• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Маусым, 2022

Бағалай білмегенге бақ қонбайды

491 рет
көрсетілді

Өткен жылдың соңында Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өттік. Жетістігіміздің молдығына қуандық. Қазақстан тұғыры берік, тұрақты, мықты мемлекетке айналып, егемендік кезеңінде ойы азат, рухы биік Тәуелсіздік перзенттері өсіп-жетілді дегенге сенімде болдық. Елімізді «тұрақтылықтың үлгісі» деп мақтан еттік.

Әрине, жетістіктеріміз бар. Дегенмен кемшіліктеріміз де жеткілікті. Біз соны көрсек те байқамай, білсек те білмегендей болып жүрдік. Ең өкініштісі, қаңтарда қан төгілді.

Ел Президенті еліміздегі наразы­лықтың негізінде өткір әлеу­меттік мәселелер, тұрғын­дардың тұрмыс деңгейінің өте төмен­де жатқанын ашық айтты. Себебі экономикамыз шикі­зат тәуелділігінен құтыла алған жоқ. Ерте ме, кеш пе бәрі­бір тау­сылатын қазба байлы­ғы­мыз шет елдерге ағылып, ірі, ма­ман­дандырылған жұмыскер­лер­ді талап ететін заманауи кәсіп­орындар салынған жоқ.

Ал көршілеріміз көп мәселені шешуде бізден әлдақайда көш ілгері кеткендігі байқалады. Өзбекстан әлемдегі ең ірі әрі ең үздік технологияны пайдаланатын газ өңдеу зауытын іске қосты. Ташкенттегі ЛРТ-ны айтпай-ақ қояйық. Мұнайы мүлдем жоқ Қырғызстан, Тәжікстан үш-үштен мұнай өңдеу зауыттарын бірнеше жыл бұрын салып алған.

Ел Президенті Қ.Тоқаев біздің үлкен идеологиялық қате жібергенімізді де ашық айтты. Бұл – жастарды еңбекке баулу, еңбекқорлыққа үйрету, еңбекті құрметтеу туралы тәрбие жұмыстарын босаң­сытып алғанымыз. Құқық­тық нигилизмнің тамырын терең жайғаны тағы бар. Жастардың дені заң білмейді, білмеген соң орындамайды да. Жұртшылықта саяси, әсіресе құқықтық мәдениет өте төмен. Қаңтар оқиғасында алаңға шыққан наразылық біл­дірушілер «халық» деген қа­сиетті ұғымды түсінбесе, басқа не айтуға болады?

Алаңдаушылық білдіре­тін тағы бір мәселе – қылмыс­кер­лердің арасында әйелдердің көбейіп бара жатқаны. Қазақ та­рихында бұрын-соңды бол­маған жағдайға тап болып отырғанымыз өте өкінішті. Ана деген ұғыммен біз ең қасиетті, ең ардақты, ең таза, ең қымбат сезімді байланыстырамыз. «Әйел әлемді тербетеді» деп, ананы «бейбіт», «тыныштық», «келісім», «сабырлылық» деген құн­дылықтарды қорғайды деп түсі­неміз. Ал қаңтар оқиға­сындағы бір бейнежазбадан көпбалалы, оның үстіне жүкті әйелдің күйеуімен бірге қару-жарақ сататын дүкенді тонап жатқанын да көз көрді...

Қылмыстың күйін, қолданы­лып жатқан шараларды, кыл­мыс­тыққа қарсы күрестің нәти­желерін БАҚ тұрғындарға күн­делікті жеткізіп отыру керек. Бұл орайда құқық қорғау органдары мен соттардың баспасөз қыз­мет­тері белсенділігін артты­руға мін­детті. Идеология жұмыстары ең алдымен тұрғындармен кез­де­су­лерді жиі өткізуден, еңбек ұжымд­арында болумен, БАҚ-ты бел­сенді қолданумен байланысты.

Соңғы жылдары қазақ­стан­дықтар шетелдерге қоныс аудар­ып жатыр. Өткен жылы 7 мыңға жуық негізінен техни­калық мамандық иелері, көбісі жас қазақстандықтар шет елдерге қоныс аударыпты. Са­рап­шылардың болжауынша, 2022 жылы өзге жұртқа қоныс аударатындардың саны 240 мың­ға жетуі мүмкін. Қазақстан сияқты халқы аз мемлекет үшін бұл өте көп.

