• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Маусым, 2022

Жалған ақпарат сотқа апарады

554 рет
көрсетілді

Жал­ған ақпарат жарға жығатынын білсе де, жұрттың үрейін тудырып, «бәлен мекемеге жарылғыш зат» қойылған деп полицияға хабарласатын «теле­фон террористерінің» қарасы азаяр емес. Мас күйінде хабар таратып, қаннен-қаперсіз отырған ағайынның мазасын қашыратындардың жаза­сы да жеңіл емес.

Ішкі істер органдарына жыл басынан бері «телефон тер­роршыларынан» қанша жал­­ған ақпарат келіп түсті? Оларды қандай жаза күтіп тұр? Халықты үрейлендіруді әдетке ай­налдырғандармен кү­рес қалай жүргізіліп жатыр? ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті басқарма басшысының орынбасары Спартак Қабденов баспасөз мәс­лихатында осы сұрақтарға жауап берді.

«Жарылғыш зат қойыл­ған­ды­ғы туралы жалған ақпарат тарату – жай ғана бұзақылық емес, қылмыстық жауапқа тартылатын әрекет», дейді ІІМ өкілі. Оның айтуынша, телефонмен өтірік мәлімет беретіндер бұл қылықтарының қаншалықты ауыр екенін саралап жатпайды. Мұндай әрекетті адамдар көбіне еріккеннен, әзіл ретінде немесе мас күйде жасайды екен.

«Жыл басталғалы бері 5 айдың ішінде Қылмыстық ко­дек­стің 273-бабы бойынша істері сотқа жолданған 12 адам­ның 11-і қылмысты мас күйде жасаған. «Жалған террористің» әлеу­мет­тік портретіне тоқ­тал­сам, барлық қылмыстың 88 па­йызын жұмыссыздар жа­са­ған», деді С.Қабденов. ІІМ өкілі таратқан мәліметтерге қарағанда, биыл ашылған 19 қылмыстың 15-ін жұмыссыздар жасаған екен. Сонымен қатар кейінгі кездері жарылғыш зат туралы хабарламаларды «телефон тер­ро­ристері» кек алу мақсатында не­месе жұрт­ты әуре-сарсаңға салу үшін бас­қа адамның атынан жолдауды жиі­леткен.

«Әлеуметтік желілердің, мес­­­сенд­жер­лердің басқа да ақ­па­раттық техно­ло­гияның да­муы­на байланысты жал­ған ха­бар­ла­малардың интернет ар­қы­лы жолдануы күрт өсті. Осы жыл­дың 5 айында электронды хабарламалар жолдау бойынша 35 қылмыстық іс қозғалды. Мәсе­лен, өткен жылы терроризм актісі туралы 73 жалған ха­бар тіркелсе, биылғы 5 айда ғана бұл санаттағы қыл­мыс­тық істердің саны 72-ге жетті», деді ми­­­нистрлік өкілі жағдайды тү­сін­­­діріп.

Спартак Қабденовтің ай­туын­ша, осы сипаттағы қыл­мыс­тар­ды ашу оңайға соқ­пайтын көрінеді. Себебі ақпа­раттың ақ-қарасын анық­тау ішкі істер органдары қыз­мет­керлерінің айтарлықтай уа­қы­тын алады.

«Наурыз айында көліктегі полиция департаменті Қостанай облысының қызметкерлерімен бірлесіп, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы әр­түрлі 36 объектінің электронды пошталарына жалған хабар жолдаған қостанайлық тұр­ғын­ды ұстады. Қа­зір­гі уа­қыт­та қылмыстық іс сотқа жолданды. Сондай-ақ Атырау облысында да бір оқу­шы сабақтың шыр­қын бұзу үшін мектептің электронды пош­та­сына хабарлама жолдаған. Жалпы, межелі мерзімде тергеу аяқталып, 12 қылмыстық іс сотқа жолдан­ды. 5 адамға қатысты сот үкімі шықты, екі адам бас бос­­тан­ды­ғынан айыруға, екі адам­ның бостандығына шектеу қоюға, бір адамды шартты мерзімге соттау жөнінде шешім шықты», деді ІІМ өкілі.

Жалпы, мұндай қыл­мыс­тар­ды мектеп оқушылары да әдейі ұйым­дас­ты­ры­п жататын жағ­дай­лар кездеседі. Осы орайда ата-аналар 14 жасқа тол­ған баланың жауапкершіліктен қа­­шып құтыла алмайтынын қа­перінен шы­ғар­ма­са дейсің.