Біріккен күрес әлемінің (UWW) жаңартылған рейтингі жарияланды. Өкінішке қарай, уақыт озған сайын мықтылар тізіміндегі қазақстандық өрендердің саны кеміп барады. Мәселен, грек-рим күресіндегі ТОП-10 балуанның қатарына бар-жоғы төрт жерлесіміз ғана енген. Олар – Қорлан Жақанша, Алмат Кебісбаев, Нұрсұлтан Тұрсынов және Аманғали Бекболатов.
15 маусымда 30 жасқа толғалы отырған Қорлан Жақанша 2018-2020 жылдар аралығында өте сапалы күрес көрсетті. Сол кездері ол әлем чемпионатында күміс алса, Азия біріншілігінде үш рет қола медальды мойнына ілді. Соңғы кездері қандасымыздың шабысы біраз баяулап қалған сыңайлы. Десек те 55 кило салмақта сайысқа түсіп жүрген сайыпқырандар арасында Қорлан жетінші орынды иеленуде. Бұл – Қазақстанның балуандары арасындағы ең жақсы нәтиже.
67 кило салмақтағы Алмат Кебісбаевтың бағындырған белестері бір төбе. UWW рейтингінде тоғызыншы орында тұрған ол әлем (1 күміс+4 қола) және құрлық (2 алтын+3 күміс) чемпионаттарында бес реттен жеңіс тұғырына көтерілді. Азия ойындарының екі дүркін жүлдегері деген атағы тағы бар. Десек те Алмат былтыр үлкен спортпен қош айтысқанын ресми түрде жария етті. Яғни енді оның әлемдік рейтингте жоғарыламайтыны анық. Азия чемпионы деген атағы бар 87 кило салмақ дәрежесінде күресетін Нұрсұлтан Тұрсыновқа да тоғызыншы орын бұйырды. Ал аса жеңіл салмақтағы Аманғали Бекболатов үздік ондықты түйіндеуде.
Келесі ондыққа келетін болсақ, бұл тізімнен біраз жерлесіміздің аты-жөнін кезіктіруге болады: Абылайхан Әмзеев (72 кило) – 11, Демеу Жадыраев (77 кило) – 11, Марлан Мұқашев (55 кило) – 13, Диас Қален (82 кило) – 14, Мейрамбек Айнағұлов (63 кило) – 15, Әлімхан Сыздықов (130 кило) – 15, Ернұр Фидахметов (60 кило) – 16, Азат Садықов (72 кило) – 17, Темірлан Шадукаев (77 кило) – 18 және Мейіржан Шермаханбет (67 кило) – 20 орын.
ТОП-10 грек-рим күресі шеберлерінің тізімінде Ресейдің қарасы мол. Бұл елдің 11 өкілі үздіктер рейтингінде. Екінші орында – Түркия. Анадолы елінің тоғыз апайтөсінің тасы өрге домалап тұр. Сегіз серкесіне сенім артқан Әзербайжан үшінші сатыға жайғасты. Одан кейінгі орындарда мына мемлекеттердің балуандары: Иран – 7, Грузия, Германия – 6, Жапония, Мажарстан, Польша – 5, Армения, Қазақстан – 4, Қырғызстан, Молдова, Украина – 3, Норвегия, Финляндия, Сербия, Куба – 2, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, Румыния, Мысыр, Литва, Польша, Швеция, Эстония, Беларусь, Дания, АҚШ, Болгария және Чили – 1.
Ал жекелеген салмақ дәрежелерінде екі-екіден Иран, Грузия және Әзербайжанның балуаны әлемдік рейтингте жеке-дара көш бастап тұр. Тарқатып айтсақ, Парсы елі өкілдері арасында Мұхаммадреза Гераеи мен Мұхаммадхади Сарави алдына жан салар емес. 67 кило салмақта күш сынасатын 25 жастағы Гераеи соңғы Олимпия ойындары мен әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмеді. Бірақ таяуда ғана Алматыда өткен Болат Тұрлыхановты еске түсіруге арналған халықаралық турнирде біздің Мейіржан Шермаханбеттен жеңілгенін дүйім жұрт көрді. 97 кило салмақта айқасатын 23 жастағы Саравидің әлем және Азия чемпионы, Токио Олимпиадасы мен әлем кубогының қола жүлдегері деген толып жатқан атақтары бар.
Грузияның дүлдүлдері Лерри Абуладзе мен Якоб Каджая екені даусыз. Аджарияда туып-өскен 23 жастағы Абуладзе былтыр Ослодағы әлем чемпионатында күміс алса, биыл Варшавадан Еуропа чемпионы атанды. 28 жастағы Каджая Олимпиада, әлем және құрлық чемпионаттарының жүлдегері, Еуропа ойындарының жеңімпазы атанды. Әзербайжанның сенім артқан серкелері Санан Сулейманов пен Рафиг Гусейнов екені сөзсіз. Алғашқысы 25 жаста, екіншісі 34-те. Сулейманов 2020 жылы Еуропа чемпионатында теңдессіз деп танылса, былтырғы дүнииежүзілік додада күміспен күптелді. Соңғы екі жыл құрлықтың басты жарысында қола медальды мойнында жарқыратты. Ал Гусейнов болса, әлем және Еуропаның үш дүркін чемпионы атанып, Токио Олимпиадасында үшінші орынға тұрақтады.
55 кило салмақта жапониялық Кэн Матсуи көш бастап тұр. 21 жастағы Хонсю аралының тумасы былтырғы әлемдік додада дара шықты. 60 кило салмақта Виктор Чобану шашасына шаң жұқтырар емес. Биыл күзде 30 жасқа толғалы отырған Молдованың марқасқасы да Ослода әлем чемпионы атанған еді. Одан бөлек, ол 2018 жылғы дүниежүзілік біріншіліктің финалына шығып, құрлық чемпионы, Еуропа ойындары мен Дүниежүзілік Универсиаданың жүлдегері деген атақтарға қол жеткізді. 72 кило салмақта Криступас Шлейва мықты болып тұр. 26 жастағы Литваның апайтөсі әлем және құрлық чемпионаттарында үшінші орынды еншілеген. 87 кило салмақта Зураб Датунашвили дара тұр. 31 жастағы спортшы Сербияның туы астында өнер көрсетіп жүргенімен, оның тегі грузин екенін аты-жөнінен-ақ білуге болады. Датунашвили Токио Олимпиадасында қола медальды олжалап, әлем чемпионатында бір және Еуропа біріншілігінде үш рет бас жүлдені иеленді. Міне, бүгінгі таңда әлемдік рейтингте көш бастап тұрған грек-рим күресі шеберлері осылар.