандық Бекболот Мырзаназарұлына әлі жетпеді.
Қазақстанның балуандары арасынан жалғыз алтын Болат Сақаевқа бұйырды. 79 кило салмақта күрескен ол ширек финалда өзінің командалық әріптесі Жігер Зәкіровті жеңсе, жартылай финалда Еуропа чемпионы, словакиялық Ахсарбек Гулаевтан басым түсті. Финалда Сақаев Азия біріншілігінің бірнеше дүркін жүлдегері қырғызстандық Саяқбай Юсуповты сан соқтырып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Осылайша, Болаттың арқасында Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына жиналған дүйім жұрт Қазақ елінің әнұранын естіді. Ал Мерей Базарбаев (57 кило), Елдос Момбеков (61 кило), Нұрқожа Қайпанов (74 кило), Дәулет Ергеш (74 кило), Әбдіманап Байгенжиев (92 кило) және Әкежан Айтбеков (97 кило) қола медальды мойындарына ілді.
Жалпыкомандалық есепте кілең жұлдыздардан жасақталған Иранның еркін күрес шеберлері алдына жан салмады. Парсы елінің пехлевандары 3 алтын мен 1 күмісті олжалады. Грек-рим күресінен өткен жарыста да дәл солар оза шапқан еді. Словакия мен Қырғызстан балуандарының нәтижелері бірдей. Екі команда да 2 алтын, 1 күміс және 1 қоладан олжалады. Бір айта кетерлігі, Словакияның намысын қорғаған жігіттердің барлығы да осетиндер. Сондай-ақ Моңғолия (1+1+1), Үндістан (1+0+2), Өзбекстан (0+1+4) және Түркия мен Мысыр (0+0+1) өрендеріне де жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырды.
Еркін күрестен өткен жарыстың жеңімпаздары: 57 кило – Аман Аман (Үндістан), 61 кило – Бекболот Мырзаназарұлы (Қырғызстан), 65 кило – Тулга Тумыр Очир (Моңғолия), 70 кило – Ерназар Ахматалиев (Қырғызстан), 74 кило – Таймураз Салказанов (Словакия), 79 кило – Болат Сақаев (Қазақстан), 86 кило – Хассан Яздани (Иран), 82 кило – Камран Хассанпур, 97 кило – Батырбек Цакулов (Словакия) және 130 кило – Амир Хоссейн Аббас Заре (Иран).