Академик Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің оқытушылары «Ұлытауға тағзым» атты ультрамарафон ұйымдастырды. Бұл іс-шара Арқадағы жоғары білімнің қарашаңырағы саналатын оқу орнының жарты ғасырлық мерейтойына арналған.
Ұлт ұясына бағыт алған ультрамарафонды Бөкетов университетіндегі дене мәдениеті және спорттық дайындық теориясы мен әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы Бақдәулет Тілеубек бастап, 42 шақырымнан тұратын қашықтықты жүгіріп өтті.
Спорттық іс-шараны ұйымдастырушы Марат Тұрымов айтқандай, ұшқан құстың қанаты талатын қашықтыққа жүгірушілер бес топқа бөлінген екен.
– Желаяқтардың бірі 50 шақырым жүгірсе, өзгелері 42 және 30 шақырымды бағындыруға тиіс, – дейді ол.
Ал Тұрымовтың өзі 21 шақырымды құрайтын қашықтыққа жүгіруге тәуекел етіпті.
Жалпы, ультрамарафоншылар екі күн ішінде Қарағанды – Ұлытау бағыты бойынша 700 шақырымның басын қайыруды жоспарлап отыр.
Аталған іс-шараны ұйымдастырушылар желаяқтардың бұл жорығын жаңадан құрылған Ұлытау облысына көрсетілген құрметтің бір парасы екенін де айтады.
Қарағанды облысы