• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Маусым, 2022

Тоқсан жылдан кейін табысқан туыстар

1042 рет
көрсетілді

Ұлттық академиялық кітапханада «Ақмола өңіріндегі қуғын-сүргін қасіреті» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ғылыми конференцияға жиналғандар ерекше оқиғаның куәсі болды.

Іс-шараға модераторлық жа­саған Оспан қажы Сүлеймен­­ұлы: «Ақмола облысының Астра­хан ауданына қарасты «Жаңа Құ­лан» (қазіргі Камышенка ауы­лының) өңірінің тумасы Сағын­дық Жайлауұлы деген аза­матты бір түнде тұтқындап, үйінен табылған құран кітаптар, көзге түскен жазбаларды тегіс өртеп, қолдарындағы бар құнды заттарын кеңестік жендеттер тартып алып кеткен еді», деп бас­тады сөзін. «1931 жылы сол ке­­зеңдегі саясаттың кесірінен Са­­ғындық имам «халық жауы» ретінде тұтқындалғаны да мә­лім. Артында қалған екі інісі Сағадат пен Сағынай, төрт қарындасы Қа­диша, Бикен, Айна­жан, Дәмет және жұбайы мен балаларының бастан өткізген қиындықтарын айтып жеткізу қиын.

Сағындық Жайлауұлының ұрпақтары мен 90 жылдан кейін кенже қарындасы Дәмет Жай­лауқызының ұрпақтары (жиен, жиеншарлары) көз алда­ры­ңыз­да танысатын болады», деді жиын модераторы өз сөзінде. Осы­лайша, ғасырға жуық уақыт бір-бірін білмеген туыстар кітапхана тө­­рінде табысты.  Іс-шараға қа­тыс­қан азаматтар қасіретті жыл­дар салған жараның орны еш­қашан жазылмайтынын айтты.

«Ақмола өңірінен қасіреттің зардабын шеккен азаматтар аз емес. Еврей жұрты жаһандық соғыста мерт болған алты миллион азаматынан айырылғанын ұмытпай, ғаламның қай түк­пі­рінде жүрсе де, бір минут үн­сіз­­дікпен уақытында еске ала­­ды. Ахмет Байтұрсынұлы айт­­­қан алты миллион қазақтың тең жартысы кеңестік жүйе сая­­са­тының құрбаны болды. Біз осы­ны ұдайы жас ұрпақ­тың қа­пе­ріне салып отыруымыз керек», деді конференцияда ал­ғаш сөз алған Сенат депутаты Нұр­төре Жүсіп. Бұдан соң сөз Алаш ар­дақ­тыларының рухына арналып құран бағышталды.

Кейіннен сөз сөйлеген ҚМБД-ның найб мүфтиі Сансызбай Құрбанұлы, Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология ­институтының директоры Зия­бек Қабылдинов, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің профессоры Мақ­сат Алпысбес, заң ғы­­­лымдарының кандидаты Сабыр Қасымов бас­таған өзге де аза­­маттар саяси қу­­ғын-сүргін құр­бан­дарына қа­­­тыс­ты тарихи деректермен бө­лісті.

«Бүгінгі конференцияның мә­ні – халыққа жасалған қия­нат­­ты қамтып отыр. Кезінде ға­­лымдар халықты қырған он алты мемлекетті атаған. Олар 100 мил­­­лионнан астам адамды жер бетінен жойған. Әлгі он алты­ның ішінде адам өмірін ойын­шыққа айналдырғандар­дың көш басында Кеңес Одағы тұр­ған. Сол өкіметтің жүргізген сола­қай саясаттың кесірінен мил­лиондаған адам бақилық болды. Соғыс салдарынан, аштықтан 61 миллион азамат көз жұмды. Біз тарихты ешқашан жадымыздан шығармауымыз керек. Мықты мемлекеттердің архиві ешқашан жабылмайды. Нашар мемлекеттер ғана қылмысты жасырады. Архивті 50-100 жыл­ға жабатын да солар. Қалай бол­ған күнде де біз қуғын-сүргін құрбандарын жадымыздан шы­ғар­мауға тиіс­піз», деді Мақсат Алпысбес өз ойымен бөлісіп.

Жиында сөз сөйлеген өзге де азаматтар тарихта қалған зұл­матқа толы жылдардың ақи­­қа­ты әлі де ашыла түсетінін жет­кізді. Бұл бағытта атқарылып жат­қан жұмыстар жалғасын таба бе­ретінін де айтты.

Естеріңізге сала кетейік, іс-шараны Білім және ғылым ми­нистрлігі Ғылым комитетінің Мем­лекет тарихы институты, Л.Н Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университеті, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Нұр-Сұлтан қаласы Білім бас­қармасына қарасты Білім беру­ді жаңғырту орталығы, «АЛЖИР» мемориалды-музей ке­шені бір­лесіп ұйымдастырды.