• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 22 Маусым, 2022

Жазушы сурет салғанда...

604 рет
көрсетілді

Жақсы шығарма, әдемі картина, әуезді ән, сұлу мүсін – бәрі-бәрі шын таланттан туады. Біз мұны өнер дейміз. Кейде шығармашыл жандардың өз өнерінен бөлек тағы бір талантты қыры танылып жатады. Мүсінші балшық илеп отырып, ән салуы мүмкін. Композитор ыңылдап отырып, сурет салуы мүмкін. Яки суретшілер де жақсы жаза алады. Әлқисса.

Жалпы, жазушы қауымға сурет­шілік тым алыс өнер емес. Екеуіне де көркемдік ортақ. Бірі өрнекті сөзбен, бірі мың бояумен көркемдейді. Әрине, ең бас­ты негіз – ой. Суретшілер сөзге сараң болғанымен, жазушыларда суретшілік көзқарас – әсемдікті көру, байқау ғадеттері бар. Сонда бояуы жоғы болмаса, жазушы да суретші ғой дейсің.

Ақын-жазушылардың сурет­шілігі жайлы сөз қозғағанда, ең алдымен, Пушкин мен Лермонтов еске түседі. Қазақ ақыны «Поэт кра­сивый должен быть, как бог. Кто видел бога? Тот, кто видел Пушкина» (Олжас Сүлейменов) деп жырлаған Пушкин қылқа­ламынан жүздеген портреттер, пейзаждық эскиздер, құстар мен жылқылардың суреттері, шығар­маларына арналған иллюстрация­лар туды. Кейде ол бір картинада өмірде бар кейіпкерлер мен қиялдан туған персонаждарды қоса бейнелеген. Мәселен, өзі мен Евгений Онегинді. Бүгінде бұл еңбектер ақынның мемориалдық музейлерінде сақталып тұр.

Ал Лермонтов сурет салуға бала кезінен қызығыпты. Кейін Кавказға жер аударылғанда сурет­шілік таланты тіпті айқын көріне бастайды. Мұнда Лермонтов көбі­несе әскер өмірінен карикатуралар салады, портреттер мен пейзаждар жазады.

Кавказға алғашқы сапарының өзінде-ақ ақын көрген көрікті жер­лерін қағазға түсіріп үлгер­ген. 1837 жылы замандасы С.Раев­скийге жазған хатында осы сапар­дан Петербургке жақсы бір топ­тама ала келгенін жазады. Лер­монтовты тіпті кәсіби сурет­шілер де көшірген. Мәселен, ақын­ның суреттері бо­йын­ша бір­неше ак­варельді суретші князь Г.Га­гарин жасады.

Бүгінгі күнге Лермонтов кар­ти­наларының аз ғана бөлігі жетті. 13 майлы бояу, 44 акварель мен 400-ге жуық сурет. Бұл ең­бектер Пушкин үйінде, Мемле­кеттік әдеби мұражайда және Мәскеу, Тархан, Пятигорск қа­лала­рын­дағы Лермонтов ме­мо­риалдық мұ­ражайларында сақталған.

Ал Шевченконың өміріне суретшілік қабілеті көп көмектесті. Ең алдымен, шаруа отбасында дүниеге келген ол осы өнерінің ар­қасында крепостнойлықтан құ­тылды. Кейін сурет салудан са­бақ та берді. Саяси қуғында жүр­генде Шевченко геологиялық экспедициялар құрамында суретші болды. Сөйтіп, Арал мен Каспий теңіздерін аралады. Одан бөлек Тарас Григорьевич станоктық кес­кіндеме, графика, монументалды және сәндік кескіндеме, мүсін салаларында жұмыс істеді. Жазушы өмірінің соңына қарай гравюра академигі атағын алды.

Поэзия мен сурет. Бұл Мая­ковский бастаған револю­циялық плакат өнері. Бала кезінен суретке икемі болған ақынның отба­сында бәрі дерлік – әкесі де, анасы да, әпкелері де сурет сал­ған. Ал студенттік жылдар­да ол танымал плакаттар мен ашық хат­тардың сериясын жасауға қаты­сады. Маяковскийдің Кази­мир Малевичпен бірлесіп жа­са­ған жұмыстары ерекше та­быс­­қа жетті. Осыдан соң ақын қо­ғамдық-саяси ойларға құрылған сатиралық плакат жасаумен айналысты. Оған қоса Маяковский көптеген кітабын футуристік суреттерімен өзі көркемдеген.

Ал Гюго суретшілігінен мың­­нан аса картина қалыпты. Оның көбі, негізінен өз шығар­ма­ларына иллюстрациялар. Гюго тек бояумен, қарындашпен ғана емес, қара кофемен де сурет сал­ған. Тіпті кей шығармаларында өз қанын қолданған деседі. Бәлки, аңыз, бәлки, ақиқат.

Антуан де Сент-Экзюперидің жазушылығынан басқа да кәсібі баршылық. Ол – кәсіби ұшқыш, журналист, өнертапқыш, карта си­қыршысы һәм суретші. Жазушының әлемге әйдік ерте­гісі – «Кішкентай ханзада» да автордың әдемі иллюстрацияларымен танымал. Экзюпери қолжазбаны сызбаларымен бірге баспаға тапсырғанда, мәтін мен суреттердің тұтас бір шығармадай екені анық көрінген.

Қазақ қаламгерлері арасында көркем сөзімен бірге суретті де жақсы салатындарды білеміз. Мәселен, жазушы, композитор Ілия Жақановтың суретшілігі әмбеге аян. Қазіргі таңда да қыл­қаламын қолынан тастаған жоқ деп естиміз. Бәлки, адамның суретшілік дарынына туған жерінің табиғаты да әсер ететін болар. «Алтайдың кербұғысы» атанған Оралхан Бөкей де бос уақытында сурет салатын деседі. Сондай-ақ Оралхан Бөкейдің досы, аудармашы Анатолий Кимнің суретшілік өнері бар. Жеке альбомы да шыққан. Дәл осы Алтайдың бауырында өмірге келген жазушы Әлібек Асқар жазушылықтан бұрын суретші болуды армандапты. Көркемсурет училищесін кітап безендіру мамандығы бойынша суретші-график болып бітірген ол өз кітаптарын өзі безендіреді.