Бұл кәсіби мерекені дүние жүзіндегі тарих парақтарын көзінің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманат ететін мамандар атап өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мерекені дәл осы күні белгіленуі бекер емес, себебі 1948 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Халықаралық архивтер кеңесі құрылған болатын. Ал 2007 жылы қарашада Канаданың Квебек қаласындағы Бас ассамблеяда «9 маусым – Халықаралық архивтер күні» деп ресми түрде бекітті. Ал Қазақстанда архившілер күні 2020 жылы Үкіметтің қаулысымен 22 желтоқсан деп бекітілген, ал ресейлік әріптестер 10 наурызда, беларустар 6 желтоқсанда, қырғыз елінің архившілері 30 тамызда атап өтеді. Архив күні әр елде түрлі уақытта белгіленгенімен, дәл осы күн әлемдегі барлық архившілерді біріктіреді.
Бұл кәсіби мерекеде Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві де қалыс қалмайды. Президент Архиві Мемлекет басшысының 1994 жылғы 14 қаңтардағы Жарлығымен бұрынғы Орталық мемлекеттік қазіргі заман тарихы архивінің негізінде құрылған. Бүгінгі таңда архивте 856 мыңнан астам істі қамтитын 1014 қор сақтаулы. Онда 1918 жылдан бастап еліміздің саяси тарихының құжаттары бар. Сонымен қатар қоғам қайраткерлерінің жеке тектік құжаттары мен басқару құжаттамасы да жинақталған. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Президент актілерінің түпнұсқалары, халықаралық жиындардағы баяндама мәтіндері, фотосуреттері де сақтаулы.
Елімізде құжаттарды құнттайтын 200-ден аса архив бар, олар Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 желтоқсандағы «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңына сай жұмыс істейді. Жалпы архивтік деректер адамзаттың саяси тарихы, экономикалық және әлеуметтік дамуының құжаттарын жинайтын негізгі мекеме саналады. Сондықтан Архивтер күні сала мамандарының кәсіби мерекесі ғана емес, жалпы халықтың назарын аудару үшін белгіленген атаулы дата.
Аяна Тоғанбек