2021 жылы елімізде тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспортының көлемі жоспарланған 32 млрд доллардың орнына 25,6 млрд долларды құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 25,4 пайызға көбейген. Оның 19,8 млрд доллары өңделген тауарлар экспортына тиесілі болса, 5,8 млрд доллары қызметтер экспортына жатады.
Ұлттық экспорттық стратегияға сәйкес 2022 жылға таман шикізаттық емес экспорт 31,8 млрд долларды құрап, оның 22,5 млрд доллары – өңделген тауарларға, 9,3 млрд доллары қызметтерге тиесілі болуы керек еді. 2025 жылға қарайғы мақсатты индикатор – 41 млрд долларға жеткізу. KazakhExport экспорттық сақтандыру компаниясы, QazIndustry индустрия және экспорт орталығы, сондай-ақ QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы отандық экспорттаушыларға қолдау көрсетуге міндетті.
Шикізаттық емес экспорт санатына – өсімдік шаруашылығы (астық, көкөніс, жеміс), химикат, тыңайтқыш, өңделген тас, шойын мен болат, түсті және қымбат металдар кіреді. Сондай-ақ машина құрастыру өнімдерін, фармацевтикалық тауарларды, ұн, жарма, өсімдік майы секілді дайын өнімдерді, тұрмыстық химия мен киім-кешекті де осы қатарға жатқыза аламыз.
Energyprom ресурсының жазуынша, былтыр шикізаттық емес экспорттың негізгі көлемі – мыс және мыс катодтары (3,3 млрд доллар), ферроқорытпа (2,3 млрд доллар) және уран (1,7 млрд доллар) есебінен құралған. Экспорт құрылымында транспорттық қызмет (4 млрд доллар), саяхат (535,3 млн доллар) және мемлекеттік қызметтердің де (204,8 млн доллар) үлесі басым.
«Тауарлардың шикізаттық емес экспортының құрылымында өнеркәсіп тауарлары басым, оның үлесі 2021 жылы 18,4 млрд долларды құрап, бір жылмен салыстырғанда 30,5 пайызға өсті. Ауылшаруашылық тауарларының үлесі 1,4 млрд доллар болып, бір жылда 3,5 пайызға көбейді. Биыл қаңтар-ақпанда өңделген тауарлар экспортының көлемі 3,5 млрд долларды құрады. Өңделген тауарлар экспортының ең көп көлемі Қытай, Ресей және Өзбекстанға бағытталды», делінген Energyprom зерттеуінде.
2021 жылдың соңында шикізат тауарларының экспорты 19,9 млрд долларды құраған кезде Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мұны рекордтық көрсеткіш деп бағалайтынын айтқан еді. Министрдің айтуынша, мемлекет тарапынан экспорттаушыларға сақтандыру қолдауын көрсету осындай межеге жетуге көмегін тигізді.
KazakhExport ұлттық экспорттық-сақтандыру компаниясы былтыр 200 млрд теңгеден астам сома көлемінде қазақстандық кәсіпкерлерге сақтандыру қолдауын жасаған. Аталған компания басшысының орынбасары Қуаныш Мұқажановтың айтуынша, компания қызметін тұтынушылар ішінде – ірі бизнес те, шағын кәсіпорын да бар.
«Биыл жоғары технологиялар және интеллектуалдық қызметтер экспортын жасаушы компаниялар арасында белсенділік бар екенін байқадық. «Өнеркәсіп саясаты туралы» заңда көрсетілгендей экспорттық займдар бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау дейтін жаңа механизмнің іске қосылуы бұл бағытты қосымша ынталандырып отыр. Сонымен қатар шағын және орта бизнес субъектілері де өздерінің экспорттық операцияларын жиі сақтандыра бастады. Портфелімізде Семейдегі «Қазполиграф», Батыс Қазақстан облысындағы «№1 Нан-сүт комбинаты», Алматыдағы «Арион Система», Қарағандыдағы KazMetis ЖШС-лар бар», дейді Қ.Мұқажанов.