Әрине, Солтүстік Америка, Батыс Еуропа елдері жастарды тұрмыс деңгейінің жоғары­лығы­мен, мәдениеті, адамдардың бір-біріне ізетті­лігімен, қоғамдық қауіп­сіздігі, елді мекендерінің та­за­­лы­ғымен қызықтырады. Қо­ныс ауда­ру­шылар шет елдерде сұл­­тан д­әре­жесіне жетпесе де, өз елін­­­де ұл­тан болғысы келмейді. Бір ғана Алматы облысынан 21 мың­­ға жуық жас шетел асқан көрінеді.

Шетел университеттерінің бірінде оқып жүрген жас жігітпен өмірлік жоспары туралы сөйлесіп едім. Ол оқуды бітірген соң сол елде жұмысқа орналасатын ойы бар екенін айтты. Себебі оны қы­зық­тыратын компания­лар, өн­дірістер Қазақстанда жоқ­тың қасы. Сонымен қатар оны ең қатты алаңдатын мәсе­ле – жемқорлық. 2021 жылғы Transparency Internatio­nal ха­лықаралық ұйымының мәлі­метіне сәйкес Қазақстан сыбайлас жемқорлық рейтингі бо­йынша 180 мемлекеттің арасында 102-орынға түсіп кетті. Озық мемлекеттер айдай алыс.

Президент жаппай тәртіп­сіздікке енді ешқашан жол бермеуіміз қажет деп қадап айтты. Билік жүйесінде, оның ішінде құқық қорғау органдарында реформалар жүріп жатыр. Ішкі істер органдарында патрульдік поли­цияның өкілеттігін кеңей­тіп, қару-жарақты сақтау, қор­ғау, қолдану туралы заңдар­ды, ережелерді жетілдіру – заман талабы. Полиция қызмет­кер­лерінің дербестігін кеңейту керек. Ол үшін полиция қата­ры кәсі­би біліктілігі төмен қызмет­кер­лерден тазартылуға тиіс.

Құқық қорғау органдарына, сот жүйесіне ашықтық, жария­лылық жетіспейді. Мәселен, Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңесте Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев «Кейінгі үш жылда 174 судья жұмыстан шығарылды, иә болмаса лауазымы төмендетілді. Бұл осыған дейін­гі он жылдағы көрсеткіштен үш есе­дей артық», деп өтті. «Жаңа­дан құрылған әкімшілік соттар­ға жарты жылдың ішінде 14 мың талап-арыз түскен. Бұ­рын мұн­дай істердің 85 пайызы мемле­кет­тік органдардың пайдасына шеші­летін. Ал қазір тең жартысында «сотқа арызданушылар жеңіп шығуда» деген деректер келтірді.

Не себептен 174 судья ең жоға­ры мәртебеге лайық бола алма­ды, олар кімдер, 7 мың азамат­­тың құқықтарын бұзған шенеу­­нік­тер кімдер, қандай жауапқа тар­тылды – қоғам бейхабар. Дербес мемлекеттік орган ретінде бірнеше жыл бұрын құрылған Жоғары Сот Кеңесінің үні шықпайды.

Президент Қ.Тоқаев өкі­лет­тігін атқаруға кіріскен сәтте «Халық үніне құлақ асатын мемлекет болу керек» деген ұс­таны­мын жариялады. Мем­лекет дегеніміз – билік қана емес. Мемлекет – ол бүкіл халық. Сон­дықтан билік – тұрғындарға, тұрғындар – билікке және бір-біріне құлақ асуы керек.

Тәуелсіз мемлекеттің азаматы болу – ең үлкен бақыт. Мемлекет басшысы халқымыз үшін Тәуел­сіздік бәрінен қымбат екенін үнемі ескертіп келеді. Басымызға бақ қонған, жүрегімізге құт қон­ған бақытты халықпыз. Алай­да Тәуелсіздікті қадірлей біл­мей­ті­німіз, басымызға қон­ған бақты түсінбейтіндер, бағалай алмайтындар бар.

Әбіш Кекілбайдың «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана біл­мегенге құт қонбайды» деген асыл сөзі бар. Қонған бағы­мызды ұшырып, қонған құты­мызды қашырып алмайық, ағайын!

 

Оңалсын ЖҰМАБЕКОВ,

прокуратура органдарының ардагері,

2-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі