Мәжілісте «Қазақстанның су саласын дамыту перспективалары» тақырыбында Парламенттік тыңдау өтті. Тыңдау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Отырыс Парламент Мәжілісі Төрағасының Орынбасары Балаим Кесебаеваның төрағалығымен, Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану, Экономикалық реформа және өңірлік даму мен Аграрлық мәселелер комитеттерінің ұйымдастыруымен өтті.
Парламенттік тыңдауға Мәжіліс пен Сенат депутаттары, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, су саласының ғалымдары мен мамандары, шетелдік және отандық сарапшылар, Парламентаризм институтының, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынның кіріспе сөзін сөйлеген Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бұл тақырыпта арнайы тыңдау өткізудің мәні ерекше екенін айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру және қорғау – мемлекеттің басым міндеті екенін бірнеше рет атап өтті. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, 2040 жылға қарай Қазақстанда су тұтыну 46 пайызға артады. Ал су ресурстарының тапшылығы жылына 12 текше километрге жетуі мүмкін. Бұған әсер етуші факторлар жетерлік. Халық санының өсуі, экономикалық дамудағы ерекшеліктер мен басқа да себептер ықпал етіп отыр», деді Е.Қошанов.
Спикер өз сөзінде өнеркәсіп пен тұрмыстық секторда су тұтыну жыл сайын артып келе жатқанына екпін берді. Мәселен, ауыл шаруашылығы – суды ең көп тұтынатын сала. Осы мәселеге назар аударған Мәжіліс Төрағасы мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылданып жатқанын да жеткізді.
«Бірақ су ресурстарының күрделі мәселелері әлі де бар. Солардың кейбіреуіне тоқталып өтсем. Біріншіден, Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында бес жылда қалалар мен ауылдарды 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін жүктеді. Бірақ әлі 1 543 ауыл немесе 544 мың адам таза сумен қамтамасыз етілмеген. Демек бұл бағыттағы жұмысты әлі де күшейту қажет. Кейбір облыстарда бұл бағытта тиісті жұмыстарды атқару керек.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы суармалы жерлер негізгі су тұтынушы болып саналады. Қазақстан 2030 жылға дейін суармалы жердің көлемін 3 млн гектарға дейін жеткізуі керек. Алайда суармалы егіншіліктің одан әрі дамуына ирригация жүйелерінің тозуы кедергі келтіріп отыр. Елімізде гидротехникалық құрылғылардың 90 пайызының техникалық жағдайы төмен. Сол себепті тұтынушыға тасымалдау кезінде су шығыны едәуір артты. Сондықтан гидротехникалық құрылғыларды жаңғырту керек. Былтыр 248 мың гектар алқап су үнемдейтін технологиямен жабдықталған. Бұл жеткіліксіз көрсеткіш. Бұдан басқа, дамыған елдердегідей су тұтыну мәдениетін қалыптастыру қажет», деді Е.Қошанов.
Сондай-ақ Е.Қошанов көрші елдермен тиімді су дипломатиясын жолға қоюдың маңызына тоқталды. Қазақстан аумағының сумен қамтамасыз етілуі өзен ағысы бойынша жоғары орналасқан көрші мемлекеттердің су саясатына байланысты.
«Сондықтан трансшекаралық нысандарды бірлесіп пайдалануға, мемлекетаралық су қатынастарын жетілдіруге экологиялық қана емес, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі ретінде қараған жөн. Көрші елдермен өзара тиімді ынтымақтастық орнату Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі фактор болуға тиіс.
Қазіргі кезде су ағындары мен су айдындарының режімін зерделеу үшін небәрі 310 гидрологиялық бекет жұмыс істейді. Жалпы, мұндай бекеттер 800-ден асуы қажет. Толыққанды мемлекеттік су кадастры жоқ деуге болады. Осының бәрі су ресурстарының сандық және сапалық жай-күйіне мониторинг жүргізуді, экономика салаларының сумен қамтамасыз етілуі бойынша нақты теңгерімнің болуын қиындатады», деді Мәжіліс төрағасы
Сонымен қатар ол су пайдалану саласындағы ведомствоаралық үйлестіру мәселесіне тоқталды. Өйткені су шаруашылығы инфрақұрылымы әртүрлі мемлекеттік органның қарауында. Бұл су ресурстарына қатысты тиімді саясат жүргізуді қиындатады. Мәселен, сумен жабдықтау көздері (жерасты, жерүсті) мен топтық сутартқыштарға Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жауап береді. Елді мекендерді сумен жабдықтауды дамытуға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауапты. Жоспарлау, салу және одан әрі пайдалану жергілікті атқарушы органдардың құзырында.
