Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысында аудиторлық тексеріс кезінде жалпы сомасы 6,2 млрд теңгенің заң бұзушылығы анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жетінші шақырылған СҚО мәслихатының кезектен тыс XVII сессиясында облыстық бюджеттің орындалу жағдайы баяндалды. Жиын барысында СҚО бойынша ревизиялық комиссия төрағасы Тілеген Қаскин комиссия қызметінің негізгі көрсеткіштеріне тоқталды.
Оның айтуынша, өткен жылы 55 нысанда 15 аудиторлық және 6 сараптамалық-талдау іс-шаралары жүргізіліп, 99 млрд теңге қамтылды. Соның 6,2 млрд теңгесі бойынша бірқатар заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде 4,9 млрд теңге қаржылық заңбұзушылықтар болса, 716,2 млн теңге бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылғаны анықталды.
Бұдан басқа 33,7 млн теңге сомасында бюджеттің тікелей шығындары, 314 рәсімдік бұзушылықтар, 4 жүйелік бұзушылықтар анықталды.
«Бюджет қаражатын жұмсауға қатысты заңбұзушылықтардың негізгі сомасы 5,9 млрд теңгені құраған. Бүгінгі күні 4,6 млрд теңге немесе 95%-ы бюджетке қайтарылды. Мамандар негізінен бухгалтерлік есеп жүргізу кезінде заңбұзушылықтарға жол берген», деді ревизиялық комиссия төрағасы.
Ревизиялық комиссиясы өткізген аудиторлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша 86 ұсыным мен тапсырма берілген. Аудит қорытындысы бойынша 284 тұлға жауапқа тартылды, оның ішінде 170-і әкімшілік жауапкершілікке, 114-і тәртіптік жауапкершілікке тартылса, 69-ы ескерту, 38-і сөгіс, 6-уы қатаң сөгіс алып, 1 адам жұмыстан босатылды.