• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
21 Мамыр, 2010

АЛДАУ АСҚЫНЫП ТҰР

541 рет
көрсетілді

Кеше Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай “Банк Центр кредит” АҚ қызметі бойынша қаржы полициясы мен Қаржы бақылау агенттігінің бірлесіп жүргізіп жатқан тексеріс барысы аяқталу сатысында деп хабарлады. Қазіргі уақытта Қаржы бақылау агенттігі  аталған банк қызметінде банктік заңнаманың  қандай да бір бұзылғанын анықтаған жоқ.  Оған байланысты Қаржы полициясы органдары да тексеріс нәтижелері бойынша процессуальдық шешім қабылдайтын болады.  Сонымен қатар ресми өкіл елімізде соңғы кездері қасақана алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы бөгденің мүлкін ұрлау, яғни алаяқтық жасау деректері жиі орын алып отырғанын айтып өтті. Жалпы, еліміздің заңы бой­ын­ша алаяқтық жолмен бөгденің мүл­кіне суық қол жүгірткендерге ауыр жаза тағайындалады. Ондай жан­дар­дың теріс ісі әшкереленіп жатса он жылға бас бостандығынан айы­рыл­ғанымен қатар, бар мүлкі тәр­кі­ленеді. Бірақ соған қарамастан алаяқтық кең тараған және қоғам­дық қауіптілігі жоғары қылмыс болып отырған көрінеді. Мәселен, мұндай қылмыс түріне жиі бара­тын­дардың көптігі сондай тек үсті­міздегі жылдың үш айында ғана алты жүзге жуық қылмыстық іс қоз­ғалған. 483 қылмыстық іс жете тек­серіліп, сот қарауына жіберілді. Осы алаяқтардың іс-әрекеттерінен мемлекет пен жазықсыз жандар 2 млрд. теңгеден астам залал шеккен. Мәселен, Алма­ты қаласында риэл­тор­лық фирманың директоры мен оның орынбасары  жалған құжат­тар дайындап, жылжымайтын мүл­ікті сату арқылы 48 млн. теңгені қалтаға басқан. Бірақ жалғандық жарға жығады дегендей, алаяқт­ар­дың ісі әшкереленіп, өздері тиісінше 8,6 және 7,6 жылға сотталып, мүліктері тәркіленді. Алаяқтардың қармағына көбіне қарапайым адамдар ілініп жатады. Олар биліктің атынан сөз айтатын жандарға кәдімгідей сенім артады. Ал негізінде жұрт ондай жандардың нағыз қылмыскерлер екенін ажы­рата алмай қалады. Адал жан­дар­дың осы сенгіштік қасиетін жақсы білетін Сабина ипотекаға пәтерлер рәсімдеп беремін деген құр сөзімен ғана Аста­на қаласының көптеген тұрғынының 35,5 млн. теңгесін қол­дарынан санап алып, тайып отыр­ған. Айта берсе қаржы поли­циясы келтірген мұндай мысалдар өте көп. Олар тұрғын үй бағдар­ла­масы бойынша берілетін пәтерлерді және жер телімдерін алауға көмек көрсетеміз деген алдаулар арқылы да талай адамның қыруар қаржы­сын иеленіп кеткен. Сонымен қатар ресми өкіл бас бостандығынан айыру орында­рын­да жазасын өтеп жүрген сотталған­дардың ұялы байланыс мүмкіндігін пайдалану арқылы қылмыстық әрекеттерін жалғастыру барысында әшкереленгенін, құны өте арзан автокөліктерді алып келемін деген алаяқтардың көптеген азаматтарды алдап кеткенін, несие алу мақса­ты­мен банк саласында жалған құжат­тарды пайдалану арқылы жасалған қылмыстық әрекеттердің анықтал­ғанын және  әлеуметтік төлем ретінде бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері тіркелгендігін хабарлады. Александр ТАСБОЛАТОВ.