«Аудандар мен ауылдық округтердің әкімдіктері арасындағы басқарудың жүйесіздігі бірыңғай техникалық, кадрлық, тарифтік саясаттың болмауына алып келеді. Еліміздің су саласын дамыту үшін бірнеше ұсынысым бар. Біріншіден, жақын арада Парламент Мәжілісіне жаңа Су кодексін енгізу керек. Мендегі ақпарат бойынша бұл Су кодексі министрлікте әзірленіп жатыр. Бұл құжатты біздің қарауымызға тез арада енгізу маңызды. Ең бастысы, кодекс су ресурстарын сақтауға және оларды тиімді пайдалануға бағытталуға тиіс.
Елді мекендерде сумен жабдықтау, су бұру жүйелерін пайдалану, жобалау, салу және реконструкциялау жөніндегі Бірыңғай оператор құру керек. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру аясында бюджет шығыстарын жоспарлау кезінде қаражатты сумен қамтамасыз ету көрсеткіштері республикалық деңгейден төмен өңірлерге бөлген жөн», деді Е.Қошанов.
Отырыста су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ресурстарын пайдалану, қабылданып жатқан шаралар мен Қазақстанның су саласын дамыту перспективалары, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша өзекті мәселелер талқыланды.
Парламенттік тыңдауда Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов су ресурстарын дамытудың келешегі туралы баяндама жасап, жаңа Су кодексінде қандай негізгі бағыттар редакцияға ұшырайтынын айтты.
«Қазақстан Үкіметінің алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі – су саласының жай-күйі мен даму перспективалары. Бүгінде су ресурстары экономикалық дамудың, әлеуметтік әл-ауқаттың және әлемдегі тұрақтылықты қолдаудың негізгі факторына айналды. Су тапшылығының өсуі, климаттық өзгерістер, шаруашылық қызметтің қарқындауы елдегі әлеуметтік-экономикалық проблемалар мен шиеленістерге себеп болуы мүмкін екені өздеріңізге белгілі.
Су шаруашылығы саласындағы проблемаларды шешу бірқатар гидрологиялық тәуекелдің болуымен күрделеніп отыр. Оларды іске асыру бүкіл ел ауқымындағы қауіпсіздікке қатер төндіруі әбден мүмкін. Біріншіден, климаттың өзгеруі. Болжамдық бағалаулар бойынша 2035 жылға қарай жер бетіндегі ауа температурасының ұзақ көтерілуі күтілуде. Екіншіден, трансшекаралық ағын су көлемінің болашақта қысқаруы Қазақстан экономикасының дамуына және экожүйелерінің жай-күйіне қолайсыз әсер етері айтпаса да түсінікті. Үшіншіден, су ресурстарын тиімсіз пайдалану. Жыл сайын ауыл шаруашылығында су өнімділігінің төмендеуі өздеріңізге белгілі», деді Е.Тоғжанов.
Осы орайда Премьер-Министрдің орынбасары мұндай тәуекелдерді барынша азайтудың басты факторларын атап өтті. Мәселен, «жасыл» технологиялар және ресурстарды тиімді басқаруды енгізу қажет. Соның ішінде қолда бар инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа инфрақұрылымды дамыту, қоршаған ортаға әсер ету дәрежесін қысқарту арқылы тиімді шараларды қолдану кезек күттірмейтін мәселе.
«Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында су үнемдеуді қолға алуды, сондай-ақ қалалар мен ауылдарды таза ауыз сумен толықтай қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Бұл міндеттер басымдық ретінде белгіленді. Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына сәйкес су шаруашылығын дамытуды жақсарту, ирригациялық, су тарту құрылыстары мен дренаждық жүйелерді қалпына келтіру, жаңа су шаруашылығы объектілерін салу, топтық су құбырларын реконструкциялау және суды үнемдеу бойынша шаралар қабылдау қажет. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында жаңа су қоймаларын салу, каналдар мен гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау көзделген. Сондай-ақ суару каналдарының жұмысын цифрлы басқаруды енгізу бойынша жұмыстар жүргізіледі», деді Е.Тоғжанов.
Баяндамашы агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ұлттық жобасында мемлекеттік қолдау есебінен су үнемдеу технологиялары қолданылатын суармалы жерлердің аумағын 450 мың гектарға дейін ұлғайту көзделгеніне назар аударды. Суды үнемдейтін суару технологияларын қолдану суды үнемдеуге ғана емес, сонымен қатар жоғары өнім алуға мүмкіндік беретіні белгілі. Е.Тоғжановтың келтірген деректеріне сүйенсек, «Ауыз су», «Ақ бұлақ», «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» және «Нұрлы жер» мемлекеттік және салалық бағдарламаларын іске асыру нәтижесінде халықтың 96 пайызы сумен жабдықтау қызметімен қамтылған.
«Ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау желілерін салу мен реконструкциялауды жалғастыру «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасында көзделген. Нәтижесінде, тұрғындар 2025 жылға қарай сумен жабдықтау қызметтерімен 100 пайыз қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ Қазақстанның 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында жеке тұлғалардың, аграршылар және кәсіпорындардың суды тиімді пайдалануына түрткі болатын жүйелі нормаларды енгізу мақсатында су заңнамасын өзектендіру, кәсіпорындар мен тұрғын үй-коммуналдық саласында суды пайдалану мен тазартудың тұйық циклын ынталандыру қажеттігі атап өтілді», деді Е.Тоғжанов.
Сонымен қатар отырыс барысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов және Мәжіліс депутаты, тыңдауды дайындау жөніндегі арнаулы уақытша комиссияның жетекшісі Еділ Жаңбыршин сөз сөйледі.
«Парламенттік тыңдауларға дайындық кезінде, біз, өңірлердің және экономика секторларының болашақта даму тенденциясы ескерілген, кешенді ғылыми-зерттеулердің негізінде жасақталған, су ресурстарына қатысты стратегиялық жоспарды көре алмадық. Болашақта су қорымыздың потенциалы қалай өзгереді және суға деген сұраныстың деңгейі қандай болмақ? Жүйелі түрде талданған болжамдар бар ма? Алдағы он жылдықта елімізді сумен қамтамасыз ету қалай іске аспақ? Сұрақ көп», деді Е.Жаңбыршин.
Депутат су Тұжырымдамасының горизонтын 2025 жылға дейін емес, 2030 жылға дейін ұзартуды ұсынды. Бұл құжатты дайындауға және талқылауға арнайы ғылыми-зерттеу институттары мен мамандарды кеңінен тартуға шақырды.
«Су саласының бағыттарын басқару мен реттеу үш министрлікке бөлініп берілген, тіпті трансшекаралық су ресурстарымен Сыртқы істер министрлігі де айналысып кетеді. Бақташы көп, нәтиже мардымсыз. Көрші мемлекеттерді алып қарасақ, оларда су шаруашылығымен тиісті министрлік немесе агенттік айналысып отыр. Бұл мәселенің актуалды екенін Мәжіліс төрағасы Ерлан Жақанұлы атап өтті. Сондықтан су саласына жауапты және Қазақстан Республикасы атынан халықаралық деңгейде келіссөздер жүргізетін тиісті министрлік құрудың уақыты келген сияқты», деді Е.Жаңбыршин.
Депутат баяндамасында жерасты су қорларына назар аударды. Мемлекеттік баланста 4 324 су кен орындары бар. Халық тұтынып отырған ауыз судың 48%-ы осы ресурстарға тиесілі. Алайда қоры анықталған жерасты сулары елімізде біркелкі орналаспаған және олардың локациясы су тапшы өңірлерден қашық жерде. Ауыз су қоры мол кен орындарының айналасында, әртүрлі қазба байлықтың игерілуіне байланысты, жерасты сулары зиянды заттармен ластанады.
«Жерасты су қорларын тиімсіз пайдаланудың көрінісі – өз бетімен ағып жатқан су ұңғылары. Қазіргі таңда жойылу мен консервациялауға жататын Қазақстанда 2 256 гидрогеологиялық ұңғы бар, оның ішінде Түркістан облысында – 411, Солтүстік Қазақстан облысында – 361, Маңғыстау облысында – 299, Ақтөбе облысында 278. Су ресурстарын үнемдеу үшін бұл ұңғыларды инвентаризация жасап, жою, консервация және крандық режімге қоюды іске асыру керек. Алайда 2017 жылдан бері жергілікті атқарушы органдардың ұңғыларды жою үшін берген бюджеттік өтініштері, Қаржы министрлігі тарапынан толық қолдау көрмей келе жатыр», деген депутат су дипломатиясына қатысты мәселе көтерді. Көрші мемлекеттермен трансшекаралық өзендерге байланысты ондаған келісім-шарттар жасақталғанын, бірақ көңілден шығатындай нәтиже жоқ екеніне назар аударды.
Одан әрі Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пен Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасады. Парламенттік тыңдау барысында БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия бойынша арнаулы өкілі Наталья Герман бейнежолдама форматында қатысты.
Сондай-ақ отырыста Сенат депутаттары Ақылбек Күрішбаев пен Дүйсенғазы Мусин, «География және су қауіпсіздігі институты» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Ахметқал Медеу, Мәжіліс депутаттары Айжан Сқақова мен Екатерина Смышляева, Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы дирекциясының басшысы Болат Бекнияз, Rubicon Water Australia консультанты Энтони Оукск, «Адалдық алаңы» республикалық жәрдемдесу орталығы» басқарма төрағасы Болат Қасымов сөз сөйлеп, су мәселесі саласындағы өзекті проблемаларды талқылады.
Жалпы айтқанда, отырыста Қазақстанның су саласын жетілдіру үшін Парламент, Үкімет, азаматтық қоғам, ғалымдар мен сарапшылар қоғамдастығы, кәсіпкерлер нақты ұсыныстар берді.